Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанына бүгін 26 жыл толды. 1991 жылы желтоқсанның 16-сы күні Қазақстан Жоғары кеңесі қабылдаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңға ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған болатын.

Бұл күні ел көлемінде Тәуелсіздік күніне арналған дәстүрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Биыл Қазақстан халқы мейрамға байланысты төрт күн демалады.

Мереке қарсаңында Астанада Тәуелсіздік күніне арналған жиында сөйлеген президент Назарбаев өткен кезеңдегі жетістіктерді атап өтті. «Халқымыздың саны тарихымызда бірінші рет 18 миллионнан асты, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті. Қазақстан биыл бастауыш білім беруді қамту ауқымы жөнінен әлем бойынша төртінші орынға шықты. Өмір сүру ұзақтығы 4,5 жылға өсіп, 72,5 жасты құрады» деді ол.

Қазақстан тәуелсіздік декларациясын бұрынғы СССР құрамындағы елдердің ең соңында жариялаған.

Қазақстан қоғамында желтоқсанның 16-сы күні тағы екі оқиғаны еске алады. 1986 жылы дәл осы күні Мәскеудің Қазақ ССР-і компартиясы жетекшісі Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып, орнына республикаға белгісіз Геннадий Колбинді тағайындау туралы қабылдаған шешімі студент және жұмысшы қазақ жастарының наразылық шеруіне шығуына себеп болды. Алматының орталық алаңында екі күнге жалғасқан шеруді билік күшпен басып-жаншыды. Желтоқсан оқиғасынан кейін жүздеген адам жоғары оқу орындарынан шығарылды, жұмысынан қуылды. Желтоқсан оқиғасына қатысты нақты қанша адамның қуғынға ұшырағаны әлі күнге белгісіз.

2011 жылы желтоқсанның 16-сында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерге байланысты талаптар қойған мұнайшылардың жеті айға созылған наразылық шеруін билік оқ атып күшпен таратты. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзендегі қырғында кемінде 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Ертесінде Жаңаөзеннің іргесіндегі Шетпе ауылындағы халық наразылығы кезінде тағы бір адам оққа ұшты.

Дереккөз Aзаттық Радиосы

قالب وردپرس

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.