Қарағандының іргесінде орналасқан Үштөбе ауылының тұрғындары көктем шығысымен ауыз су тапшылығына ұрынады.

Төрт жарым мыңдай тұрғыны бар Үштөбе ауылы Қарағанды қаласына он екі шақырымдай қашықтықта орналасқан.Үштөбеліктер 2011 жылдан бастап ауыз суға жарымай келе жатқанын жыр қылып айтуда. Өткен аптада үш күн бойы ауыз су болмай қалып ораза ұстаған жұрт «әжептәуір қиналып қалдық» деп наразы болуда. Бүгін шыдамдары әбден таусылған жұрт Үштөбе ауылының әкіміне барып, іште қордаланып қалған қынжылыстарын білдірді. Ауылдағы жұрттың айтуынша көктем шығысымен мұнда ауыз су берілмей тоқтап қалады. Су кейде күндіз немесе түнде бір сағатқа ғана беріледі.

Үштөбеліктер: Ауыз су бермесе сайлауға бармаймыз

«Әнеу күні су құбыры жарылды. Сонда жөндеп жатқан ешкімді көргеміз жоқ. Біз сабыр сақтап әне береді, міне береді деп үйде күтіп отырдық. Менің жеті балам бар, барлығы мектепке барады. Бүгін мектептен оларды жуындыру үшін түнімен тостық. Ақыр соңында жуындыра алмадық қой.Өзі ораза ұстап жүрміз. Ана жолдары тіпті таңғы жетіде су келгенде балаларды оятып шомылдырып алатынбыз. Өйткені таңғы жетіден сегізге дейін су береді бітті күні бойы су жоқ болады. Ораза ғой түнде сәресіне дейін ұйықтамай суды тосып жүріп құйып алдық. Енді осы адамшылыққа жата ма», —  дейді Үштөбе ауылының тұрғыны Дина БАКЕНОВА.

Үштөбе ауылына 2011 жылы мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасымен ауыз су тартылған.Тұрғындардың айтуынша құбырлар жаңа болсада авария көп болады. Ал осы ауылдағы жұртты ауыз сумен  2016 жылдан бері  «Промсервис» ЖШС қамтамасыз етіп келеді. Бұл фирма жарияланған тендер бойынша жеңіске жетіп, осы қызметті алған. Ал жалпы су желісі мемлекеттік коммуналдық меншікте көрінеді.

«Су желісін тартқан кезде әуел бастан  дұрыс қойылмаған. Техникалық жағын билік  қадағаламаған, қанша скважина салу керек, су құбырларын қаншасын қай жерлерге  тарту қажет, соның барлығын әуелгіде ешкім қадағаламаған. Әйтеуір атүсті су тарту керек деп жасала салған шаруа ғой», — дейді Үштөбе ауылының тұрғыны Амантай АКИМОВ.

Үштөбеліктер: Ауыз су бермесе сайлауға бармаймыз

Үштөбе ауылының әкімі Елтай САРГИЗОВ «тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге жауапты Промсервис ЖШС жұмысын сапасыз жасауын қоймаса, онымен арадағы келісімді сот арқылы бұзып, суды үздіксіз беруге жағдай жасаймыз» деп жұртты сабырға шақыруға тырысты. Ауылға жазда сағаттап берілетін судың өзі шеткі көшелерге қысым аз болғандықтан жетпей қалады екен.Бұл көшенің тұрғындары амалсыз ауыз суды қаладан тасып ішіп отыр. Ауыл әкімі жұрт суға есептеу құрылғысын орнатпай, жазда бау бақшасын суарады, осының салдарынан барлығына бірдей су жетпейді деген уәжін де білдірді. Биліктің әдеттегі уәдесінен жалыққан жұрт алдағы өтетін сайлауға қатыспай, «байкот» жариялаймыз деп отыр.

Үштөбеліктер: Ауыз су бермесе сайлауға бармаймыз

«Біз суға ақша төлеп отырмыз. Бірақ су жоқ. Айта-айта шаршадық. Жергілікті биліктен еш пайда жоқ. Егер ауыз суға жарымай осылай отыра берсек сайлауға бармаймын. Көршілерім де бармаймыз деп отыр. Біз осылай билікке талап қоямыз», — дейді Үштөбе ауылының тұрғыны Галина РОГОЗОВА.

Ауылды сумен қамтамасыз ететін Промсервис ЖШС су қысымын көтеру үшін насос қондырғысын ауылдағы әкімшілік орнатпай отыр, бұған қаражат қарастырылмайды дегенді айтады.

«Жазда Үштөбенің халқы ауыз суды бау-бақша көп құртады. Есептеу құрылғыларын орнатпайды. Шаруашылыққа олар өздері құдық қазып алу керек. Әкімшілік қосымша насос қоямыз, құдық қазамыз деген. Бірақ әлі ештеңе жасалмады.Су желісі әкімшілікке тиесілі», — дейді «Промсервис» компаниясының коммерциялық директоры міндетін атқарушы Алексей ЛИ.

Үштөбеліктер: Ауыз су бермесе сайлауға бармаймыз

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.