2019 жылдың 27 наурыз күні Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ барлық деңгейдегі әкімдерді әлеуметтік желіде белсенді болуға және халықпен тығыз жұмыс жасауға шақырған еді.

Алайда Ақтөбе қаласы әкімінің Инстаграммдағы белсенділігі сот процессіне ұласпақ. Мамыр айының басында облыс басшысы Ондасын ОРАЗАЛИН Серік ТӨЛЕНБЕРГЕНОВ, Ибрайым ҚОЗБАЕВ, Аязбай ОСМАНҒАЛИЕВ сынды әкім орынбасарлары мен департамент басшылығын қызметінен босатып, Ілияс Испановқа әлеуметтік саладағы жұмыстарындағы кем-кетік үшін ескерту берген еді. Бәлкім басшысынан естіген сөз көңіл күйіне әсер етті ме, әлде қала тұрғынының жеке парақшасына жазған сөзі сүйегінен өтті ме, әйтеуір құзырлы органға шағым түсірген.

Арын Башбаев әлеуметтік желіде жазған пікірі үшін 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы немесе 400 000 теңге көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. Өңірдегі «Жас АЛАШ» тілшісі әкімдікке хабарласқанымен ондағылар тұрғынның не сөз жазғанын айтпай отыр.

«Қазір бұл жағдайға қатысты ақпаратты біз ешкімге айта алмаймыз.  Ешқандай да пікір білдіре алмаймыз. Тұрғынның үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты тергеуді қалалық полиция бөлімі жүргізіп жатыр», —  деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.

Қазір тұрғын өзі балағаттаған әкімнен әлеуметтік желісі арқылы  кешірім сұрап та үлгерді.  Онда Арын Башбаев өзінің теріс әрекеті мен ойланбай жазған жазбалары үшін кешірім сұрап, мұндай қателікті енді қайталамайтынын айтты.

«Аршын Басбаевқа қатысты ҚР ҚК 378 бабы, 2-ші тармағы бойынша  билік өкілін қорлау яғни жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары мен  телекоммуникациялар желілерін пайдалана  отырып жасаған іс әрекеті үшін қылмыстық іс қозғалды»,-  деді Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспсөз қызметінің жетекшісі Ерболат САРҚҰЛОВ. 

Коллаж: zhasalash.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.