Досым Сәтбаев: Совет Одағының қатесі айна-қатесіз қайталанып жатыр…

3179

1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізіп, демократия, пікір алуандығына бет алған Қазақстан қалайша 26 жылдың ішінде авторитарлық елге айналды? Саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтбаев «95-жылдардан бастап елімізде орнай бастаған суперпрезиденттік жүйе, саяси алаңды демократиялық күштерден тазартудың соңы елді классикалық авторитаризмге әкеп тіреді» дейді. Алайда авторитаризмнен ең алдымен биліктің өзі зардап шегіп отыр. Себебі саяси институттары әлсіз әрі жасанды, бір адамға негізделіп құрылған жүйені жеме-жемге келгенде қорғайтын ешкім жоқ. Жүйені қысылтаяң шақта элита өкілдерін былай қойғанда, билікке бейтарап, қарсылығы жоқ болып көрінетін көпшіліктің өзі қорғамауы әбден мүмкін. Досым Сәтбаевпен арадағы әңгімеміз Қазақстанның тәуелсіздік жылдарының ішінде жеткені мен жетпегені, билік ауысуының ықтимал сценарийлері мен оған сыртқы ойыншылардың, әсіресе Ресейдің араласу мүмкіндігі төңірегінде өрбіді.

 

Демократиялық романтизмнен авторитаризмге дейін

– Досым, Совет одағы құлдырап, тоталитарлық жүйе күйреген соң, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда пікір алуандығы, әртүрлі қоғамдық-саяси ұйымдар, жария саясаткерлер  сияқты демократиялық үрдістер байқалған еді. Жылдар өте келе осы саяси-қоғамдық ұйымдардың кеңістігі неліктен тарыла бастады?

– Иә, сол кездегі қызу саяси оқиғалар, азаматтық қоғам жақсы есте қалды.  90-жылдары саясаттану бөлімінің студенті болып жүргенімде, сол оқиғалардың куәгері болған едік. Бүгінгі күн тұрғысынан бағаласақ, 90-жылдардағы азаматтық қоғам түп тамырымен жойылды. Ол азаматтық  қоғамдық өмірдің барлық саласында аса белсенді еді, көптеген үкіметтік емес ұйымдар, белсенділер бой көтеріп, елдің саяси дамуына үлесін қосуға ұмтылды. Көптеген саяси партиялар құрылды,  ақпарат құралдары, оның ішінде оппозициялық баспасөз бен телеарналар дүниеге келді.  Яғни 90-жылдардың басынан аяғына дейінгі мерзімді саяси тұрғыдан өзгеше ойлауға мүмкіндік берген ренессанс кезеңі деуге болады.  Өкінішке қарай, бұл кезең қайта келмеске кетті, тарихқа айналды. Неге бұлай болды дегенге келсек, демократиялық сипаттағы романтизм қазіргі билік – суперпрезиденттік жүйе құра бастағанда-ақ аяқталды. Бұл шамамен жаңа Конституция қабылданған 95-жылдардан бастау алады, осы кезден бастап президентті басты ойыншыға айналдырған, қатаң атқарушылық жүйеге негізделген билік құрыла бастады. Президентті жақтайтын ойыншыларды алдыңғы орынға шығарып, бұл жүйеге сыймайтын, сыйыспайтын өзге ойыншыларды екінші, үшінші орындарға біртіндеп тықсыра бастады. Яғни бастапқыда қаржылық, саяси жағынан қысым жасау арқылы алаңды аса саяси белсенділерден тазартты. Олардан тазартып біткен соң, ымырашыл оппозициядан арылуға кірісті. Меніңше, «Азат» партиясының саяси сахнадан кетуін тазалаудың ең соңғы қадамы деуге болады. Ақпарат құралдары саласына келсек, бұл алаңдағы ескі оппозицияның ақыры деп «Трибуна» газетін жабуды айтуға болар. Осылайша біз қазір таза классикалық авторитарлық жүйені бастан кешіріп отырмыз. Иә, бұл Түрікменстан, Өзбекстан не Тәжікстандағыдай аса қатаң сипаттағы жүйе емес, бірақ бұл қайткен күнде де авторитарлық жүйе, себебі мұндағы шешім қабылдау орталығы – мемлекет басшысы. Ал Қазақстанда құрылған саяси институттар тек мемлекет басшысына жұмыс істейді, осы жүйенің бет-бейнесін ұстап тұруға ғана арналған. Тіпті жыл басында билік тармақтарының арасында өкілеттілікті бөлісу бастамасы демократияға қарай жасалған қадам деп әспеттегенімен, шын мәнінде бұл – саяси театр ғана. Өйткені парламентке белгілі бір өкілеттіліктер берілді делінгенімен, бұл жердегі басты шешім қабылдаушы мемлекет басшысы мен президент әкімшілігі екенін бәрі жақсы түсінеді. Белгілі бір өкілеттіліктерге ие болған үкімет те өз бетінше шешім қабылдайтын ойыншыдан гөрі әшейін қуыршақ тетік екенін бәрі ұғып отыр. Бұл, әрине, көптің көңілін қалдырды.

– Сонда не істемек керек?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын жарық көрген «Ымыртты шақ: өтпелі кезең тұзақтары» атты кітабымызда президенттік-парламенттік жүйеге ауысуды ұсынған едік. Бұл не үшін керек еді? Билік транзитіне дайындық жасап, ол ауысар кезде елде мықты парламент болуы үшін. Бірақ бұл парламент қазіргі саяси ойыншылардан емес, жаңа саяси ойыншылардан, жария саясаткерлерден құралуы керек дедік. Тіпті бұлар билікті жақтайтын күштер болса да, билік оларды бәсеке алаңына кіргізуден қорықпауы тиіс дегенбіз. Мейлі, ол «Нұр Отанға» ұқсас партия болса да, шынайы, таза, әділетті сайлаудан 40-50 пайыз дауыс жинаса, бұл оларға тиесілі сайлаушылардың шынайы дауысы болар еді. Біз сол тұста Қырғызстан тәжірибесін мұқият зерттеуді ұсынғанбыз. Бізде Қырғызстанды ресми деңгейде көп сынайды, әсіресе Атамбаевтың соңғы мәлімдемелерінен кейін сынап-мінеу күшейді. Бірақ эмоцияларды шетке ысырып тастасақ, қырғыз моделі қызықты, бұл ел екі мәрте төңкерісті бастан кешіргеніне қарамастан, азаматтық соғысқа тап болған жоқ. Керек десеңіз, Қырғызстан Тунисті еске түсіреді. Араб көктемі Тунистен басталғанымен, Ливия, Сирия, Египеттен айырмасы – бұл ел реформа жүргізе алды. Тіпті әртүрлі идеологиялық бағыт ұстанатын элитаны ымыраға келтіріп, біріктіре алды. Қырғызстан да Тунис секілді әртүрлі саяси тәжірибе жасап жатыр, Орталық Азияда тұңғыш рет президенттік-парламенттік жүйені құруға талпынуда. Болашақта бізге де септігі тиюі мүмкін деген мақсатпен Қырғызстан тәжірибесіне зер салудамыз. Алайда дәл қазіргі кезде жоғары биліктің бәсекелі саяси алаң құруға құлқы мүлде жоқ. Тіпті соңғы уақытта саяси алаңды онан әрмен тазалап әлек. Жалғыз-жарым қалған жекелеген оппозиция өкілдерін емес, енді келешекте болашақ оппозицияны қаржыландырып қалуы мүмкін деген элита өкілдеріне соққы беруге кірісті. Саяси алаңды осылайша тазарту биліктің транзитке дайындалып жатқанын көрсетеді. Яғни биліктің өзі президент мұрагері жайсыз жағдайға тап болмауы үшін ахуалды бірнеше ойыншы бақылап, элита ішіндегі қарсыласты тазартып отыру керек деп есептейді. Бірақ бұл біз үшін көптеген проблема тудырады. Өзбекстандағыдай саяси алаңда жұмыс істейтін саяси оппозицияны тазалау арқылы билік наразылық көңіл күйдің бос кеңістігін тудырды. Енді ол наразылық көңіл күйі радикалды арнаға шықты. Экстремизм және терроризм – билікпен еш санаспайтын, жүйеге көнбейтін наразылықтың түрі. Сондықтан біз саяси дамудың бірнеше кезеңін бақылаудамыз, алайда саяси эволюцияға келгенде алға жылжудан гөрі кері кету басым.

Жаңа қалыптағы азаматтық қоғам

– Сонда қазір азаматтық қоғам мүлде жоқ па?

– 90-жылдардағы азаматтық қоғам жойылды десек те, қазір жаңа азаматтық қоғам бой көтеруде. Ол – мүлде басқа қалыптағы, жаңа қатысушылары бар, негізінен, әлеуметтік желіде шоғырланған азаматтық қоғам. Иә, бұл әртекті, аморфты топ. Бірақ өз басым еріктілер қозғалысын азаматтық қоғамның алғашқы көрінісі, бүршіктері деп білемін. Олардың көпшілігі саяси бағыттағы еріктілер қозғалысы емес, экологиялық, қайырымдылық бағытты ұстанады. Дегенмен жастардың жеке мүдде үшін емес, қандай да бір мақсат-міндетті шешу үшін бірігуінің өзі жақсы нышан. Яғни ел үшін бірдеңе жасауым керек деген жас буын өсіп-жетілді. Бұларды 90-жылдардағы саяси бағытқа бет бұрған жастармен салыстырмау керек дейтіндер бар. Бірақ азаматтық қоғам дегеннің өзі көптеген азаматтар бірінші орынға азаматтық сана-сезім, мемлекеттік мүдде тәрізді нәрселерді қойғанда пайда болады.  Иә, бұл топтар өзара бірікпеген, әркім өзінше іс-әрекет етуде. Алайда қайткен күнде де әлеуметтік желілер наразылық көңіл күйдің шығатын арнасына айналды. «Фейсбук» – Қазақстанның саясиланған интернет сегменті, былайша айтқанда, кәдімгі саяси алаң. Оппозицияшыл саясаткерлер, сарапшылар, журналистер  «Фейсбукке» кетті. Басқа әлеуметтік желілерге қарағанда, «Фейсбук» 90-жылдардағы азаматтық қоғамға ұқсас, бірақ аз институцияланған азаматтық қоғамға айналды. Саяси мәселелер қазір осы желіде талқыланады. Бәлкім, болашақта Қазақстанда осының арқасында мықты саяси күштер, альянстар пайда болатын шығар. Әлеуметтік желідегі пікір көшбасшылары арасынан саясаткерлер шығуы мүмкін. Қазірдің өзінде олардың арасында билік құлақ асатын қоғам белсенділері бар. Қысқасы, бұл үрдістерді наразылық көңіл күйінің қатаң саяси талаптарға бейімделуі деп қарастыру керек. Наразылық көңіл күйдің бір бөлігі радикализмге ауып кетсе, қалған бөлігі әлеуметтік желіге ауысты. Шындығына келгенде, мұндай жүйеде жұмыс істеу биліктің өзіне ауыр. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы кикілжің кезінде Атамбаевтың мәлімдемелері Қазақстан ішінде, әсіресе әлеуметтік желіде жылы қабылданды. Дәл осы әлеуметтік желіні билік наразылық көңіл күйдің көрсеткіші, өлшемі деп қабылдауы керек.

Оппозиция билікке жақын күштерден шығуы мүмкін

– Саяси алаң тазаланған жерде наразылық көңіл күй екі түрлі бағытта көрініс тауып жатқанын айттыңыз. Алайда саяси алаңда заң аясында әрекет ететін саяси оппозиция жоқ жерде, билік кез келген азаматтық белсенділікті қауіп деп қабылдай бастағандай. Атырауда өткен жер митингілерінен кейін екі азаматтың сотталуы осының дәлелі тәрізді. Белсенділерді қудалау үрдісі неге апарып соқтыруы мүмкін?

– Қазақстан билігі кезінде Совет Одағының геронтократиясы жіберген қателікті айна-қатесіз қайталап жатыр. 80-жылдары кеңестік партноменклатура белсенді азшылық, диссиденттерге соққы беріп, қайсыбірін шетелге жер аударып, ахуалды бақылап отырғанына сенімді болды. Алайда советтік билік қауіп көз алдында жүрген белсенді азшылықтан емес, бейтарап, үнсіз көпшіліктен төнетінін түсінбеді. Билік осы үнсіз көпшілікті өзінің жақтастары деп қабылдайды, бірақ шын мәнінде бұл көпшілік Джордж Оруэлдің «1984» деп аталатын антиутопия романында айтылған екіойлылыққа баяғыдан душар болған болуы мүмкін. Яғни адам көшеде билікке ниеті түзу болып көрінеді де, үйіне қайтып барғанда билікке қарсы оппозиционерге айналады. Осы екіойлылық бюрократиялық аппаратқа да әсерін тигізді. Осылайша Кеңес Одағын екіойлылық құртты, ал қайта құру бұл процесті тездетті. ГКЧП кезінде ескі кеңестік жүйені сақтап қалғысы келетін қарттарды кім қолдады? Әскерилер ғана. Ал көпмиллионды Коммунистік партия қайда қалды? Қазір «Нұр Отанның» жүздеген мың мүшесі бар сияқты, кезінде Коммунистік партияға да миллиондаған адам кірген. Яғни біздің билік те халықтың басым бөлігі саяси жағынан белсенді болмағандықтан, митингілерге шықпайтындықтан, саяси қозғалыстар түрінде бас көтермейтіндіктен, қоғамның көңілі тоқ, бәріне риза деп ойлайды. Шын мәнінде осы үнсіз көпшіліктің ішінде мықты қарсылық потенциалы жатқан болуы мүмкін. Бұл неден көрініс табады? Ертеңгі күні жүйені қорғау қажеттігі туындағанда, бұл адамдардың ешқайсысы оны қорғауға шықпауы әбден ықтимал.

– Жүйені қорғау дегеннен шығады, Қазақстан мен Қырғызстан арасында кикілжің туып, Қырғызстанның бұрынғы президенті А.Атамбаев Назарбаевты қатты сынап мәлімдеме жасаған кезде ел азаматтары бастапқыда үнсіз қалғандай болды…

– Иә, тіпті о баста президентті қолдау үшін құрылған құрылымдар – «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы ассамблеясы, билікке жақын азаматтық институттар мен үкіметтік емес ұйымдардың ешқайсысы тез арада жауап беріп, өздерін құрған адамды қорғауға ұмтылмады. Әрі мұндай оқиғалар көп. Жаңаөзен оқиғасы ең алдымен президенттің беделіне соққы болып тиді. Бұл дау туған кезде-ақ оқиғаның ушығуына жол бермеуі тиіс саяси құрылымдар қайда қарап жүрді? Мұнайшылар жеті ай бойы ереуілдеп тұрса да, жергілікті әкімдіктер, әр өңірде филиалы бар «Нұр Отан», үнсіз қалған депутаттар, осылардың бәрі қайда қарап отырды? Тоқетерін айтқанда, билік дәл Совет Одағындай жасанды ұйымдар құрды, сөйтіп, халық биліктің сөзіне илануды қойды. Тіпті билікшіл ұйымдар үшін басты мақсат – терең идеологиялық жұмыс, президент идеясын алға жылжытып, іске асыру емес, ресурстарға барынша қол жеткізу. Өйткені әр ұйымды құрудың астарында мол ақша жатыр. Қазақстанда билікке жақын саяси институттар арасында әлеуметтік сақтандырғыш және кепілгер рөлін атқара алатын бірде-бір ұйым жоқ. Бәлкім, бұл тек күштік құрылымдардың қолынан келер. Бұл тұрғыдан алғанда, біз 80-жылдардағы Совет одағына ұқсаспыз, ол уақытта екіойлылық қоғамды қақ жарып, билікке мүлде сенбейтін көпшілік пайда болған. Бірақ, екінші жағынан, бұл топ билікке сенбегенімен, өзгерістерден сескенеді. Бір жағынан,  бұл  қызық феномен. Көпшілік қазір ахуал ауыр екенін мойындайды, бірақ одан да ауыр болуы мүмкін деп есептейді. Бұл  өте жағымсыз үрдіс. Өйткені психологиялық ахуалы дұрыс қоғам қашанда да ертеңгі күн бүгінгіден жақсы болады деп сенеді. Ал бізде, керісінше, бүгінгінің жағдайы ауыр болғанына қарамастан, ертеңгі күн бұдан да ауыр болуы мүмкін деген уәж басым. Неге? Себебі көпшілік бұл жүйе тәуелсіздік алғалы бері бір-ақ нәрсе –  ұлтаралық татулықты сақтауды ғана қамтамасыз ете алады деп есептейді. Расымен де, президент ұлтаралық татулықты өз идеологиясының негізі етті, оның бұл еңбегін мойындау керек. Сөйтіп, жұрт айналадағы тұрақсыздық, мемлекеттердің күйреуі, Еуроодақ ахуалы, АҚШ басшылығына Трамптың келуінен кейінгі жағдайға қарап, өзімізді солармен салыстырып, өзіміз мибатпақта өмір сүріп отырсақ та, бұл дауылды теңізден дұрысырақ деп біледі.

Ал билік тұрақтылықты тоқыраумен шатастырып алғандай. Ал кез келген тоқырау ерте ме, кеш пе, әлеуметтік жарылысқа әкеп соқтырады. Тіпті Мугабенің өзіне ақыр аяғында өзінің саяси партиясы қарсы шықты. Яғни бәрін бақылауда ұстап отырған жүйенің өзіндегі билікке жақын топтардың ішінен-ақ оппозициялық күштер шығады.

Қазіргі саяси қадағалау жүйесі осы президенттің тұсында ғана іске аса алады. Өйткені саяси элита президентті байлығы мен ресурстарды сақтайтын кепіл деп қарастырады. Қоғамның бір бөлігі, негізінен, басқа ұлт топтары оны тұрақтылық кепілі деп есептейді. Шетелдік инвесторлар, сыртқы ойыншылардың да президентке көңілі толады. Бірақ бұл президент кеткен соң, оның мұрагері қандай идеологиялық платформа ұсынбақ? Егер мұрагер кво-статусын сақтайтын платформа ұсынса, ол екінші Назарбаевқа айнала ала ма деген сұрақ туындайды. Өз басым оған күмән келтіремін. Себебі Назарбаев құрған жүйе дараландырылған, оның жеке басына лайықтап құрылған. Тіпті Назарбаев жүйені осы қалпында мұрагерге қалдырғанның өзінде, екінші президенттің оны осы күйінде сақтап қалуы екіталай. Бірақ жүйенің бір жерін өзгертіп, ауыстыра бастаса, бүкіл жүйе істен шыға бастауы мүмкін. Сол кезде қарсылығын бұрыннан шығара алмай, іштен тынып жүрген белсенді наразылар бас көтере бастайды. Олар өз кезегінде бейтарап, үнсіз жүрген көпшілікті соңынан ертуі мүмкін.

Билік әлсіреген жерде транзитке радикалдар араласады

– Өзіңіз жоғарыда айтып өткендей, наразылық көңіл күйінің бір бөлігі радикалды ортаға ойысты. Белгілі бір дәрежеде оппозицияның орнын басқан радикалдық топтар жастарға ықпал етіп, өздеріне тарта бастады. 2011 жылдардан бері терроризм, экстремизм шынайы қауіпке айналды. Осы үрдістің арты неге апарып соқтыруы мүмкін?

– Билік ауысуы кезінде негізінен ұлттық-патриоттық және діни ағымдар басымдыққа ие болатынын бұған дейін жаздық. Расында да, халықты ұлт пен дініне қарай топтастырып, жұмылдырған оңай. Азаматтық қоғам, есеп беретін үкімет тәрізді құндылықтар аясында жұртты жинаған әлдеқайда қиын. Сондықтан жоғарыдағы екі бағыт жастарды тарту үшін болашақта көп пайдаланылатын болады. Әсіресе соңғы 10 жылда жастар өздерін дін арқылы танитынын, өздерін дін арқылы тапқысы келетінін көрсетті. Көшеге шығып, жастардан «өзіңді ең алдымен кім деп анықтайсың?» деп сұрасаң, бірі қазақпын, содан кейін мұсылманмын деуі мүмкін, біреуі өзін руы арқылы тануы ықтимал, енді бірі мұсылманмын, одан кейін қазақпын деуі бек мүмкін. Яғни әркім өзін түрліше анықтайды, бұл да бір дағдарыстың түрі. Бұл билік 20 жылдан астам уақыттың ішінде халықты ортақ құндылықтар аясында біріктіре алмағанын білдіреді.

Өкінішке қарай, радикалдануға ойысқан жастардың обалы мемлекеттің мойнында. Бұл жастар мешітте дінге қатысты сұрақтарына жауап ала алмағандар, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жүйесінен орын таба алмағандар. Өйткені мемлекет көп уақыт бойы жастар жұмыссыздығы, әлеуметтік теңсіздік тәрізді мәселелерге мойын бұрмады. Бертінде ғана жастар саясаты, жастарға арналған орта және шағын бизнес ашу тәрізді бастамаларды қолға алды. Бірақ ол кезде тым кеш еді, мемлекет тұтастай бір буынды қараусыз қалдырып, уақыт оздыртып алды.

Тағы бір қауіпті үрдіс – түрмедегі жастардың радикалдануы. 90-жылдардың соңында бұл мәселе көтерілгенде шенеуніктер бізді жақтырмай, құлақ аспаған еді. Қазір де радикалдар мен криминалдар түрмеде бірге отырғандықтан, ақыр аяғында криминалдың бәрі түрмеден радикал болып шығып жатыр. Оның үстіне олар түрмеден шыққаннан кейін бақылаусыз қалады. Меніңше, олар қамаудан босап шыққан соң, өздерін түрмеде арбаған радикалдардың қолына түседі.

Алайда билік оның бәрі біздің бақылауда деп сабырға шақырады. Шын мәнінде олай емес. Бұл тіпті Еуропада бар мәселе. Өзбекстаннан басқа Орталық Азия елдерінде түрмедегі радикалдану мәселесі бар. Тек Өзбекстан терроризммен күресті ертерек бастағандықтан, радикалдарды бөлек түрмеге қамады. Түрмеден босап шыққан соң да  әлгі азамат жергілікті басқару жүйесі – махалля бақылауына өтетін. Өзбекстандағы тоталитарлық бақылау жүйесі адам құқықтарын бұзса да, экстремизм мен терроризм деңгейін төмендете алды. Ал Қазақстанда, бір жағынан, адам құқықтары онсыз да бұзылып жатыр, бірақ, екінші жағынан, радикализмді бақылайтын тиімді жүйе жоқ. Болашақта бұл бізге зардабын тигізуі мүмкін. Радикалдар орталық биліктің әлсірегенін сезсе, саяси жүйеге кірігуі мүмкін. Хосни Мүбәрак биліктен тайғанда, мемлекет басына аз уақытқа «Мұсылман бауырлары» ұйымы келгені есте. Көп ұзамай оларды күштік құрылымдар биліктен кетірді. Мұндағы айтпағым, демократиялық алаңдағы әртүрлі ұйымдар бір-бірімен келісіп біріге алмай жатқанда, радикалдық ұйымдар демократиялық ұйымдарға қарағанда тез жұмылып бірігеді. Жұмылу потенциалы жоғары болғандықтан да, олар қауіп төндіреді. Билікке радикалдық элементтердің мемлекеттік органдарға еніп кетпеуін қадағалауы керектігін бұған дейін де ескерткенмін. Болашаққа жоспар түзетін кейбір пысықай экстремистік ұйымдар өз өкілдерін мемлекеттік құрылымдарға өткізуге тырысады. Х сағаты тақап, билік әлсірей қалса, әлгілер күшіне мінуі мүмкін. Яғни бұл күштер төменнен өзара жұмылып біріксе, билікті қолына түсіру үшін немесе билігін сақтап қалғысы келетін әлдекімдер бұлармен бірігу мүмкін.

Бейберекетсіздік орнаса, Ресей сырт қалмайды

– Билік ауысуына әркім әртүрлі жолмен қам жасап жатыр дейсіз ғой…

– Иә, біреу одан қорқады, біреу оған дайындық ретінде күштік, қаржылық ресурстарын арттырып жатыр. Енді біреу ол уақытта шетелге кетіп қалу үшін жүгін жинап әлек. Бірақ елдің бәрі жүгін жинап кетіп қала алмайды ғой. Сондықтан радикалды сценарийлерге жол бермеу үшін конструктивті азаматтық қоғам бірігуі керек. Өйткені бәріміз бір кеменің ішіндеміз. Оны біреу тербетіп жіберсе, бәріміз зардап шегеріміз анық.

Ескі оппозиция қалмағандықтан, демократиялық алаңдағы күштерді кім біріктіреді, олардың жұмылу потенциалы бар ма деген сұрақ қылтияды. Либералды көшбасшылардың қандай буыны топты жарып шығуы мүмкін? Меніңше, бұл ұлттық патриоттық және либералдық күштердің қосалқы жиынтығы болмақ. Ұлттық патриоттық алаңның өзі әркелкі, бір-бірімен өзара бәсекелес күштер бар. Меніңше, конструктивті ұлттық патриоттық бағыт халық қолдауына ие болады. Шын мәнінде дұрыс бағыттағы ұлттық патриотизм – жақсы идеология, азаматтардың сана-сезімін өсіріп, діни, рулық факторларды кейінгі орындарға ысырып,  «Бір-бірімізді түтіп жей бастасақ, ертең бізді сыртқы күштер түтіп жейді» деп халыққа түсіндіріп, ортақ мақсатқа жұмылдыра алады. Украина – сыртқы күштер араласқанда ел неге тап болуы мүмкін екенін ашып берген айқын мысал. Украина бастапқыда элита ішіндегі ахуалды бақылай алмай қалғандықтан, аумағының бір бөлігінен айырылып қалды. Элита бір-бірімен қырқысып, нәтижесінде ел әлсіреді. Осыны Ресей пайдаланып кетті. Ел ішіндегі шиеленіс, апалаң-топалаң, қарама-қайшылық, саяси дүрдараздық, радикалдық идеялардың басымдығы осыған әкеп тіреді. Саяси сауатты түрде жұмыс жүргізілсе, Украина шығысы, бәлкім, сепаратистік идеяларды қолдамас па еді. Бұл ел әлі де сондай бейберекетсіздікті бастан өткеріп отыр. Енді бұған Саакашвили қосылып, Порошенконың қызметтен кетуін талап етуде. Саяси кикілжің, дау-дамайдан шыға алмау ел экономикасы, мемлекет, болашақ туралы ойлауға мұрсат бермейді. Бұдан Украинаның батыс бөлігі де бір күні жалығып, біз Польшаға қосыламыз деп шығуы ғажап емес. Қысқасы, біз посткеңестік елдердің тәжірибесін, оның ішінде Украина мысалын мұқият зерттеуіміз керек. Өйткені Украинамен ұқсас тұстарымыз баршылық. Біріншіден, Украинаның да, Қазақстанның да Ресеймен ортақ шекарасы бар. Украинада да, Қазақстанда да орыс ұлтының өкілдері өмір сүреді. Екі елде де Ресей ақпарат құралдарының ықпалы мықты. Екі елде де тіл мәселесі өткір. Сондықтан Украинадағыдай оқиғаға елімізде жол бермеу үшін барымызды салуымыз керек. Өйткені ел ішіндегі қазақ пен өзге ұлт өкілдерінің арасындағы жік, талас-тартыс өзге үлкен қақтығыстарға жол ашса, оған сыртқы ойыншылар, ең алдымен Ресей араласары белгілі. Меніңше, Қытайдың бізбен ісі болмайды, ары кетсе шекараны жауып тастауы мүмкін. АҚШ пен Еуроодақ та сырт қалады. Ал Ресей құр қарап қалмайды. Оның үстіне Украина оқиғасынан кейін қабылданған әскери доктринасында орыстілді халықтың мүддесін қорғау, оларды қорғау қажеттігі туса, өзге елдің ішкі ісіне араласу, Ресеймен шекаралас аумақта жау режимдердің пайда болу қаупі жайы тайға таңба басқандай жазылған. Осы анықтамалардың кез келгені Ресейге Қазақстан ісіне араласуға мүмкіндік береді.

– Ресей туралы әңгіме қозғаған соң, Путиннің келесі президенттік сайлауға түсемін деген мәлімдемесіне тоқталсақ. Оның сайлауда жеңіске жететініне күмән келтірушілер аз. Қазіргі үшінші президенттік мерзімі кезінде Путин Еуразия экономика одағын құруға атсалысты, Қырымды Украинадан бөліп алды және Украина шығысындағы сепаратистерді қолдады. Оның төртінші президенттік мерзімінен не күтуге болады және оның Қазақстанға қандай әсері болмақ?

– Қызық сұрақ. Путиннің кезекті президенттік мерзімі Қазақстандағы билік транзитімен тұспа-тұс келуі мүмкін. Әрі бұл Қазақстандағы билік транзиті қалай өтеді – соған байланысты болмақ. Егер ол Өзбекстандағыдай демократиялық жолмен болмаса да, бірқалыпты, кво-статусын сақтай отырып өтетін болса, Ресей оған араласады деп ойламаймын. Яғни мемлекет басына қандай билік келсе де, қазіргі президент тәрізді Қазақстанның ЕурАзЭО, Ұжымдық келісімшарт ұйымы тәрізді құрылымдарға қатысуын қамтамасыз етіп, көпвекторлы саясат жүргізсе, Ресей тарапынан қарсылық болмайды. Ал егер транзит дау-дамай, талас-тартысқа әкеп соқса, Путин шетте қарап қалмайды, Украинадағы модельдерді іске асыруға күш салады деп есептеймін. Оның үстіне Ресей өзге елдердің ішкі ісіне араласу механизмдерін сынап, іске асырып көрді. Тіпті Ресей өзге елдердің ішінде бесінші колонна құру тәжірибесін де іске асырып көрді деп ойлаймын. Сондықтан мұндай бесінші колонна Қазақстанда да пайда болуы мүмкін. Бесінші колонна төңірегінде елдегі орыс ұлтының өкілдерін ғана емес, ресейлік баспасөз ықпалына түсіп қалған қазақ ұлтының өкілдерін де топтастыру оңай болмақ. Сондықтан билік транзиті біздің иммунитетті әлсіретпеуі керек. Демек, билік транзиті тұрақты өтіп, билік ауысқан соң, элита мен азаматтық қоғамның саналы бөлігі саяси, экономикалық салада эволюциялық реформалардың іске асуына күш салуы қажет. Өйткені элита кво-статусын сақтауға тырысқан уақытта тұрақтылық тоқырауға айналса, оның арты бұған дейін айтып өткен салдарға әкеп соқтырады. Себебі Назарбаев кезінде тоқырауды, әйтеуір, бақылауда ұстауға болғанымен, жаңа президент тұсында ол бақылаудан шығып кетіп, үлкен әлеуметтік жарылыстарға әкеп соқтыруы мүмкін.

Путин өзі билік еткен жылдар ішінде өзінің путиндік моделін құрды. Бұл модель қоғамның ішкі мобилизациясына негізделген, бұл мобилизация ретроспективалы патриотизм арқылы іске асады. Демек, ол қоғамды жаңа құндылықтар негізінде емес, бұрынғы кеңестік және патшалық режим кезіндегі құндылықтар аясына топтастырады. Мәселен, кеңестік кезең жеңістерін қаһармандық ретінде әспеттеп, «фашизммен күрес», «жаулар» тәрізді анықтауыштарды қолдану. Сосын президентті патша ретінде көрсетіп, патшалық кезеңдегі «Православие. Самодержавие» ұранын қолдану бар. Расында да, Путин ахуалды бақылауда ұстайтын патшаға айналды. Халық арасындағы рейтингісі жоғары. Оның рейтингісі Ресей экономикалық салада жетістікке жеткеннен емес, кеңестік әдістемені қолданғаннан өсті. Яғни сыртқы жаулар табылғанда, халықты топтастыру оңай. «Міне, бізді сыртқы жаулар қоршап алған, біздің дамуымызға солар кедергі келтіріп жатыр» деп көрсетеді. Мұны аз десеңіз, Путин кезінде Ресей гибридті соғыс тәсілдерін қолдана бастады. Яғни әскерін араластырмай-ақ, қазіргі заман технологияларын пайдаланып жатыр. Мәселен, АҚШ сайлауы Ресейдің ақпараттық-компьютерлік технологияларды пайдалану арқылы да ішкі іске араласа алатынын көрсетті.

Путиндік жүйе құрылды дедім, бұл – Қазақстандағы транзит кезінде Ресей басшысы Путин емес, басқа тұлға болса да, путиндік жүйе өмір сүре береді деген сөз. Өйткені Путин де Назарбаев тәрізді өз элитасын өсірді. Бірақ қазақстандық элитадан айырмасы – ресейлік элита астам держава идеясына берілген, Ресейді мықты держава еткісі келеді. Біздің элита болса толығымен идеологиясыздандырылған. Президентке адалдығын белгілі бір пайда көксеп, ресурстарға қол жеткізу үшін ғана көрсетеді. Ресейдегі элита идеологиясы мықты, иә, олар да жемқорлыққа белшеден батқан, ақша ұрлайды, бірақ елін сыртқы жаулардан қорғауға дайын. Біздің элитаны тек ақша қызықтырады, ақша толы астаудан қарпып қалып, бизнеспен айналысып, капиталды сыртқа шығаруға ғана мүдделі. Олардың арасында социал-демократтар, ұлтшылдар, либералдар жоқ. Бәлкім, арасында белгілі бір бағытты жақтайтын бірен-сараны бар шығар, бірақ жалпыға ортақ идеологиялық алаң жоқ. Кеше «2030» бағдарламасын қолдаса, бүгін «2050» жобасын қолдайды, ертең «Мәңгілік елді» жақтаса, артынша «Рухани жаңғыруға» ойысады. Қысқасы, олар кез келген нәрсені жақтауға дайын, аузына салғанды қайталап беретін тотықұс тәрізді.

– Сіздің ойыңызша, дәл қазіргі кезде билік ауысуының қандай ең ықтимал сценарийі іске асуы мүмкін?

– Біз Орталық Азияда билігі ауыспаған жалғыз ел болғандықтан, басқаларға көз тастап, билік ауысу жолдарын сараптап, салыстыра аламыз. Меніңше, биліктің ауысуы өзбекстандық сценарийге ұқсас болуы мүмкін. Яғни бәрі элитаның өз ішінде, ешқандай шынайы демократиялық сайлаусыз шешіледі. Оның үстіне бұл қазіргі президент биліктен қалай кетеді, соған да байланысты. Өзбекстан президенті тәрізді кетсе, Конституцияда ондай жағдайда қандай процестер іске қосылатыны жазылған. Сенат спикері президент міндетін атқаруы тиіс делінген. Бірақ элита Конституцияға бағына ма – мәселе сонда. Өйткені Түрікменстан да, Өзбекстан да Конституцияға бағынған жоқ. Егер бізде Конституция сақталса, сенат спикерін элита қолдаса, ол транзиттік тұлғаға айналды. Бұл уақытта екі сценарий іске асуы ықтимал: біріншісі – элита билікке таласып, өзара қырқыс басталады. Бұл, әрине, олардың өздеріне де, қоғамға да теріс әсер етпек. Екінші жол – олар бірігіп, ықпалды ойыншылардың одағын құрып, елдің болашағын анықтап, келесі президентті, жүйенің бағытын белгілейді. Бұл демократиялық жол емес екені түсінікті, десек те, элита ішіндегі осындай келісім белгілі бір уақытқа дейін тұрақтылық пен ахуалды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Элита арасындағы ымыра, консенсус уақыт өте келе қоғаммен келісімге айналуы тиіс. Ал бұл тек элита ішіндегі келісім болып қалып, қоғаммен жаңа келісім жасалмаса, элитаның өзі ақырында құрдымға кетеді. Өйткені элита ендігі жерде жүйе тұрақтылығын қамтамасыз етуші Назарбаев не оның мұрагері емес, әрі элитаның өзі де емес, бұл  қоғаммен өзара келісім екенін ұғуы тиіс. Бұл жерде элитаның да, қоғамның да мүддесі бір жерден шығуы тиіс. Бірақ олар қандай құндылықтар негізінде келісімге келмек?! Элита көпшіліктің өмірін жақсартатын реформа жүргізіп, орта кластың пайда болуына жағдай жасаймыз деп иландыруы керек. Біздегі басты мәселелердің бірі – биліктің ауысуы орта класс бүкіл халықтың небәрі 20-25  пайызын ғана құрайтын жағдайда өтпек. Егер батыстағыдай орта класс 60 пайыз болса, билік транзиті тұрақты әрі тыныш өтеді, өйткені орта тап тұрақтылықтың басты кепілі дей алар едік. Бұл тап наразылық танытып көшеге шықпайды, олар үшін тұрақтылық сақталса болғаны. Алайда елде орта тап бар-жоғы 20 пайыз болып, халықтың қалған 80 пайызы басқа таптарға жататын жағдайда өткен транзит қауіпті, тіпті жарылысқа әкелуі мүмкін. Сондықтан билік орта класқа өтуге мүмкіндік ашатын жағдай тудыруы керек. Бұл – әлеуметтік-экономикалық реформалар, олигархтық топтарға орта және шағын бизнеске жағдай жасау, мүмкіндіктердің теңдігін тудыру деген сөз.

– Бағанадан бері жеткенімізден жетпегеніміз көп екенін талқыладық. Бірақ сөз соңында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін тізіп өтсеңіз. Әңгіме басында ұлтаралық татулықты бір жетістік деп айтып өттіңіз. Басқа жетістіктеріміз бар ма?

– Біріншіден, ең маңыздысы – тұрақтылықтың сақталуы. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін әртүрлі тартыстар туған уақытта тұрақтылықты сақтап қалғанымыз абырой болды. Өйткені кез келген ұлтаралық, дінаралық қақтығыс мемлекетті 10 жыл керіге тастайды. Екіншіден, Қазақстанның көпвекторлы саясаты. Тіпті оппозицияның өзі Қазақстан кедендік одаққа кіргенге дейін мемлекеттің сыртқы саясатын сынаған емес. Қытай, Ресей, Еуроодақтың Қазақстанды бейтарап ел ретінде қабылдап, келіссөз алаңына айналуы, әртүрлі саммиттер өтуі, қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесіне айналуы – осының бәрі Қазақстанға көзқарастың оң екенін көрсетеді. Үшіншіден, адам ресурстарын дамытудың мықты потенциалы. Әрине, жоғалтқанымыз көп. Алайда бұл саладағы потенциалымыз әлі де бар. Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен салыстырғанда адам ресурстары бойынша жағдайымыз жақсырақ. Осы саладағы потенциалды өсіре берсек, әртүрлі салада жетістікке жетеміз деген үміт бар.

– Әңгімеңізге көп рақмет.

Әңгімелескен Елнұр Бақытқызы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.