Атырау қаласындағы Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар бүгін қаладағы «Христиан зираты» аталатын жердегі Ұлы Отан соғысына қатысқандарға және 1921 жылы Гурьев қаласында Кеңес үкіметінің орнату жолында күресіп қаза тапқандарға арналған ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. 1941-1945 жылы қанды майданда қаза тапқандар қандай құрметке де лайық, алайда, бұл мейрамға большевиктердің қандай қатысы бар еді? Шараға жауапты қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөліміне сауалымызды қойғанмен, қалай жүгірсек те, жауабын ала алмадық.

Атырау соғыс ардагерлеріне большевиктерді қосып жіберді

Мәселенің мән-жайын түсіну үшін «Жас Алаштың» аймақтағы тілшісі Атырау облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясына жүгінді.

— Христиан зиратында, негізінен, бір кездері Кеңес өкіметін орнату жолында қаза тапқандар жерленгені рас. Ал Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың мәйіті 2005 жылы сол жерге көшіріліп, қайта жерленген. Сөйтіп, арнайы обелиск орнатылып, ол тарихи-мәдени мұралар қатарына енді. Өздеріңіз білесіздер, соғыс кезінде Атырауда (ол кезде Гурьев. — вт.) эвакуациялық госпитальдар жұмыс істеген, қан майданда оқ тиіп, жарақат алғандар пойызбен соларға жеткізіліп отырған, — дейді мекеме басшысы Мұхамбетқали КИПИЕВ.

— Облыстың қорғауға алынған тарихи-мәдени ескерткішінде 1921 жылы қаза тапқан большевиктер зираты жоқ екен, олай болса, оны неге көрсетіп отырмыз?

— Ол бар, алдын ала есепке алу тізімі деген бөлек құжатта көрсетілген.

«Жас Алаш» тілшісі ұзақ жылдар бойы Ұлы Отан соғысы тақырыбын зерттеп, қаза тапқандарды іздестіріп, түгендеумен айналысатын өлкетанушы В.К.Афанасьевпен де сөйлескен едік.

Атырау соғыс ардагерлеріне большевиктерді қосып жіберді

— Шынымды айтайын, биылғы шаралар жүйесіз дайындалған екен. Не болып, не қоятынын маған да соңғы мезеттерде ғана хабарлап отыр. Сондықтан, христиан зиратына мен бүгін емес, кеше барып, Ұлы Отан соғысының құрбандарына тағзым етіп кеттім. Ал олардың қатарына Совет өкіметін құрғандарды неге қосып қойғанын мен де түсіне алмадым. Олардың Жеңіс мейрамына еш қатысы жоқ, тіпті, сөзді, сұрақты көбейтіп, шаралардың қатарына қосудың да қажеті жоқ еді, — дейді Вячеслав АФАНАСЬЕВ.

Атырау соғыс ардагерлеріне большевиктерді қосып жіберді

Аймақта бұдан басқа жасалып жатқан шаралар аз емес. Мереке күндері құқық қорғау органдарының бірқатар қызметкері марапатталып, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған мемориалды ескерткіш тақтасы ашылды. Мемориалды тақтаға қызмет бабында көз жұмған милиция майоры Асқар Бисекеновтің, жол полициясы басқармасының қатардағы қызметкері Нұрберген Өтемісов пен патрульді полиция сержанты Шалxар Ақымғалиевтың есімдері жазылып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан сержант Шалxар Ақымғалиевқа 3 дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Орденді полиция қызметкерінің  анасына облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ табыстады. Бұл іс-шаралар әрі қарай жалғасын тауып, барлық ардагерлер ұлықталып жатыр. Тек ұйымдастырушылардың тарихқа жете үңілмеуінен туған олқылықтың соның бәріне көлеңкесін түсіріп, жуып-шаюға шақ қалғаны өкінішті.

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.