Осы күндері жұртпен тікелей байланыстамын. Көптеген сұрақтар түсіп жатыр. Соның бірі – 1-мамырда өткен шерулерге қатысты.Соған қатысты айтарым мынау.

Сөзсіз, Конституцияға сай Қазақстанның азаматтары бейбіт жиналыстар, шерулер мен митингілерге шыға алады! Азаматтардың осы құқын жоққа шығарып жатқан ағымдағы заңдарды міндетті түрде Конституцияға сәйкестендіріп, шынайы демократиялық ахуал қалыптастыру қажет!

Сонымен бірге, 1-мамырда өткен шерулердең үш 
ерекшелігі бар.

Бірі – ешбір үндеусіз-ақ, өз еркі-қалауымен халықтың көше мен алаңдарға шығып, мереке күні тойлауы шетелде жүрген Мұқтар Әблязовтің арнайы шақыруымен ұштасуы (оның аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығап, мені қаралап жатқанына бөлек жауап беремін!). Өткен жолы ол мырза саяси ұрандарды аутизмге шалдыққан балаларды қолдау күніне орайластырып, бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын екі шаруаны араластырып жібергенін айтып едім.

Екінші жайт Қазақстанда наразы күштердің эволюциясында жатыр. Жаңа күштер, жаңа идеялар, жаңа тұлғалардың уақыты келді! Олар саяси өмірдің алаңына шығып жатыр. Оларға үйреншікті оппозициялық ұйымдар мен форматтар тарлық әрі аздық етеді. Олар да өзінің белсендік таныту мүмкіндіктерін іздестіріп жатыр.

Осы күндері маған 1-мамырда тұтқындалған 80 адамның бірнешеуі хабарласты. Сонда айтқандары екі нәрсе.

Бірі: «Аға! Біз Әблязовтың айтуымен шыққан жоқпыз! Біз өз қалауымызбен шықтық!».

Екіншілері: «Әблязов шақырды, келдік. Өзі немесе оның адамдары қайда?».

Үшінші жайттың астары тіпті терең. Сол жігіттердің маған айтуынша, өз мәселелерін бейбіт түрде танытқысы келген көпшіліктің ішінде жағдайды мейлінше ушықтырғысы келіп-ақ тұрған, ұр да жық мінез танытып, көпе-көрінеу ұрынып бірді-екілі адамдар да болыпты.

Алда сайлау. Оған мен кандидат ретінде тіркелемін бе, тіркелмеймін бе, білмеймін.

Бірақ, осы жылдар бойына айтып келе жатқан позициямды айтып қалайын!

2011 жылы да Жаңаөзендегі мұнайшылардың бейбіт ереуілі белгілі бір күштердің араласуымен тұрды. Бізге теледидардан көрсеткен бұзақылықтарды жүзеге асырған мұнайшылар емес, мүлдем басқа адамдар!

Ертеңгі күні осындай шерулер орын алып жатса, дәл осындай құйтырқылықтар қайталанбай ма?! Нәтижесінде бас жарылып, қан төгілмей ме?! Өз құқын қорғап, алаңға шыққан азаматтарды басқа біреулер қасақана арандатып, бейбіт шараға шыққан ағайын «экстремист» боп шыға келмей ме?!

Мәселен, күні кеше жас қыздардың қолын бұрап, тұтқындап жатқан полицейлердің масқара фотоларын өз көзімізбен көрдік қой!

Осы жағдайда билік, құқық қорғау органдары кімнің кім екені айыра ала ма, әлде барша жұртты бүлікшіл ете сала ма?!

Демократиялық күштер қатарында жүріп біз де талай митингілер ұйымдастырдық. Сол кезде сол шараға өз жауапкершілігіміз айқын сезінетінбіз. Соның ішінде — митинг өткізу кезіндегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететінбіз. ол үшін арнайы топтар жасақтайтынбыз.

Меніңше, осынау қоғамдық-құқықтық тығырықтан шығудың екі ғана жолы бар.

Бірі – митингілер туралы заңнаманы демократияландыру.

Екіншісі – саяси арандатулардың алдын алу, бейбіт митингілердің мәні мен мақсатын бұрмалауға жол бермеу.

Әзірше осы.

Дереккөз және фото: facebook.com

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.