Аякөз ауданы Ақтоғай кентіндегі бір мектепте, бір сыныпта оқитын екі оқушы бірінен кейін бірі асылып қайтыс болды. Қайғылы жағдайдан бері бір жарым ай өтсе де, не аудан басшылығы, не аудандық білім бөлімі, не жергілікті полиция баспасөзге хабар бермей үнсіз отыр. Мән-жайды білуге Ақтоғайға арнайы бардық.

–Бұл екі оқиға да біз үшін өте ауыр тиді. Бұрын-соңды мұндай жайсыз жағдайды бастан өткермеген едік. 9-сынып оқушысы Дастан Дәулетұлы 22 наурыз күні мойнына жіп салып, өзін ажалға қиды, ал 12 сәуір күні оның сыныптасы Айзат Жұматаева дәл солай қайтыс болды, – деді біздің келісімізге қуанбағанАқтоғай кенті әкімінің орынбасарыД.Тұрсынғазықызы.

Осы жағдайға қатысты қылмыстық істің ашылған-ашылмағанын білмекке учаскелік полиция пунктіне де бас сұқтық.Алайда полиция қызметкері басшылықтың рұқсатынсыз ақпарат бере алмайтынын айтты. Сөйтті де, «рұқсат алу үшін облыстық ішкі істер департаментіне арнайы хат жазу керек» деп кеңес берді.

Мектепке барып,  директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Нәзира Алпысбекқызынан білгеніміз – бастығы Айгүл Ахманқызы аудандық білім бөлімінде өтетін екі оқушының өліміне қатысты кезекті жиынға кетіпті.

Ал тәрбие ісіне жауап беретін орынбасар осы оқиғадан кейін қызметінен босатылып, пән мұғалімі қызметіне төмендетілген екен.  

– Екеуінің де оқу үлгерімдері жақсы, қоғамдық істерден қалыспайтын балалар еді. Екеуінен бірдей айырылып қалармыз деп кім ойлаған?  Мінез-құлықтарынан да ешқандай ерсілік көрмейтінбіз,– дейді Н.Алпысбекқызы.  «Ал сонда не себеп?» деген сұрағымызға  «отбасындағы  тұрмыстық жағдайлар шығар» дегендей екіұшты жауап қатты.

Ауданнан, облыстан келген тексерулер мен түсіндіру жұмыстарынан кейін бе, мұғалімдер мен оқушылар марқұм Дастан мен Айзатқа қатысты сұрақтарға жауап беруден қашқақтайды екен. Сынып жетекшісімен сөйлеспек едік, дәлізде жүрген әріптестері «анда кетті», «мында кетті» деп, жік-жапар бола қалды.  Ал өздері  «директордың рұқсатынсыз пікір айта алмаймыз» деп таусылды.  

«Ешкімді кінәлай алмаймыз, бірақ…»

Дастанның әкесі Дәулетжан үйінде екен. Көңіл білдіріп, келісіміздің мән-жайын айтқан соң, ептеп оқиға барысына қаныға бастадық.

–  Дастан көпшіл, үнемі көңілді жүретін. Күреске қатысып, әлсіздерге қорған болуға талпынатын. Соңғы кездері Дастаннан ешқандай оғаш әрекет байқағаным жоқ. Не бір жері ауырғанын, не әлденеге алаңдап жүргенін айтып шағымданған емес. Иә, ұрлыққа қатысы болғаны туралы әңгіме рас. Бірақ, бірден айтайын, олар төрт-бес бала қызық көріп барған сияқты. Мектептің қасындағы  дүкеннен «чипсы», «колбаса», «напитоктар»  алған. Бұл былтырғы   қазан айында болған оқиға.  Дүкен иесі шығынын ұрлыққа қатысы бар балалардың ата-аналарынан өндіріп алды.

Сосын, өткен жылдың соңынан наурыз айына дейін ауданға бірнеше рет апарып, тәртіптік жиындарға қатысуымызға тура келді. Мен жұмыста жүрдім, анасы ақпанда жиналысқа және барған.  Сол жиналыста Мағиза деген психиатр маман алдында тұрып қалған ұлыма қатты-қатты сөздер айтыпты. «Ақтоғайлықтар үнемі осындайсыңдар, сендерді балалар колониясына жіберу керек» дегенге дейін барған. Анасы осы сөзге қатты налып келгенімен, ұлым сыр білдірген жоқ. Дәл осы жайт әсер етті деуден де аулақпын.  Жалпы, Дастанның қазасы маған да жұмбақ. Ол осы ауылдағы нағашы әжесінің үйіне барып-келіп жүретін. 22 наурыз күні таңертең наурызкөжесін ішіп, үйден сол жаққа кеткен, оны кешкілікте сол үйдің қорасында асылып тұрғанын бір-ақ естідік, – деген әкесі ешкімге кінә артпайтынын жеткізді.

Біз Дастанның әкесі айтып өткен психиатр Мағиза Рымжанқызымен де тілдесіп көрдік.  Ол аталған жиында комиссия мүшесі ретінде қатысқанын, балалардың бірде-біріне қатты сөз айтпағанын жеткізді.

– Түсінемін, ата-анасына баласынан айырылған оңай тимеген. Бірақ мұғалімді, мектепті, директорды, басқаларды да кінәламай тұрып, баласының тәртібіне алдымен ата-анасы жауапты ғой. Бір білетінім – Дастанның анасы да дәрігер. Депода жұмыс істейтін әкесі комиссия жиналысына да, басқа да шақыртуларға келген жоқ. Негізі, ұлының мәселесі қаралып жатқаннан кейін әкесі қатысқаны жөн еді. Екі ретінде де анасы келді. Оның үстіне дүкен тонауға балалар бір емес, бірнеше рет барған. Ұсталған соң, келтірілген шығынды төлеу қай ата-анаға да оңай тимейді. Сондай кезде отбасында түрлі әңгіме айтылмайды емес, айтылады. Психиатр маман ретінде айтайын, Дастан өзін ажалға қию туралы ойға аяқастынан бармаған. Ол көптен сондай ойда жүрген. Үйдегілерін шығынға батырғанын, ол тығырықтан шығудың өзі ауыр тигенін сезінуі, іштей өзін кінәлі санауы мүмкін. Айтқысы келгенімен, дәрменсіз күйді бастан кешіп, еркі төмендеген жасөспірім осындай қадамға баруға мәжбүр болады, – дейді Мағиза Рымжанқызы.

«Дастанның қазасы Айзатқа қатты әсер етті…»

Дастанның ата-анасымен сөйлесіп шыққаннан соң, марқұм Айзат Жұматаеваның үйіне бет алдық.

 –Дәл сол күні (12 сәуір – авт.) туыс ағамның қырқын бердік. Мектептен әдейілеп сұранып келіп, киініп, дәмханаға басына шыт байлап келді. Мені қайта-қайта құшақтаумен болды. Бір білетінім – Дастанның қазасы Айзатыма қатты әсер етті. Ол күреспен айналысып жүргенде қызым да соған қатысуға талпынды. Бірақ қабылданбады.  Дастан туралы бұрын көп айтпайтын, қайтыс болғанда қатты жылады. Телефонынан екеуінің бірге түскен фотосын да байқап қалып жүрдім. WatsApp-тағы «авасына» қойып алыпты. Дастан  22 наурызда қайтыс болғанда каникул еді ғой. Сәуірдің басында сабақ басталғанда Айзатым ол фотоны алып тастады.  Қызымнан айырылып қаламын деген ой мүлдем болған емес. Мектепте 15-20 маусым аралығында қоштасу кеші өтетінін, ары қарай Алматыға кететінімізді айтып жүргенмін. Өйткені Алматыда екі ағасы бар, маған жұмыс та табылған. Айзатты колледжге оқуға түсіреміз деп жүрдік. «Жаңа өмір бастайсың. Алматы – үлкен қала. Саған енді басқа өмір басталады» деп айтып жүрдім… Қайдан білейін, осылай болатынын… Айырылып қалдым ғой, – дейді өксігін әлі баса алмаған анасы.  

Осылайша сәуірдің 12-сі күні өз үйінде Айзат ешкімге ештеңе сездірместен мәңгілікке өз еркімен аттанып кете барды.

Қалай дегенмен де, бір мектептегі екі оқушының қазасы бейжай қарайтын, күнделікті өмірде бола беретін жайт емес. Ақтоғайда ұрлықтың өршіп тұрғанын тұрғындардан да жиі естідік. Полиция пункті бар болғанымен, тентектерді тыйып, тәртіпті нығайтудың нәтижесі шамалы болып тұрған сыңайлы.

Кент әкімінің орынбасары Динара Тұрсынғазықызының айтуынша, 439 оқушысы бар  мектепте әлі күнге дейін инспектор маман жоқ.

– Тоқсаныншы жылдарда Ақтоғайдың аты шумен шықты. Сол біржақты көзқарасты жою үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Қазіргі тұрғындардың көбісі сырттан көшіп келгендер. Полиция жұмыс істеуге тырысып жатыр, бірақ штат толық емес. Мұндағы полицейлер көршілес Қопа, Тарлаулы ауылдарын да бақылап қайтуға мәжбүр. Жасөспірімдермен жұмыс істейтін инспектор жоқ. Вакансия бар. Міне, екінші жыл болды, мектепте ондай маман жоқ. Инспектор жастарды тарту үшін баспанасын беру керек алдымен. Келетіндер пәтерде тұрғысы келмейді. Жалақысы пәтерақы мен азық-түлігінен аспайтын болса, қай маманның құлқы болады? Жылда аудандағы жиында да, басшылар келгенде де айтылады. Мәселе әлі шешілетін емес. Баспана учаскелік полиция қызметкерінде ғана бар. Полиция қызметкерлері отыратын орынды кеңейту керек деген соң, ғимаратымыздың басым бөлігін соларға бердік. Бірақ полиция қызметкерлері жетіспейді. 6495 тұрғыны бар кентке полиция, жол полициясы дегендер осындай бірдеңе болып қалғанда ғана келеді. Біраз бақылаған болады да, қайта жөндеріне кетеді. Тоқетерін айтқанда, полиция құрамын күшейту қажет, – дейді Д.Тұрсынғазықызы.

Осылайша бір айға жетер-жетпес уақытта бір мектепте екі оқушы өздерін өлімге қиды. Себептерін қанша білуге тырысқанымызбен, сайып келгенде, жасөспірімдер арасындағы суицид көбіне тұрмыстық, отбасылық жағдайдан туындайтын тәрізді. Отбасы мұғалімді, мектептегі тәртіпті көлденең тартуға тырысатындай, ал ұстаздар ата-ананы бірінші кезекте жауапты санайтындай. Өкініштісі, біз, ата-ана, ұстаздар, жауапты қызметкерлер – бәріміз өтпелі кезеңінде шалт қимылдауға дайын тұрған бозбала мен бойжеткенді, ұлдарымыз бен қыздарымызды бір сәтке түсінуге талпыныс та жасамайтын сияқтымыз. Олар өздерін керексіз сезінген соң кетіп жатқанын түсінгіміз келмейтіндей…  

Фото автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.