Оралдық тұрғын Аслан САГУТДИНОВТЫ жазысыз плакат ұстап шыққаны үшін полиция ұстап әкетті. 24 жастағы белсенді бұл әрекетімен Қазақстанда ешқандай демократияның жоқ екенін, азаматтардың құқығы шектеулі екенін дәлелдегісі келген. Бұл туралы «Жас Алаш» uralskweek.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Орал қалалық әкімдігінің алдындағы Абай алаңында қолына ешқандай лозунгсыз, ешқандай жазусыз плакат ұстап тұрған жас жігіт өзінің осы әрекетінен кейін өзін полиция қызметкерлерінің ұстап әкететініне сенімді болған.

Желі арқылы таралған видеода:

— Мен ешқандай пикетке қатыспаған, қарапайым азамат екенімді көрсеткім келеді, бірақ, қолымдағы плакатта ешқандай жазу болмаса да, мен ештеңе деп ұрандамасам да бәрі бір, мені полиция бөлімшесіне алып кетеді. Аты-жөнім Аслан Сагутдинов, мен байырғыдан бері еркін болған Қазақстан халқының бүгін де еркін болып қала бергенін қалаймын, — дейді Аслан.

Оралда алаңға жазусыз плакат алып шыққан белсенді ұсталды

Дегендей-ақ, 5 минут өтпей жазусыз, бос плакат ұстап тұрған Асланның қасына полиция қызметкерлері мен қалалық әкімдік ішкі саясат басқармасының жетекшісі Ербол КӨШЕКОВ келді. Көшеков салған жерден белсендіні ешкім ұстамайтынын айтқанмен, бірнеше минуттан соң Сагутдиновтың қасына жол-патрульдік полициясы өкілдері келіп, полиция көлігіне күштеп отырғызды.

Видеода Асланның «мен жай ғана тұрмын, мен қарапайым адаммын, плакатта ешқандай лозунг жазылмаған, сонда мені не үшін ұстайсыздар?» деген сұрағына полиция қызметкерлері «жүріңіз, оны анықтаймыз», деп, көлікке қарай сүйрей бастайды. Сонымен қатар, «одиночный пикет запрешено» деген сөздері естіледі.

Одан кейін белсендіні Абай аудандық полиция бөліміне жеткізген.

Фото: uralskweek.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.