Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданына қарасты Степной кентіндегі тұрғындар ең қымбат суды тұтынып отыр. Тіршілік нәрінің бір текше метрі 264 теңге 33 тиын. Осыған наразы болған жұрт құны минералды судан да асып кеткенін айтып, талай шағымданған екен. Бірақ, бір нәтижесі болмай-ақ қойыпты.

Кенттегі Надежда КОНДРАШОВА кейуана ай сайын су үшін 5-6 мың теңгеге дейін төлейтінін айтып кейіп отыр. Зейнеткер зейнетақыдан зейнетақыға дейін, азын-аулақ ақшасын тиынына дейін санап күнелтеді. Алатын азық-түлік пен дәрі-дәрмегі бар. Өзге де шығындарына қосылған бұл қымбатшылық қажытып, қалтасын әбден қағып біткеніне налиды.

Суы қымбат, әкімі «невидимка» елдімекен

Надежда КОНДРАШОВА: — Ауылда тұрған соң, қолымызда аздаған малымыз бар. Ет пен сүтсіз өмір сүру қиын екенін білесіздер ғой. Қорадағы мал мен бау-бақша да сусыз өспейді. Өзіміздің тіршілігімізге судың қаншалықты қажет екені айтпаса да түсінікті. Міне түбіртекті қараңыз! Ал осы қымбат суымыздың сапасы жаман. Ішетін суды Өскеменнен тасып ішеміз. Кейде дүкеннен сатып аламыз. Бұл қосымша шығын.

Ауылдың өзге тұрғындары да бұл қымбат суды іше алмайтындарын айтты. Қымбатқа түсіп, қимағандықтан емес әрине. Жарамсыздығынан – дейді. Мәселелерін ауыл әкімінен бастап, құзырлы органдардың бәріне хат қылып жазып, талап-тілектерін жолдаған.

Суы қымбат, әкімі «невидимка» елдімекен

— Ауылымыздың әкімі мүлдем жоламайды. Халықтың қамын ойламайды. Судың бағасы 264 теңге. Осы қысып тұрған қымбатшылықты өзіміздің әкімге айттық та, жаздық та. Аудан әкіміне де жаздық. Облыстық прокуратураға да жаздық. Арызымыз міне. Қаншама адам қол қойды. Ешқандай шешім жоқ. Енді міне қайтерімізді білмей отырмыз – дейді, Степной кентінің тұрғыны Қабизолда ҚОҢЫРБАЕВ.

Осылайша, су бағасына сұрау салған жергілікті халық ауыл әкімі бір қарекет етсе игі еді – дейді. Өкінішке қарай, ол өтінішімізді орындап, мұңымызды тыңдайтын басшы болмай тұр деп өкінген, кент тұрғыны Асия АРАЦЕВА: — Мен алты рет жиналысқа бардым. Ешбірене әкім қатыспады. Қайда екенін сұрасақ  демалыста дейді. Немесе жиналысқа кеткен дейді. Кейде ауырып қалған дейді. Әйтеуір сылтау көп. Ал жиналыста айтылған сөздерді хатшысы жазып отырады. Олай болса әкімнің орнына хатшысын сайлайық. Бізге көрінбейтін, халықты менсінбейтін әкім кімге қажет?! Ауылымыздың жағдайы күннен-күнге құлдырап барады. Жолымыздың түрі мынау. Облыс орталығы Өскемен қаласының іргесінде тұрсақ та өркениеттен қалып барамыз – деді.

Суы қымбат, әкімі «невидимка» елдімекен

Глубокое ауданына қарасты бұл кентте аурухана мен мектеп, мейрамхана және 82 үй бар. Ауылдағы үш үйдің су үшін берешегі 400 мың теңгеден асып кеткен соң, олар судан мүлдем ажыратылыпты. Су жеткізуші мекеме басшысының айтуынша, бағаны манаполияға қарсы комитет бекітеді. Өзге елдімекендер секілді мемлекеттен берілетін демеу қаржыны (дотация) ала алмайды. Оған су жүйелерінің құжаты жоғалып кеткендігі себеп болған. Сондықтан өтініш бере алмай, баға осылай қымбат болып тұр екен.

Суы қымбат, әкімі «невидимка» елдімекен

Электр энергиясы мен жөндеу жұмыстарына кететін шығындар бар. Өзімізде техника жоқ. Бір жерде апат болса қажетті техникаларды жалдаймыз. Олар бұрын сағатына бес мың теңге алатын. Қазір он мың теңгеге дейін алады. Ал апат болған бір жердегі қалпына келтіру жұмыстары кем дегенде бес-алты сағатқа дейін созылады. Енді есептей беріңіз. Жұмысшылардың жалақысы да бар. Электр энергиясының дұрыс берілмеуінен су соратын құралдар да тез істен шығады. Бәрі қымбаттап барады. Міне бұл бекітілген баға осылардың жиынтығынан шығып отыр, – дейді жеке кәсіпкер Виктор КОЗЛЕНКО.

Суы қымбат, әкімі «невидимка» елдімекен

Кәсіпкер былтырғы жылы өзі сумен қамтамасыз ететін Степной мен Ушанов ауылдарында жетпістен астам жерде қазу жұмыстары жүргізілгенін де жеткізді. Ал тұрғындар жөндеу жұмыстарын жүргізгендерді жиі көрмедік – деген, уәж айтуда. Бар сұрағандарынан байқағанымыз жалғыз ғана өтініш. Жағдайды бұдан әрі қиындатпай, қымбатшылықтың бір шешімін тауып берсе болғаны.

Суы қымбат, әкімі «невидимка» елдімекен

Фотолар автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.