2017 жыл да тарих қойнауына енетін уақыт алыс емес. Тауық жылы Қазақстан тарихы үшін несімен есте қалды? 2018 – ит жылы бізді алда не күтіп  тұр? Осы және өзге де толғақты мәселелер туралы саясаттанушы Расул Жұмалымен сұхбаттасқан едік.

БИЛІК ПЕН ҚОҒАМ АРАСЫ АЛШАҚТАЙ ТҮСТІ

Расул мырза, 2017 жыл да тарих қойнауына еніп барады. Сіздіңше, биыл елді елең еткізетіндей қандай ірі оқиғалар болды?  Қазақстандықтар үшін несімен есте қалды?

– Меніңше, Қазақстан үшін ішкі емес, сыртқы оқиғалар көп әсер еткен сияқты. Басқа мемлекеттердің саяси сахнасында болып жатқан түрлі  оқиғалар,  мәселен, Американың жаңа президентінің сайлануы, Ресей мен батыстың арасындағы текетірес, Сириядағы жағдай,  түрлі террорлық әрекеттерді айтуымызға болады.

Ал елімізге келетін болсақ, биылдың алдыңғы жылдардан ерекшелігі болған жоқ. Соңғы 10-15 жылдағы оқиғалар бір-біріне ұқсайды, бірін-бірі қайталайды. Біздің баспасөз мемлекеттік тапсырысқа тәуелді, саяси мәселелерді ашық айтуға түрлі шектеулер болғандықтан, елдегі ішкі-сыртқы оқиғалар ашық талқыланбайды. Сол себепті назар көбіне-көп сыртқы оқиғаларға аударылуда.   Қазіргі қоғамдық пікірдің белгілі бір оқиғаға қатысты реакциясы айқын емес.

2017 жылы жақсылы-жаманды түрлі оқиғалар болды. Солардың бастылары – халықаралық EXPO-2017 көрмесінің өткені, президенттің рухани жаңғыруға қатысты бастамасы.  Осы оқиғалардың аясында біршама жақсы істер атқарылып жатыр. Мәселен, латын әліпбиіне көшу мәселесі біздің қоғамдық-саяси өмірімізге біршама серпін бергені айқын. Дегенмен биылғы тарихи оқиғаның бірі – Алашорда үкіметінің 100 жылдығы. Алаш идеясы – ұлтты ұйыстыра білетін тарихи құбылыс. Өкінішке қарай, біз осы идеяны жүзеге асыру жолдарын, амалдарын пайдалана алмадық. Қысқасы, Алаш тақырыбына қатысты ел есінде қалатындай іргелі шара өткізе алмадық. Жекелеген университеттер мен институттардың, қоғамдық ұйымдардың бірлі-жарым шараларынан өзге ауыз толтырып айтарлық дүниелер қолға алынбады.

Сондай-ақ биыл жер митингісіне қатысушы және соған тікелей кінәлі деп танылған Талғат Аян мен Макс Боқаевтың бас бостандығынан айырылуы, тәуелсіз журналист Жанболат Мамайға қатысты біршама резонансты сот процесі болды. Бір шелек көмір ұрлаған адам жазықты болып, керісінше, түйені түгімен, биені бүгімен жеген жемқорларды босатып жібердік.

Биылғы дағдарыс ештеңе емес, нағыз дағдарыс алда келе жатыр деген пікірлерді жиі естиміз. 2016-2017 жылғы дағдарысты еңсеріп келеміз. Өткенде ғана жанармай қымбаттады. Алда да қымбаттатамыз деп жатыр. Басқа тұтыну заттары  да  20-30 пайызға өсіп кетті. Бірақ жалақы өскен жоқ.  Жалпы, халық бұған қалай төтеп беріп отыр деп ойлайсыз?

Иә, мұның бәрі біздің шикізатқа тәуелді ел екенімізді тағы бір дәлелдеді. Бүгінгі біздің жағдайымыз – ілгерілеу емес, тек күнкөрістің қамы ғана. Халық пен биліктің арасы бұрын да алшақ еді, қазір одан сайын алшақтай түсті. Ат төбеліндей адамдар байыған үстіне байи түсуде, халық кедейленіп барады.

2015-2016 жылдарғымен салыстырғанда жағдай нашарлады. Ресми көрсеткіштер мен шынайы көрсеткіштердің арасы алшақтады. Бір ғана мысал келтіре кетейін. Бізде ең төменгі күнкөріс көрсеткіші, яғни бір адам бір айға өмір сүруге болатын  қаражат, қателеспесем,  22-23 мың теңгенің айналасында.  Сол көрсеткіш бойынша бізде кедейлердің саны 5 пайызға жетпейді. Шын мәнісінде халықаралық стандарт,  БҰҰ  стандарттары бойынша тоқтатылған межемен кедейлік деңгейі – айына 150 доллар. Бұл дегеніміз – теңгеге шаққанда 45-50 мың теңге. Егер осы межемен санайтын болсақ, біздегі кедейлік деңгейі 5 пайыз емес, 40-50 пайыздай болып кетеді.

Біздегі жұмыссыздық деңгейі ресми тұрғыда 6 пайыздай ғана. Шын мәнісінде бұл тек тіркелгендері, ал тіркелмегендері қаншама? Өйткені оларды тіркемейді. Өйткені жұмыссыздыққа тіркелудің машақаты мол.  Оған қоса, өзін-өзі қамтамасыз ететін 3 миллион адам бар. Демек, біздегі жұмыссыздық 30-40 пайызға жетеді деген сөз. Бізде пайда болған тағы бір қызық парадокс – бұл жұмыс істеп жүрген кедейлер. Жұмыс істейді, бірақ тапқан-таянғаны күнделікті өміріне жетпейді. Киімі, дәрісі, демалуы, басқасын былай қойғанда, тамағына жетпейді. Жұмыс істеп жүрген адамдардың ең болмағанда  негізгі қажеттіліктеріне жалақысы жетуі керек. Бізде ондай жағдай жоқ. Шын мәнісінде өте қиын жағдай. Әсіресе моноқалаларда да, ауылдық жерлерде, ірі қалалардың төңірегінде жағдай шын мәнісінде ауыр болып отыр. Басым көпшілік халық  бұл жағдайға төзіп келеді. Мемлекеттік үгіт-насихат, ереуілдердің күшпен жаншылуы, советтік кезеңнен қалған стереотиптер – бұл төзімнің басты себебі.

Бірқатар азамат шетелге қашып жатыр. Сондағы бақуатты тірліктен бақыт табуда. Олар тек орыстілділер немесе славян этносының өкілдері ғана емес, өзіміздің қазақ балалары да мұнда байыз таппауда. Бірақ біз шетелден жақсылық таппаймыз.

Қазір тағы бір алаңдататын жағдай –  өз-өзіне қол жұмсаудың көбейгені. Жасөспірімдер арасындағы суицидтен біз әлемде екінші орындамыз. Бұл да қазіргі жағдайға деген қоғам реакциясының көрінісі. Енді бір бөлігі түрлі экстремистік ұйымдардың жетегінде кетіп жатыр.  Бұл көрсеткіш тым жоғары болмаса да, өте алаңдататын мәселе. Нақты статистикасы жоқ.

Ел экономикасының құлдырауын тағы қандай проблемалар арқылы айқындауға болады? Сыртқы қарызымыз туралы не айтасыз?

– Жалпы, біздің көп проблемамыз Ресеймен тікелей байланысты. Ал Ресейдің өзінің жағдайы оңып тұрған жоқ. 2014 жылдан бері Ресей мен батыстың арасындағы текетірес мүлдем күшейіп барады. Сол текетірестің салдары Қазақстанға да тиіп отыр. Ресейге салынып жатқан экономикалық санкциялардың кесірінен біздің экономикамыз да құлдырап барады. Өйткені біз Еуразия экономика одағына мүшеміз. Сол одақ арқылы өзіміздің сауда, инвестиция, экономикалық мүмкіндіктерімізді Мәскеудің қолына беріп қойдық.

Соның кесірінен көп шығынға батып жатырмыз.  2010 жылдан мұнай бағасының көтерілгенінің арқасында  алтын қорын, мұнай қорын көбейттік. Сонымен қатар халық қаржысының көмегімен басқа да қорларды құрдық. Мысалы, зейнетақы қоры. Өкініштісі, біз сол зейнетақы қорына да қол салдық. Қол салғанда мол салдық. Бұл – мемлекеттің ақшасы емес, халықтың қаржысы. Экономиканы сауықтыру мақсатында құрылған  Ұлттық қордың қаржысын да талан-таражға сала бастадық.   Бұл – ақша құртудың ескі әдісі. Екіншіден, сыртқы қарызымыз жылдан-жылға артып барады. Қазір жалпы Қазақстанның сыртқы қарызы жан басына шаққанда әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі, ТМД елдері арасында ең жоғарғы көрсеткіш. Ол 176 миллиард долларға жетіп отыр. Яғни Қазақстанның әрбір азаматының мойнында  10 мың доллардан қарыз бар. Биыл ЭКСПО-ны өткізу, екінші дәрежелі банктерге көмектесу секілді мәселелерге көп қаржы жұмсалынды.

Мұнай бағасының құлдырағанынан жапа шегіп отырған мемлекеттер некен-саяқ. Демек, біздегі дағдарыс қаржылық-экономикалық дағдарыс емес, саяси дағдарыс. Мемлекеттік басқару жүйесінің дағдарысы. Бұл – мемлекет пен қоғамның арасындағы байланыстың үзілуі. Әрқайсысы өз мәселесімен айналысып жүр. Билік өз ЭКСПО-сымен, өз жиналысымен, қарапайым жұрт күнкөріс  мәселесімен. Бұдан былай да осылай жалғаса беретін шығар. Бірақ бұл дағдарысты іштей реформалауға биліктің өзі қазір дайын емес. Өкінішке қарай, бұл әрі қарай ушыға беретін түрі бар.

ЖАҚСЫ ИДЕЯЛАР НАУҚАНШЫЛДЫҚТЫҢ ҚҰРБАНЫНА АЙНАЛЫП КЕТУДЕ

– Биыл сәуір айынан бері «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы талқыланып жатқаны мәлім.  Қазір осы мақаланы түсіндіру және насихаттау мақсатында біршама қаржы бөлінді. Арнайы комиссия құрылып, ауылдарды аралап, рухани жаңғыруды түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады. Бұл баяғыдағы кеңестік дәуірдегі үгіт-насихатты елестетеді екен. Жалпы, рухани жаңғыруды қалай түсінген жөн? Бұған бөлінген қаржыны мақсатты әрі пайдалы жұмсау үшін не істеген дұрыс деп ойлайсыз?

– Иә, ауылдарды аралап, президент саясатын түсіндіру жұмыстары  совет заманынан қалған жаман дағды. Өркениетті әлемде мұндай тәжірибе жоқ. Трамптың бір шешімін конгресмендер Техасқа барып  түсіндіріп жүр дегенді естідіңіз бе? Тіпті елестетудің өзі күлкілі.

«Рухани жаңғыру мәселесі» керек-ақ шаруа. Бұған дейін билік көтерген мәселелердің ішінде көңілге қонымдылары жетеді.   Солардың ішінде қоғамның қатты қарсылығына ұшырағандары – Жер кодексі, үштілділік және Кедендік одаққа мүше болғанымыз.  Ал «Мәңгілік ел», « Қазақстан -2050», «Дамыған 50 елдің қатарына қосылу» сияқты идеялары өте жақсы дүниелер, оларды қолдаймын. Бірақ, өкініштісі сол, бір сәттік науқанға айналдырмай, жүйелі түрде жүзеге асыруды мақсат ету керек. Билік 2016 жылғы жер митингілерінен кейін халықтың пікірімен санаспаса болмайтынын түсіне бастады. Содан кейін жер комиссиясы, латын әрпіне көшу жөніндегі қоғамдық комиссия секілді топтар құрып, оған азаматтық қоғам өкілдерін көптеп тарта бастады. Бұрын билік пен халық арасында мұндай диалогтар жасалмаған еді. Дегенмен «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «Латын әліпбиіне көшу», «Рухани жаңғыру» секілді мәселелер билік басындағылар толықтай өздері түсініп, өздері ұмтылғанының арқасында туындады ма, жоқ әлде кезекті бір саяси технология ма? Бұл соңғы кездері жиі орын алып жатқан наразылық акцияларынан (жер шерулері, тіркеу мәселелері т.б.)  қоғамның көңілін басқаға аудару реті де болуы мүмкін.

Ең бастысы, бізге бір формат, мүмкіндік берілді. Біз осыны пайдаланып, өзіміздің осы саладағы мәселелерді шешіп алуға ұмтылуымыз керек. Бұл әлі күнге дейін өз тұғырына қона алмай келе жатқан қазақ тіліне, әліпбиіне керек дүние.

Рухани жаңғыру – көпсалалы дүние. Соның бастысы – саясатта, демократияда, экономикада, мәдениетте, өнерде бүгінгі заман талабына сай болу. Осылардың бәрін өз тәжірибемізден алу. Біздің қоғам билікке қарап қимылдайды. Сол үшін де рухани жаңғыру тұрғысынан билік дұрыс нәрсемен айналысатын болса, жеке бір ісімен, әрекетімен үлгі берсе жөн болар еді. Керісінше, биліктің өзі орысша сөйлейтін болса, халық қалай жұмыс істейді?! Билік өзі жемқорлықпен айналысса, басқалар да солардың соңында жүреді. Биліктің өзі осыны түсініп, өздері жаңғыруға ұмтылуы керек.

ЛАТЫН АЛФАВИТІ БІЗДІ ТҮРКІ ДҮНИЕСІМЕН ЖАҚЫНДАСТЫРА ТҮСЕДІ

–  Латын әліпбиіне байланысты әртүрлі көзқарас бар. Біздің қоғам латын әліпбиіне әлі дайын емес. Өйткені дайын алфавит жоқ. Екінші мәселе: биліктегілердің 99 пайызы орысша сөйлейтін болса, ісқағаздарын орысша жүргізетін болса, ал орыстілді қоғам латын әліпбиіне көшпейтін болса, латынның  бізге қаншалықты қажеті бар деп ойлайсыз?  Қазірдің өзінде бір идеяға жұмыла алмаған қоғамды бұл латын әліпбиі біртұтас қоғам ретінде ұйыстыра алады деп ойлайсыз ба?

 – Біздің қоғамда қазақты кемсітетін, қазақтарды төмендететін көптеген стеротип бар. Мәселен,  1991 жылға дейін қазақтың мемлекеті болмаған, қазақтар жалқау, демократияға дайын емес т.т.с.  Бұл белгілі бір дәрежеде нацистік көзқарас. Бір ұлтты басқадан жоғары қою. Бір ұлттың қабілетін басқадан жоғары санау. Бұл шындыққа сай емес. Барлық халық бірдей. Білімі, парасаты, ой, мүмкіндігі. Мәселе – соны дамыта білуде. Қазақ қоғамы латын әліпбиіне дайын емес деген мәселе де осындай стереотиптен туындап отыр. Кім дайын болды? Кез келген дүние эволюциялық жолмен дамиды ғой.  Ең бастысы – сол мақсатты қоя білу, сол мақсаттың аясында ұлтты ұйыстыра білу. Латын әліпбиін жүзеге асырудың да өзіндік кезеңі, даму сатылары бар.

Бұл мәселе біздің қоғамда талқыланғалы біраз уақыт өтті. Көршілеріміздің бәрі (қырғыздан өзгесі) латын әліпбиіне көшіп алды. Кириллицада қала беретін болсақ, ол  түбі қазақ тілінің табиғатын, дыбысталуын бұзады. Кириллица біздің әліпбиіміз емес. Баяғыдан оны өз әліпбиімізге дыбысталуы жақын әліпбиге ауыстыру керек еді.  Бұл жерде үш балама болды. Біріншісі – төте жазу, екіншісі – Орхон-Енисей жазулары, үшіншісі – латын әліпбиі. Үшеуінің ішіндегі ең жақыны, біздің тілдік ерекшеліктерімізге ыңғайластырылғаны – латыница. Бүгінде әлемнің 70 мемлекеті латын әліпбиін қолданады.

Әрине, қоғамда бүкіл мемлекетті бір тілге, бір ұлттық идеологияға шоғырландырып алмай, латын әліпбиіне көшуге болмайды деген пікір бары рас. Оны белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов ағамыз да айтып жүр. Шын мәнісінде қонымды уәж. Бірақ біз өзгелердің қазақша сөйлеуін күтудей-ақ күттік. Енді тағы 25 жыл күтсек тым кеш қаламыз.  Ендігісі – орыстілділердің өз проблемасы.

Ал дайын әліпбидің болмауы – мемлекеттік басқару жүйесіндегі дағдарыстың көрінісі. Мемлекеттік билікте отырған шенділер қоғамдық комиссияны жасақтағанымен, оның мүшелерінің пікірін ескермеді. Комиссия құрамындағы Дос Көшім, Айдос Сарым секілді қоғамдық белсенділер одан шығып кетті не шығуға мәжбүр болды. Мемлекеттік биліктің сөзін сөйлейтін бірнеше ғалымнан құрылған комиссия президенттің өзін ыңғайсыз жағдайда қалдырды. Алфавитті қабылдау барысында үш қағидат басшылыққа алынған еді. Солардың бастылары – бір әріп – бір дыбыс талабы, мүмкіндігінше компьютер пернетақталарына жақындату, соның шегінен шығып кетпеу.

Неге екенін қайдам, екі жоба да тым асығыс жасалды. Біріншісіне сын қатты болғандықтан, афострофтық екінші үлгіні жасады және жоғары жаққа жалған ақпарат берді. Биліктің құзырындағы бірнеше басылымға бұл туралы жағымды ақпарат жариялатты да, президентке барлық қоғам қолдап жатыр деген өтірік ақпарат жеткізілді. Соның салдарынан президент қате шешім жасап, қате жарлыққа қол қойды. Заңды тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл – мемлекеттің тағдырын өзгертетін шешім. Бұның мәртебесі ешқандай жарлық деңгейімен өлшенбейді. Басқа мемлекеттердің тәжірибесін ескеретін болсақ, алфавит реформа арқылы жүргізіледі. Меніңше, бұл әліпбиге де қажетті өзгерістер енгізілетін болады.

БІЗ МЕМЛЕКЕТТІК, АЗАМАТТЫҚ КӨЗҚАРАСТЫ ДАМЫТУҒА КҮШ САЛУЫМЫЗ КЕРЕК

– Біз көршілермен қарым-қатынасымызда да екіжүзді саясат ұстанатын секілдіміз. Мәселен, Ресейдің кез келген талабына бас шұлғимыз да, көршілес қырғыз президентінің бір ауыз сөзіне соншама шамданып, екі қарапайым халықтың арасында үлкен дау тудырдық. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан даласында Ресейдің әлі де бес ірі полигоны бар. Оның үстіне Торғай даласына зымыран қалдықтарын құлатуға тағы да келісіп отырмыз. Ресей полигондарынан қайтарып алған Тайсойған, Төретам, Ақай елді мекендерінің жайылымға жарамсыз болып қалғанын да жасырып келеміз

– Иә, бұл екіжүзді стандарт. Шынында, бізде тек қана Байқоңыр емес, қателеспесем, осындай бес ірі полигон бар. 1991 жылы Семей полигоны жабылғанда барлығы қуанды. Бірақ  Капустин-Яр, Саршаған, Балқаш секілді ірі полигондар жайында көп ауыз аша бермейміз. Бұл полигондардың аумағы да өте үлкен. Тек Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының өзі  6000 шаршы шақырымды алып жатыр. Зымыран құлайтын траекторияларының өзі қаншама. Менің білуімше, Ресейдің Қазақстандағы базаларының аумағы Еуропадағы Румыния елінің аумағымен бірдей.  Бұлар жай жалға алып жатқан жоқ. Бұл жерлер Ресейдің анклавы. Яғни бұл жерлер Қазақстандағы Ресей территориялары. Онда  Ресейдің заңдары жүреді. Неге осы уақытқа дейін Ресейдегі полигондар туралы нақты талап қоя алмай келеміз?!  Әлі де Ресейдің алдында сескену бар. Демек, 25 жылда біз өзімізді әлі де толық тәуелсіз сезіне алмай келеміз.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Атамбаевтың қазаққа жаулық көзқарас танытуының астарында да Ресейдің айдап салу саясаты жатқандай көрінеді. Бұған дейін қырғыз бен өзбектің қырғиқабақ болып келгені белгілі. Өзбектегі биліктің ауысуына орай, екі ел арасында жылымық пайда болып еді, қырғыз бен қазақтың қарым-қатынасы ушыға түсті. Айналып келгенде, негізі мәселе өзімізге келіп тіреледі. Шенділер Қазақстан мүддесі тұрғысынан шешім қабылдауда қаншалықты қауқарлы? Бізде мемлекеттік, азаматтық көзқарас жоқтың қасы. Жалпыұлттық тұрғыда бірен-сараңдар ғана көтеріледі. Мемлекеттік мүддені ойлайтындар аз. Қазақтың жерін қолдап шыққандардың да, гептилге қарсы тұрғандардың да, Кедендік одаққа қарсылық танытқандардың да қарасы өте аз болды. Бұл халықтың емес, биліктің әлсіздігі. Негізі, сырттан осындай дау пайда болғанда кез келген мемлекеттің күші, оның ұйымдасу қабілеті, ауызбіршілік мәселесі бізде жоқ. Яғни кішігірім жағдайға дайын болмай шықтық. Осалдық таныттық. Қырғыздарға тиісті жауап беретіндей деңгейде ешкім шыға алмады. Оған да бір жақсы кадр, жақсы тәжірибелер болу керек. Егер ертең анау кішігірім Қырғызстан емес,  Ресей Украинаға, Беларусьқа тиіскендай ақпараттық шабуыл бастайтын болса, әлдеқайда зор шабуыл болса, оған жауап беретін кім бар?

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстанда 1,5 миллион азаматтың біздің ақпараттық кеңістіктен шығып қалғанын мәлімдеді, демек, олар  толықтай Ресейдің ақпараттық кеңістігінде отыр. Оның үстіне біздің баспасөздің екі функциясы ғана қалды: бірі – билікті мақтау функциясы, екіншісі – көңіл көтеру. Ой салатын, қоғамдық пікір қалыптастыратын баспасөз өнімі жоқтың қасы. Әсіресе теледидарды алып қарайтын болсақ, мүлде бос жатқан кеңістік. Журналистік зерттеулер, ток-шоу көзден бұл-бұл ұшты. Бұның бәрін бізге ұсынып отырған – Ресей. Біз әлемге Ресейдің көзқарасымен қараумен келеміз.

Қазір Қарағандыда, Жезқазғанда не болып жатыр, біз одан бейхабармыз. Бірақ Калифорнияда қайдағы бір жоқ өрт болып жатқанын білеміз. Біздің баспасөз мүлде қауқарсыз.  Бұл мемлекеттің сырты – бүтін, іші – түтін екенін көрсетеді.

– 2018 жылы доллардың теңгеге шаққандағы бағамы қаншалықты деңгейде болады? Долларды  күшпен ұстағаннан не  ұтамыз?

– Осыдан екі жыл бұрынғы девальвация болғанда, біздің билік басындағылар енді оны еркін айналымға жіберетінін мәлімдеген еді. Қазір өз сөздеріне өздері қарсы шығып, өздеріне-өздері қайшы келіп отыр. Бұл – қолдан жасалатын нәрсе емес, кез келген валютаның долларға шаққандағы құны  экономиканың орнықтылығының, тұрақтылығының, сапасының көрсеткіші. Біздегі экономикалық, саяси, қаржылық дағдарысты еңсеруге биліктің қауқары жоқ. Ол үшін түбірлі реформалар керек. Оларға принципті түрде қазіргі басшылық дайын емес. Дағдарыс одан әрі тереңдей бермек. Ол экономикаға кері әсер етеді. Теңге құлдырай түседі. Қазірдің өзінде доллар бағамы біраз деңгейге көтеріліп кетті.

Неге біз өзімізді кедей мемлекеттермен салыстырып, олармен салыстырғанда жағдайымыздың жақсы болғанына мәз боламыз?! Неге дамыған мемлекеттермен: АҚШ, Сауд Арабиясымен салыстырмаймыз?! Бұл да бәсекелестікке қарсы көрсеткіш. Бізде жүйелі проблемалар бар. Оларды шешу үшін жүйелі қадамдар керек.

–Әңгімеңізге рақмет.

 Әңгімелескен Есенгүл Кәпқызы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз