Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің Астанада өткізген баспасөз мәслихатында өңірдегі бір ауданның аты өзгеруі мүмкін екендігін айтқаны қырдағы қазақты бір қуантқаны анық. Бірақ оның қай аудан екендігі сол күйі жұмбақ болып қала берді. Облыс әкімінің оны ашық айтуға әлі асықпауының да өзіндік себебі бары түсінікті. Қазір шығыс өңірдің ауданында болсын, қаласында болсын, сірескен орысша көше атауларының өзін өзгерту оңай болмай жатқанда білдей аудан атын ауыстырудың орайы бірден қалай келе қойсын?!

Енді тізіп көрейік атауы қазақылықтан ада қандай аудандар барын. Курчатов пен Риддер қаласы өз алдына, Бородулиха, Глубокое, Зырян, Шемонаиха аудандарының атауы есімізге Ресейді түсіріп тұратыны — жасыруға болмайтын шындық. Аталған аудандармен танысу мақсатында әрқайсының сайтына зер салып көрдік. Бір ғана Зырянды алып қарайық. Қала картасында менмұндалап тұрған көшесіне көз салып, Қайыпов пен Жақсыбаев көшесін шөп арасынан ине іздегендей әрең таптық. Ал есесіне орталығында Ленин көшесі, айналасында Комсомол, Орджоникидзе, Бочарников, Красный спорт, Партизанская, мәссаған, Совет көшесі әлі күнге дейін бар екен. Бұл не сонда? Тарихи қазақша атаулар тапшы ма, әлде атауларын өзгертудің ешқандай себебі жоқ па? Әлде бұл Зырянның көшелерімен күнде өтетін аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің «көзін жұмып» жүре беретіндігінің белгісі ме?.. Сонда біздің тәуелсіз ел екендігіміз қайда? Тәуелсіздік дейміз-ау, аудан әкімінің сайтындағы жаңалықтар арасынан Первороссийское ауылдық округінде өткен шараны көріп қалғанымда, жаңалыққа емес, ауылдың атауына «есім ауып» қалды. Ал ауданның атауы қайдан шыққанына үңілгенімізде: «1791 жылы Өскемен қамалынан Бұқтырма кенiне кезектi бергайерлер тобы жөнелдi. Олардың арасында Зырян кен орнын тұңғыш рет ашқан Зырянов Григорий Григорьевич те болды» деген дерек көлбең ете қалды. Жерінің асты пайдалы қазбаға толы Зырянның тарихы осылай басталады екен.

Демек, журналистер арасында «Ахметов Зырянды айтқан болуы мүмкін» деген болжамның қисыны жоқ тәрізді… Орыс империясының астамшылық пиғылы сіресіп тұрған ауданға келіп, атауын өзгертетіндей құдіретке Даниал Кенжетайұлы әлі қол жеткізе қоймағаны белгілі. Жай уақытта батыр бабаларымыздың қорғап берген жері екенін айтып, бөркі қазандай болатын қазақ баласының мұндай аудандарда қарасы аздығын да жоққа шығара алмаймыз.

Глубокое… Бұл да — әкімі қазақ болғанымен, атаулары ұлттық ұғымнан аулақ жатқан ауылдарға «бай» аудан. Масқара қылғанда мұндағы 16 ауылдық округтердің атауынан адам шошиды. Бір де бір ауылдық округтің қазақша жер атауымен аталмайтыны өз алдына, кеңестік империяның «кішкентай макетіне» тап болдық. Ушанов, Черемшанка, Алтайский былай тұрсын, Фрунзе, Красный яр, Калининский, Куйбышев, Киров ауылдық округтерінің атауын өзгерту осы уақытқа дейін қалайша қолға алынбаған? «Жас алаш» газетінің биылғы 21 қыркүйектегі нөмірінде «Ер мен әйелді айыра алмаған әкімдіктер» атты мақаламызда «Глубокое Ресейдің ауданы ма?» деп арнайы тоқталған едік. Онда аудан әкімінің сайтының орысша-қазақша нұсқасына Қазақстан мен Ресейдің жалаушасын орналастырғанын көрсеткен болатынбыз. Сайттағы осынау өрескел қателік әлі де «таз қалпында» тұр. Аудан әкімі Қалиқан Байғонысовтың сайттың орысша нұсқасын Ресей жалаушасы арқылы көрсету үлкен қателік екенін қаперіне алмайтынына таңқалмасқа шараң жоқ. Айтпақшы, аудан атауының қайдан шыққанына зер салу мақсатында сайттағы деректі қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік: «1730 жылы штейгер Иван Чупоршнев өте бай Березовка кен байыту орнын ашты. 1731 жылы Демидовтың Невьянский зауытынан әкелген жұмысшыларының күшімен осы орын пайдаланыла бастады. Нан мен жемді алыс Сібір және Урал жерлерінен тасыды. 1760 жылы азық-түлік мәселесін шешу үшін «Өскемен қамалынан жер алып, Уба өзенінің бойындағы қамал мен тұрғылықты ыңғайлы жерлерге, Ертіс өзенінің оң жағындағы Березовка, Глубокий, Ульба және Ертіске құятын басқа да өзендерге орыс адамдарынан екі мыңға дейін адам тарту туралы» Сібір Жарлығы шықты».

Аудан тарихында қазақ жеріне қатысты жүрегің жылитын ешқандай мәлімет жоқ.

Дәл осындай мысалдар Бородулиха мен Шемонаиха аудандарынан да табылатындықтан ары қарай талдауды қажет санамадық. Тек облыс әкімі Даниал Ахметовтің шығыстағы бір ауданның атауы өзгеруі мүмкін екендігін айтқаны осы тұрғыда сөз қозғауымызға түрткі болды. Әрине, облыс басшысының бұл тұрғыда айтқаны көңілге қонымды. Өңір басшылары адаспайтын темірқазықтай көретін президенттің «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған жайларға әрқайсы өз әлінше үлес қосып-ақ жатыр. Ахметов егер шынымен бір ауданның атауының өзгеруіне себепкер болса, онда сірескен сеңнің сетіней бастағанын көрсетері даусыз.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Шығыс Қазақстан облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу