600 кенші «жер астынан» шықпай отыр. Осы хабарды естігенде тіксініп қалғанымыз рас. Енді ше?! Қазір желтоқсан айы емес пе?! Енді бірер күнде 16-шы желтоқсан келе жатыр. Біреулер тағы бір жаманаттың шетін шығарып жатыр ма, деген күдік болды.

Күдіктенуге бірнеше себеп болды. Ең алғашқысы –наразы топ «айлықты 100 пайызға өсір», дейді. Тоқтаңыз! Жалақыны неге 20 немесе 50% емес, бірден 100-ге көтер, деп отыр?! Там-тұмдап жетіп жатқан жаңалықтан білгеніміз мекеме басшылығы «30 пайызға көтерейік», депті. Көнбеген. Біртіндеп көтеру болса бір сәрі, бірден көтеруге  кәсіпорынның келіспейтіні белгілі емес пе еді?! Әлде әдейі, орындалмайтын шарт қойып отыр ма?!

Екінші мәселе:  неге жалақы көтеру талап-акциясын басқа емес, желтоқсан айында жасап отыр?!

Неге 100 пайыз? Неге желтоқсан айы?!

Артында біреу тұр ма?! Мойындаймын, осындай конспирологиялық нұсқа бірінші ойға оралды. Сосын, Қарағандыдағы шахтер, журналистермен хабарластық. Мәселенің себебі түсінікті болғандай көрінді…

Бірден айтайық: Бұл ереуілдің артында сырттың адамы тұрған жоқ. Ешкім 50 немесе 100 доллардан таратпағаны көзге көрініп тұр. Олай болса, неге желтоқсан айында ұйымдастырып отыр?! Айлықтың аздығын желтоқсанда ғана байқағаман шығар?!

Негізі, жалақы көтеру туралы әңгімені Арселор миттал шахтерлары бұған дейін де айтып жүрген. Бірақ, шиті мылтық ұқсап шырт-пырт еткен бірлі-жарым шу-дау жасағаны болмаса, үлкен жиын болған жоқ.

Енді наразылық акциясы мереке қарсаңында ұйымдастырылды. Неге?!  Бір ойымыз: бастама көтерген жанның бірі «жалақы көтеру туралы талабымызды желтоқсан айы, нақтырақ тәуелсіздік күні қарсаңында жасасақ, мекеме басшылары бізге «бұрылып қарайды», деді. Бұл қисыны дұрыс па, бұрыс па, оны алдағы уақыт көрсетер. Бірақ, бүкіл қоғамның назарын аударғаны рас.

Екінші мәселеге келсек. Айлықтарын неге 100 пайызға көтер,  деп отыр?! «Түйе сұрасаң, бие береді», деген тәмсілге салды деуге келмейді. Себебі, кәсіпорын «айлықтарыңды ары кетсе 30  пайызға ғана көтерем», деп еді. Көнбеді. 50-ге де бас шайқап отыр. Неге?! Себебі, олар көріп отыр. Осы жылдың мамыр айында, Украинада Арселор миталдың кеншілері забоставка жасады. Мекеменің басшы-қосшысы «Кривой Рог» кенішіне барып, жұмыскерлерінің жалақысы 100%-ға көтеріп қайтты.

Әй, сол украин дауын басуға барғандар, ертең Қазақстандағы жұмысшылардың ренжіп қалатынын есепке алмады ма? Әлде «жыламаған балаға емшек жоқ» дегеннің кері ме?! Енді,

Біз дағдарысты шеше алмайды екенбіз

Кеншілердің ереуілі бізге бір ақиқатты көрсетіп берді. Біз кризисті басқара алмайды екенбіз. Қандай да бір дау-дамай, ереуіл бола қалса, кәсіпорын басшылығы да, әкімшілік те түк болмаған образ жасауға тырысады. Одан қалды, оқиға орнына тілшілерді жолатпауға барын салады. Олардың ойынша: «ереуілдеушілер айқайлап-айқайлап қояды»,- деген теріс түсінік бар сияқты. Керісінше, бұл әрекет мәселені ушықтырады. Әлем елдері қандай да бір ереуіл бола қалса, жылдам шешіп тастауға тырысады. Сонау бір жылдары банктер банкрот болады екен деп көшеге шығып кеткенде, банкирлер барын салып 72 сағатта тоқтатқаны есте. Дағдарысты басқарушылардың «кез-келген 72 сағаттық» дейтіні бар. Бұл егер дағдарысты басқарсаң ғана. Біздегілер мұны керісінше «дағдарысты басқармасаң да үш күнде өздігінен тоқтайды» деп ойлайтын сияқты. Сондықтан болар бәрі керісінше. Себебі – жауапты құрылымдар жауапкершіліктен қашып, бір-біріне сілтейді. Қысқасы, шырғалаң шеңбер. Ал мұның соңында шешусіз мәселе қалады. Сонау бір жылдардағы оқиғалардан сабақ алуымыз керек еді. Жұмысшыларды не уайымдатып жүр? Әлеуметтік ахуалы қалай?! Осы мәселенің барлығына жауап табылып, шешілуі жолы ұсынылуы керек еді.

Неге Лакшми емес, әкім жүгіріп жүр? 

Оқиға басталған күні Қарағанды облысының әкімі шахтаға түсіп, ереуілшілермен келіссөз жүргізіпті. Дұрыс-ақ. Бірақ, сол әкім неге Миттал жасауы тиіс тірлікті өзі жасап жүр? Өзі басқаратын облыс болғандықтан, мұнысы түсінікті. Бірақ, дәл осы жағдайда, ең бірінші кәсіпорын иесі жерге кіріп кетуі тиіс емес пе? Ал, билік жердің үстінде тұрып, әлгі кәсіпорын қожайындарына «мәселені шеш», деп талап қоюы шарт! Оның үстіне шахтерлардың да талабы орынсыз емес. Себебі, әлемдік «Арселор миттал» кәсіпорны ең аз жалақыны қазақстандықтарға төлеп отыр. Бұл факт.

Екінші анық нәрсе – кеніштегі құрал-жабдықтар әбден ескірген. Материалдық-техникалық базаның дені сол Советтік заманның құралдары. Лакшми тісқаққан бизнесмен. Біздегі бизнесменнің көбі сол – барынша аз ақша жұмсап, көп пайда табуды көздейді. Енді, миллиард доллар пайда беріп отырған зауытына қисық шеге қақпаған байдың алдында неге сонша безектеуіміз керек? Неге оның орнына жерге түсіп жүрміз? Украинның бар-жоғы түсініксіз билігі Митталды мол ақы төлеуге көндірді. Ал, бізге не жорық?! Сөзіміз неге өтпейді? Неге?

Айбек Серікұлы

Запись Жер астынан жік шықты впервые появилась Жеті күн.

Дереккөз 7kun.kz ақпараттық агенттігі

قالب وردپرس

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.