Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа ескерту берілді.

Ақтөбе облысына үш ай бұрын әкім болып тағайындалған Оңдасын ОРАЗАЛИН Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ кадрларын қызметтен кетіріп жатыр. Көштің басын автокөлік жолдарының сапасына жауапты шенеуніктер бастады. Олар жолды жөндеу, пайдалану және абаттандыру жұмыстарын дұрыс жасамаған.

Сонымен, Ақтөбеде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай ОСМАНҒАЛИЕВ жұмыстан босатылды. Бұдан басқа, құрылыс саласына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары Серік ТӨЛЕНБЕРГЕНОВ пен қала әкімінің орынбасары Ыбрайым КӨЗБАЕВ та қызметтерінен кетті. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин бүгін мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртіпке қатысты сұрақтар бойынша өткен жиынында жеткізді.

Сондай-ақ, өңір басшысының нұсқауымен облыс әкімінің әлеуметтік салаға жетекішілік ететін орынбасары Марат ТОҒЖАНОВҚА, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс ИСПАНОВҚА, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының башысы Қайрат ОТАРОВҚА ескерту берілді. Олар көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау жұмыстарын тиісті дәрежеде атқара алмаған.

Шенеуніктердің қызметтен босатылуы мен жазаға тартылуына Facebook пен Instagram-да жазылған халықтың пікірі себеп болыпты.  Қала тұрғындары өңірдегі жол жағдайы мен Ақтөбе қаласындағы «Жұмыспен қамту орталығындағы» ұзын-сонар кезек пен себепсіз сергелдеңге қатысты арыз-шағымды көп жазған.

«Облыс әкімдігіндегі жұмысыма үш ай болды. Осы уақытқа дейін тәртіптік жаза шараларын қолданғым келмеді. Ауызша ғана ескертіп келдім. Бірақ, өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың кейбір басшылары ескертуге атүсті қарап, оларды болдырмауға тырыспады. Халық үшін жұмыс істемегендер, мемлекеттік органдарға жүктелген міндеттерді дұрыс атқармағандар жазаланатын болады, тіпті жұмыстан босатылады да», — деді Оңдасын Оразалин.

Бұдан өзге, облыс әкімінің спорт, мәдениет, мемлекеттік сатып алу, денсаулық сақтау және білім басқармаларының жұмыстарына көңілі толмайтын болып шықты. Сондай-ақ, өңір басшысы Мәртөк ауданының әкімі Жандос БАЙЫРХАНОВТЫҢ басқа жұмыс орнына ауысуына байланысты өз еркімен жұмыстан кеткенін жеткізді.

Жиын барысында өңір басшысы Оңдасын Оразалин студенттер жатақханасын салу үшін инвесторларды белсенді түрде іздеу, абаттандыру жұмыстарын күшейту, көшелерді жарықтандыру, Ақтөбе қаласының көшелері мен аулаларын санитарлық тазалықтан өткізу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

«Барлық мемлекеттік органдардың басшыларына ескертерім: егер кімде-кім менің атымнан белгіленген заң мен ережелерге қайшы келетін қызметтерді көрсетуге келетін болса, ең алдымен бұл туралы маған хабарлаңыз. Менің атымнан келгендер кім болса да өзіме хабарлаңыз. Осындай өтінішті орындағандар сол үшін жауап беретін болады», — деді.

Коллаж: zhasalash.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.