Семейде өткен  «Батырларға тағзым» шеруінде  жанжал шыға жаздады.

Семей қаласы әкімдігінің алдындағы орталық алаңға қала тұрғындары таңертеңгіліктен тұс-тұстан ағыла бастады. Басым көпшілігінің қолында бір-бір майдангердің суреттері мен аты-жөні жазылған тақтайшалар. Жеңіс күнінің басты символы ретінде сары және қара жолақты ресейлік әулие Георгий лентасын тағып жүргендер де баршылық, солармен қатар тәуелсіз еліміздің көк туы түстес лента таққандар да көзге шалынды. Тіпті, екеуін қатарынан тағып, тарихи танымы «тереңірек» екенін көрсеткендерге де көзім түсті. Жетектеген ұлының костюміне осындай қос лентаны жапсырған әйел адамды сөзге тартуға тура келді.

«Георги лентасын да тағуымыз керек деп ойлаймын. Себебі, бұл кешегі майдангер аталарымыздың кезінен келе жатқан белгі. Жеңіс символы. Біз де бала кезімізден осы лентаны көріп өстік. Ал, тәуелсіз еліміздің көк түсті лентасы әрине, патриоттық сезімді ояту үшін ол да керек. Екеуінің қатар тұрғанында ештеңе жоқ», — дейді өзін Әсем СӘРСЕМБЕКОВА деп таныстырған азамат.

Жеңіс күні: Казактар қызыл ту көтеріп шықты

Алаңды аралап жүргенде әскери формада киінген казактар шоғырына да көзім түсті. Өздері ғана емес, балаларына да «жауынгерлік киім» кигізген казактардың әрекеті көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрса да қалалық әкімдіктің шенеуніктері көрмеген сыңай танытты. Бұл шындығында қала әкімінің жаңадан тағайындалған идеология жөніндегі орынбасары Айдар САДЫРБАЕВ пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан ЕСЕНЖОЛОВТАРДЫҢ  маңызды тарихи шараға жүрдім-бардым қарауының нәтижесі екені көрініп тұрды. Қандай мерекелік шара болса да ел тәуелсіздігін мойындағысы келмейтін пиғылы аңғарылып тұратын казактарға келгенде қала басшылығы күмілжіп қалатыны рас. Жай күндері алаңға шығып ойындағысын айтқысы келген жан көрсе абақтыға айдай жөнелетін погондылардың да казактар алдында дәрменсіз екені көрініп тұр. Жай уақытта «ұлтаралық татулықты» өзге ұлт өкілінің емес, жергілікті қазақтардың санасына құюға әзір тұратын әкімдіктің казактардың кеңестік қызыл ту ұстап шыққанын көре тұра селт етпегені таңқалдырды.

Жеңіс күні: Казактар қызыл ту көтеріп шықты

Қызықтың көкесі басты шара — «Батырларға тағзым» шеруіне жиналғандар сап түзейтін кезде басталды. Қалалық «ТВК-6» медиахолдингінің басшысы Омарбек БАЙУАҚОВ кәрі-жасы аралас қала тұрғындарының қолына Жеңіс мерекесін әспеттеген ұрансөздерді ұстатып алдыңғы қатарға шығаруға барын салды. Алайда, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Есенжолов келіп, БАҚ басшысын сабырға шақырып, бұл қалалық әкімдік ұйымдастырып отырған «Батырларға тағзым» шарасы болғандықтан, бірінші қатарға әкімдіктің ұрансөзі шығуы тиістігін ескертті. Онсыз да бұған дейін «Мәңгілік полк» шарасын өткізу үшін жергілікті билікпен басы піспей жүрген О. Байуақов бұған келіскен жоқ. Келіспеуі де бекер емес еді. «Мәңгілік полк» деген осыған ұқсас шараны өткізуге осыдан екі жыл бұрын Омарбек Байуақовтың өзі бастамашы болып, жұрттың алдына түскені есімізде. Бірақ, биыл бұл шараны әкімдік тікелей өз қарамағына алып, «дайын асты» өз аттарына пайдалануға тырысып «Батырларға тағзым» деп еншілеп кеткенінің куәсі болдық.

Жеңіс күні: Казактар қызыл ту көтеріп шықты

Сонымен, бұл жобаның негізгі авторы «Твк-6» телекомпаниясы екені тайға таңба басқандай көрсетілген ұрансөз ұстап тұрғандардың жанына полиция өкілдері барып, кері шегіндіріп, алдыға әкімдік өкілдері ұстайтын ұрансөзді шығаруға тырысқандары сол еді, жайымен қызықтап тұрған медиахолдинг басшысы айғай салып тұра ұмтылды. Оған ұрансөз ұстап тұрғандар қосылып «Бұл халықтың бастамасы. Қарсысыңдар ма, әлде?» деп бір қария да қасарыса қалды. Кикілжің одан сайын ушығып кететін бе еді, кенеттен, топ алдына қала әкімі Ермак СӘЛІМОВ пен ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан БАЙАХМЕТОВ шыға келмегенде. Сәлімов құр қол емес екен. Қолына «Рафхат Салимов» деген майдангер туысының есімі жазылған тақтайшаны ұстай шығыпты.

Білдей қала әкімі қарсы алдына шыққан соң, биліктің пәрменін іштей сезінген О. Байуақов амалсыз жолын беруге мәжбүр болды. Дегенмен, жай кетпей қала әкімінің тап қасына барып, іштегі қыжылын білдіріп үлгерді де ошарылып тұрған топ Мұхамедханов көшесінен Жеңіс саябағын бетке алып жүріп кетті. Мұхамедханов көшесімен жаяу жүріп келе жатқан шенеуніктер бастаған лекті жанталаса суретке де, бейнекамераға түсіріп жатқандар қарасы бір толастаған жоқ. Ұялы телефондарына түсіріп жатқандардың көзқарасынан «Шіркін, әкімдер тек Жеңіс күні ғана емес, ара-тұра осылай жаяу шығып жұрт көзіне түсіп тұрса ғой» деген тәтті арман ұялаған ойды оқуға болатын еді.

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.