Ақтөбеде  сайлаудың әділ өтуін талап етіп митингке шыққандардың бірде біреуі қамалған жоқ. Бұл туралы өңірдегі «Жас АЛАШ» тілшісіне облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ақтөбелік полицейлер наразылық білдіргендерді сырттай бақылап тұрды. Тұңғыш президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ атындағы саябаққа жиналғандардың ешқайсысы қамалған жоқ, әкімшілік жауапкершілікке де тартылмады», — деді Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат САРҚҰЛОВ.

Бірінші мамыр күнгі митингіде жиналғандар 9 маусымда өтетін президент сайлауы мен елдегі әлеуметтік жағдай жайлы өз ойларын ортаға салып, сайлаудың әділ өтуін талап етті. Сондай-ақ, «Нұр-Сұлтан менің қалам емес!», «Тоқаев менің президентім емес!» деген еді.

Ішкі істер министрлігінің таратқан ақпаратынша Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе, Шымкент, Қостанай қалаларында өткен митингіден кейін 80 адам ұсталған. Алайда, Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ басқаратын ведомства нақты қай қалаларда қанша адам адам ұсталғаны туралы ақпарат таратпады.

Әзірге митингілерден кейін қанша адамның әкімшілік жауапкершілікке тартылағаны туралы ресми ақпарат жоқ. Азаттық радиосының жазуынша Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында 9 адам жауапқа тартылған. Олардың бесеуі 5-10 тәулікке қамалса, қалғандарына айып төлеу міндеттелген.  

Фото: azattyq.org

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.