Қарға тамырлы, қаймана қазақ үшін екі жаңалығым бар. Бірі – жақсы жаңалық, екіншісі – жаман. Жаман жаңалық – билік ақша санай бастады. Жақсы жаңалық – билік ақша санай бастады. Үкіметтің ақша санай бастағаны біршама көпірме бағдарламалар мен жобалар жабылады дегенді меңзесе керек. Алайда, ойланып көрсек, үкіметтің ақша санай бастағаны еліміздегі мұнай дәуірінің аяқталып, Қазақияның малшашпақ ауруынан айыға бастағаны ма екен деп қаласың…

Өткен аптада бірнеше қызықты оқиға болды. Үкіметтің қасиетті бизнесі саналатын мұнай-газ компаниялары президенттен сөз естіді. Индустрияландыру күніне орай өткізілген дәстүрлі жиында президент біраз компанияның атын атап, түсін түстеп, шетелдік шоттарда жатқан қаржыны қайтару қажет дегендей әңгіме қозғады. Арасында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев та сөз естіп қалды.

Оның алдында үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының біріккен жиынында ұлттық бизнес атынан сөйлеген президенттің туған күйеубаласы Тимур Құлыбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты біраз жерге апарып тастады. Айтылған әңгімелер мен сыни пікірлер талай уақыт бойы әлеуметтік желі пайдаланушыларының делебесін қоздырып, осы үкімет түбі кетеді ғой деген болжамдарға жан бітірді.

Аптаның тағы бір жаңалығы – болашақ ұрпақтардың несібесі саналатын Ұлттық қорға қатысты болды. Ресми органдар таратқан ақпаратқа сенер болсақ, 2017 жылдың қазан айында Ұлттық қорда 56 миллиард 453 миллион доллар жинақталған екен. Тек бір айдың ішінде оның сомасы 611 миллион долларға кеміген көрінеді. Арадағы шығындарды есепке алатын болсақ, жыл басынан бері осы қорда жиналған ақшаның сомасы кемі 7,8 пайызға төмендеген. Бұл соңғы бес жылдағы ең төмен көрсеткіш екен. Егер жылдың басынан бері Ұлттық қорға небары 1,6 триллион теңге түссе, жылдың басынан бері 4 триллионнан астам қаржы жұмсалған көрінеді. Негізінен, мұның барлығы дерлік «сүйікті» және «сүйіксіз» банктерді қолдау үшін, және де аймақтардың дамуын қамтамасыз етуге жіберілген трансферттерге жаратылған көрінеді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда Ұлттық қорға қол жұмсауымыз жиілеп кеткен сияқты.

Бұл нені білдіреді? Үкіметтің бұрынғыдай кез келген мәселені ақшаны үйіп-төгу арқылы әлеуметтік популизммен айналысу арқылы шешетін мүмкіндіктері төмендеп барады деген сөз. Егер бүгінгідей әлеуметтік популизм мен саяси популизм жалғаса беретін болса, болашақ ұрпаққа деген жасалған Ұлттық қорымыз бүгінгі ұрпақтан аспайтын түрі бар. Құдайға шүкір, әлемді жаулаймыз, КСРО-ны қалпына келтіру қажет деп жатқан Ресей емеспіз. Көрші елдегі Ұлттық қор сарқылайын деп жатыр-мыс. Алдағы уақытта Путинді 70 пайыз дауыспен бірінші турда қайта сайлаймыз деген атойдан аспауы мүмкін деп жатыр сарапшылар. Оның қасында әзірге 21 триллион теңгені жинақтаған Ұлттық қорымыз аман болсын деп тілейтін жағдайға душар болдық.

Жалпы алғанда, үкіметтің, биліктің ақша есептей бастағаны қуантатын тірлік. Шынымен де, Абай атамыз сынаған малшашпақтан Абай түгіл, Сағынтаев та шаршаған сияқты. Әкімдер мен министрлердің, одан қалды, банктер мен ірі монополиялардың қит етсе болды – Ұлттық қорға қарай шабуы жаман, кеселді дертке айналғанын қарабайыр экономистен бастап, үкімет мүшелерінің түсіне бастағаны көңілге үміт ұялатады. Кешеге дейін кез келген әкіміміз жергілікті халықпен емес, бес мың кәсіпкермен емес, жоғарыдағы қазынаны күзеткен бес шендімен жақсы қарым-қатынаста болуды қалаған заманнан өтіп барамыз. Қалай десек те, жаңа заман жақындап келеді. Ол заманды «Қазақстандағы мұнай дәуірінің аяғы» деп дабыралатсақ та болатын шығар. Ол дәуірдің аяқталған күнін де жақсы білеміз. Қазақстандағы мұнай дәуірі 2017 жылдың 10 қыркүйек күні аяқталды. Бұл күні, естеріңізде болса, ЭКСПО атаулы жұрт ұмыта бастаған дүбірлі шара аяқталған болатын. Егер ЭКСПО мұрасы шынымен бар болса, оның басты көрсеткіші – осы.

Байқап отырсақ, елдегі жағдай қиындап барады. Шикізат өндіруші компаниялардағы ереуілдер саны артып келеді. Билік органдары салық пен айыппұл деген дүниелерге аса қатты көңіл аудара бастады. Үкімет мүшелері бұрын-соңды айтыла бермейтін бизнесті қолдау, кәсіпкерлердің жолын ашу, еңбек орындарын ашу деген ұрандарды көбейте бастады. Бұның барлығы да тегіннен-тегін емес.

Ал енді не істемек қажет? Мұнай дәуірінің аяғы қандай тірлік пен тіршілікке апаруы керек деген сұрақ туындайды.

Менің ойымша, шынайы өзгерістер мен тың жаңалықтар төмендегідей нақты шаруалардан басталуы қажет секілді.

Біріншіден, еліміздегі мұнай дәуірінің аяқталғандығы туралы мәлімдеме жасалуы шарт. Ендігі уақытта мұнайдың бағасы мен бағамы қанша дәрежеге өссе де, оның экономикаға тигізер пайдасы төмендей бермек. Осы кезге дейін біздің болмысымыз бен тірлігіміз, жетістігіміз бен жаңалығымыз тікелей мұнайдан, шикізаттан келген қаржы-қаражатқа келіп тірелген болса, соның арқасы мен жемісі болса, ендігі уақытта шикізат экономикамыздың басты қозғағышы, басты энергия көзі бола алмайтыны хақ. Шындап келсек, қазақ экономикасын алға сүйреп, өрге тартатын бір ғана энергия көзі қалды: ол – азаматтардың бойындағы энергия, қажыр-қайраты, ерік-жігері. Басқасының барлығы бос сөз, сағым-мұнар. Тек азаматтарымыз өз-өзіне, өз еліне, өз мемлекетіне сенген кезде, өздерінің өз еліне қажет екенін сезіп-сезінген кезде ғана экономикамыз қарыштап дами алады.

Екіншіден, әрбір шенді, әрбір шенеунік осы кезден бастап бизнесті сауын сиыр емес, ел экономикасының басты драйвері, қозғағышы деп ұғынуы тиіс. Осы кезге дейін әкім, шенеунік болмаса, қырылып қалуы мүмкін деп келген қоғамымыздың санасында түбегейлі өзгеріс орнауы тиіс. Елімізді алға тартатын бір ғана күш бар: ол – ұлттық бизнес, ұлттық буржуазия. Еліміздің өркендеуі үшін бізге үш мұнай зауыты емес, жүздеген, мыңдаған мұнаймен айналысатын орта және шағын кәсіп иесі қажет. Еліміздің дұрыс жолға түсуі үшін он металшы олигарх емес, он мың дүкеншісі мен етікшісі артық. Еліміздің дұрыс дамуы үшін бізге мыңдаған, тіпті миллиондаған үкіметке қарайламаған, өз болашағым өз қолымда деген азамат ауадай қажет. Шынайы рухани жаңғырғанымыз осы болар.

Үшіншіден, біздің үкімет заманына қарай көсілгені абзал. Бір жағынан, бізге сандық (цифрлық) үкімет қажет дей тұра, екінші жағынан, баспасөз туралы заңнаманы күшейту, шындап келетін болса, таза шизофрения. Тағысын тағы. Болашақта елімізде қабылданатын әрбір заң екі мүддеге ғана қызмет етуі тиіс: а) мемлекеттік мүддені (шенеуніктік мүддемен шатастырмайық) қамтамасыз ету; ә) ұлттық экономиканы дамыту. Яғни әрбір заң жобасы еліміздегі бизнес өкілдерінің өмірін сәл де болса жеңілдету, сәл де болса өрбіту мақсатына қызмет етуі тиіс. Басқа жағдайда заңдар тіпті қарастырылмауы қажет сияқты. Бұл ел шенеуніктерінің, депутаттарының философиясы мен ойлау қабілетінің түбегейлі түрде өзгеруін қажет ететін шаруа.

Төртіншіден, облыс-аймақ дәрежесіндегі күрделі өзгерістер қажет. Ең алдымен облыс басшыларының санасы өзгеруі тиіс. Шынын айту керек, бүгінгі күндері облыс-аймақ әкімдері бағзы заманның феодал-сатраптары іспеттес тұлғалар болып кетті. Ендігі кезеңде бізге ақ дегенім – алғыс, қара дегенім – қарғыс дейтін әкімдер емес, күні-түні бизнестің артында жүріп, жолына асфальт болып төселетін әкімдер қажет. Республикалық бюджеттен не Ұлттық қордан субсидия мен трансферт алу осы әкімдердің жұмысына тікелей байланысты болғаны шарт. Мысалы, бүгінде облыс әкімдері жергілікті бизнестің жағдайын жасаудан гөрі Астанадағы төрт-бес адамның көңілін аулауға мүдделі. Болашақта  есі дұрыс, оң экономика құрамыз дейтін болсақ, облыс-аймақ әкімдері үш нәрсеге аса көңіл бөлуі абзал: 1) жергілікті салық базасының өсуі, яғни салық төлеуші компаниялар мен тұлғалардың санын еселеп арттыру қажет; 2) жергілікті кәсіпкерлердің алдындағы әкімшілік не басқа кедергілерді сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде алып тастау қажет. Ол үшін кейбір погонды-погонсыздардың, көлікті-көліксіздердің погонын жұлып, қара-жаяу қылып жіберу де қажет шығар; 3) барша іс-шаралардың, бюджеттік бағдарламалардың жаңа еңбек орындарын құруға негіздеу қажет. Кез келген бюджеттік бағдарлама кемі бірнеше еңбек орнын, шетелдік емес, отандық маманның жұмыс істеуіне қызмет етуін қамтамасыз ету қажет. Яғни жергілікті билік жоғарыдағы үш шартты орындады ма – сол облысқа қосымша субсидия мен трансферт берілуі тиіс. Орындамады ма – жергілікті халықтан да, жоғары жақтан да опық жейтін дәрежеде күнелтуі керек.

Бесіншіден, көлеңкелі және сұр экономикамен шынайы күресті бастайтын уақыт келді. Біздегі ең қажетті деген салалардың бәрі де көлеңкелі экономика. Осының арқасында талай адам миллионер атанып, «Джип» мініп жүр. Тіпті талай жыр болған ауылдың өзін алып көрелікші. Екі-үш мың тұрғыны бар ауыл делік. Сол ауылда әкімі бар, полициясы бар, дәрігері-мұғалімі бар – бюджеттен ақша алатын 50 адам бар. Оның сыртында 300-400 зейнеткер бар. Оның сыртында дүкені, моншасы, наубайханасы бар  тағы бір 40-50 адам бар дейік. Егер қалған жұрттың барлығы дерлік ақша алмаса, табысы болмаса, баяғыда босып кетпес пе еді? Яғни ауылдың экономикасы көлеңкеде деген сөз емес пе? Еліміздегі көптеген дүкендер мен дүңгіршектер еш салықсыз, кассалық чек бермей қызмет көрсетеді. Мұнай, құрылыс, сауда, кеден сияқты салаларымыз тұнып тұрған жемқорлық. Осының барлығы дерлік сұр немесе көлеңкелі экономика. Бұлармен күресудің екі жолы бар: бірі – заңдастыру. Егер көлеңкелі экономиканы жеңу мүмкін болмаса, оны заңдастыру қажет. Екінші жолы – аяусыз күресу. Одан пайда табатын топтар мен тұлғаларды желкелеп, құрықтау қажет.

Басқа жолы жоқ. Осыған биліктің, үкіметтің дәті шыдай ма екен?

Айдос Сарым. Билік ақша санай бастады

Айдос Сарым, саясаттанушы, қоғам қайраткері

«Жас Алаш» газетінің тұрақты авторы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу