Ақтөбедегі «Оңтүстік-батыс» және жаңадан салынып шатқан «Батыс-2» шағын ауданындағы ескі қоқыс полигоны жұмыссыздардың жұмыс орнына айналған.

Бір айдан бері ақтөбеліктер қоршаусыз жатқан ескі полигоннан түрлі-түсті темір іздеп, жерге көмілген қоқысты қазып жатыр. Күн сайын ол жаққа ондаған адам барады. Жұмыстың жоқтығынан осылай отбасын асырап жүрміз дейді. Таңнан кешке дейін қолмен қазып алған темір-терсектерінен екі-үш мың теңге пайда көреді екен. Алайда онколог мамандар жердің астына көмілген қоқыс қайта қазылмау керек деп дабыл қағып отыр. Айтуларынша, сол арқылы ауаға улы зат тарап, обыр ауруын күшейтіп жіберуі мүмкін.

Өңірдегі«Жас АЛАШ» тілшісі ақтөбеліктердің жаңа жұмыс орнына барып, ондағылармен сөйлескен еді.

«Күні бойы тапқан темірлерді тапсырамыз. Ақша қыламыз. Таңертеңнен кешке дейін екі-үш мың теңге табамыз. Мусор ғой, көріп тұрсыз. Мынаның ішінде не болады деп ойлайсыз? Алтын шықпайды, күміс шықпайды. Мұнай шығатын еді, оны да қытайлар алып жатыр. Қазақтар дым ала алмайды, мусордан басқа», —  дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Айдос СӘРСЕНБАЕВ.

Эколог мамандар қазір ескі қоқыс полигонынан ауаға тарайтын зиянды зат жоқ деп отыр. Айтуларына қарағанда, улы заттар баяғыда ақ көміліп, жойылған. Ал, онколог дәрігерлер экологтардың бұл пікірімен мүлдем келіспейді.

«Ауруға себептердің бірі экологиялық фактор. Сол экологиялық фактордың бірі осы ауаның ластануы болып табылады. Жердің астына көмілген зат ашылған кезде ол ыдырауы болатын улы, уытты заттар, жартылай ыдыраған өнімдердің бәрі жердің бетіне шығып, ауа ластанады. Соның салдарынан адамның организміне түседі. Обыр ауруын қоздыруы да мүмкін», — деді онколог дәрігер Әріп КӨБЕКОВ «Жас АЛАШ» тілшісіне.

Онколог дәрігерлер қоршаусыз тұрған ескі полигонды құзырлы мекеме мен экологтар бақылауға алып, ең болмаса белгі қою керек деп санайды. Ал, Ақтөбе қалалық қала құрылысы мониторингі мекемесі қоқыс көмілген полигон мемлекеттің меншігіндегі жер деп отыр. Сондықтан, олардан темір қазып алуға ешкім рұқсат алмаған. Ал заң бұзушылық фактілер бойынша жергілікті полиция айналысатын болады дейді.

Фото автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.