Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жусан» операциясына қатысты мәлімдеме жасады.

«Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і – жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция – Тұңғыш Президент  Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы болды. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар елімізге қайтарылған азаматтармен оңалту шараларын жүргізді. Оларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді» — делінген президент мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қақтығыс ошағынан қайтарылған балалардың мектепке, балабақшаға бара бастағанын айтып, атқарылған  жұмыстар нәтижелі деді.

«Биыл қаңтар айында елге оралған әйелдер бұрынғы радикалшыл өмірінен бас тартты, жұмысқа орналасты, туыстарымен қайта байланыс орнатты. Балалары мектепке, балабақшаға барды. Қақтығыс аймақтарына шыққан Қазақстан азаматтары мұндай ойсыз қадамға террористердің теріс, шын мәнінде, жалған үгіт-насихатының ықпалымен барды. Бүгінде олар жаңа өмір бастау үшін өз еркімен Қазақстанға оралуда. Олардың жасаған қателігі үшін балалары өзге елде қиналып, зардап шекпеуі тиіс. Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қол ұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайды. Гуманитарлық акция жалғаса береді. Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бей-жай қарамаймыз. Аталған гуманитарлық операцияға қатысқан Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және шетелдік серіктестерге алғыс білдіремін» — деді Қ.Тоқаев.

 Естеріңізге сала кетсек, қаңтардың басында Н. Назарбаевтың тапсырмасымен «Жусан» операциясы  Сириядан 47 Қазақстан азаматын елге қайтарған болатын.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.