немесе ішкі оппозициядағы сыртқы фактор

Бүгінде Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді білмейтін адам кемде-кем шығар: оның әрбір қадамы туралы ақпарат әлемнің ең беделді баспасөзі арқылы тарап жатады, өзі де тыныш отырмайды, батыл, кейде оғаш та оқыстау көрінетін қимыл-әрекеттерімен елді анда-санда бір шулатып қояды.

Сондықтан да бір елге сыймай, басқа елді дүрліктіріп жүрген оның қазіргі заманғы саясаттағы орны бөлек. Шалғайда жүрген қайраткердің феноменінің себептері мен салдарын және де ондай фактордың біздің елдегі ахуалға қаншалықты әсері болады – сол туралы айтып көрейін.

Саясаткер ретінде Михаилдың жолы  кедір-бұдыр әрі бұралаң.

Алдымен президент Эдуард Шеварднадзені қолдаған саяси күш қатарында парламентке кірді. Кейін оған қарсы шығып, оппозиция қатарына көшіп, 2003 жылы қолдарына раушан гүл ұстап, парламенттің ғимаратын басып алған күштермен бірге, басқа ұйымдар мен тұлғалармен коалиция құрып, билікке келді (кейін ол әріптестерімен де сөзге келіп, ат құйрығын кесісті).

Оның өз Отанындағы президенттігі туралы да пікір екіұдай.

Оны құлай сүйген және сөзі мен өзіне шаң жуытпай, пір тұтатын фанаттары сол тұста аса тиімді экономикалық реформалар жүргізіліп, жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жүргізілгенін айтып, оны мақтан етеді.

Екіншілер мүлдем басқа пікірде. Олардың ойынша, бір клан биліктен кетіп, орнына басқа, дәл сондай жемқор әрі қарсыластарын жермен-жексен етуге дайын клан келді де, еш нәрсе өзгерген жоқ.

Меніңше, ақиқат осы екі, бір-біріне кереғар бағаның қақ ортасында жатыр.

Шынымен де, Саакашвили билікке келгелі совет дәуірінен ұйымдасқан қылмыстық топтар мен «заңдастырылған ұрылар» институтының бір плацдармына айналған Грузияда қылмыс деңгейі мен жемқорлық біршама азайғаны рас. Полиция және басқа да құқық қорғау органдарына қатысты радикалды реформа жүргізілді, ол күрестің нәтижесі де болды. Экономикада да біршама оң өзгерістер орын алды. Ол заңды да, өйткені бизнестің ең басты жауы мен кедергісі нақ сол жемқорлық емес пе?!

Бірақ Михаилдың президенттік екі мерзімі ішінде жылдар бойына қордаланып қалған проблемалардың бәрі өз шешімін тапты деу артықтау: ол басқарған жүйенің де өз кемшіліктері болды.

Осы қателіктерді оның саяси қарсыластары тілге тиек етіп, ақыр соңында президент Саакашвилидің өз елінен безуіне тура келді.

Міне, енді басқа елдің азаматы Украина сияқты тәуелсіз әрі тұғырлы мемлекеттің ішкі саясатының басты тұлғасына айналып кетті. Әрине, Саакашвилидің өз елінде қол жеткізген жетістіктерін, Грузия қоғамын бір қадам болса да, батыстық демократия стандарттарына жақындастыра түскен батылдығын құптаймын. Бірақ оны идеал санайтын адамдар түтіп жеп қойса да, оның өз Отанында емес, басқа елде «сұлтан болғысы» келіп, сол елдің ішкі істеріне соншалықты белсенді түрде, соның ішінде билікке таласуы сияқты оғаштау қадамдарын қабылдай алмаймын. Мәселен, Қазақстанға келіп, басқа бір елдің супердемократы, суперқайраткері өзгеріс әкелемін деп жатса, біз, тәуелсіз ел азаматтары, не істеуіміз керек?! Одан да өз арамыздағы халық пен қоғамның сөзін сөйлеп, нақты әрекет жасап жүрген қандастарымызды қолдап, өз елімізді өзгертуді өзіміз  қолымызға алмаймыз ба?

Сонымен бірге өз ішімізде де «қазаққа өз Саакашвилиі (немесе Навальныйы) керек» деп айтатын азаматтардың уәжінде жөн бар. Жылдар бойына қордаланып, өз шешімін таппай жатқан проблемалардан әбден зәрезап болған жұрт сондай бір көзсіз батырды аңсайды. Бір сөзбен айтқанда, қоғам мен билікті дүр сілкіндіре алатын сондай бір күшке («жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас», бұл грузиялық және ресейлік қос саясаткердің де артында мықты қоғамдық ұйымдар тұр) немесе жеке тұлғаға заман да, жұртшылық та зәру. Сондай сұрау бар!

Әйтпесе бізді шетел асып кеткен қазақтар жарылқай ма?

Мәселен, 90-жылдардың соңында саяси эмиграцияға кеткен экс-премьер Әкежан Қажыгелдин бар. Кезінде РНПК атты мықты партия құрды, талай тәуелсіз ақпарат құралын ашып, Қазақстанда демократиялық құндылықтар енуіне орасан зор үлес қосты. Қазірдің өзінде ол шетел асып кеткен қазақстандық қаржыны елге қайтару жолында тер төгіп, еңбектеніп жүр. Кезінде сотталса да, оның айыпты екеніне көп адам сене қойған жоқ. Осындай тәжірибелі әрі білімді азамат елге келіп, экономика мен қоғамның дамуына өз үлесін қосса, құба-құп болар еді. Өйткені оған қарсы тағылған қылмыстық айыптар тіпті негізсіз,  бар құны бес тиын екенін уақыт көрсетіп отыр.

Немесе соңғы кезде шетелде жүріп, екінші ДВК (ҚДТ) құрған экс-банкир Мұхтар Әблязовты алайық. Әрине, қазірде оған қарсы бір уәж айтсаң болды, базбіреулер «Ақорданың сойылын соғып жатыр» деп кінәлай бастайды. Бірақ «дос жылатып айтады» әрі «алажағым кетсе де, айтажағым кетпесін». Оның үстіне бұрынғы әріптестерін қаралап, күйелеп, осы әңгімені бастаған Мұхтардың өзі!

Шынын айту керек, ол  2001 жылы басқа әріптестерімен бірге алғашқы ДВК құрғанда біз, ескі оппозиция, оларды ашық қолдадық. Өйткені демократиялық күштер қатарына жаңа, қауқарлы да қаржылы топ, жас леп келді. Мұның өзі тамаша бастама болатын. Содан кейін Әблязов басқалармен бірге қудалауға ұшырады. Оның алғашқы сотына барып, АҚШ-тан адвокат әкеліп, бір адамдай қорғаштадық.

Түрмеден шыққаннан кейін ол БТА банкті басқарып, бизнеске кетті. Кейін елден кетіп, тағы да ашық оппозиция алаңына оралды.

Ол жағын да қолдадық, өйткені оппозиция қатарында жүрген кез келген адам  құрметке лайық.

Бірақ француз түрмесінен шыққан соң Әблязов екі өрескел қателік жасады.

Біріншіден, ол Парижде отырып, ел ішінде оппозициялық өмірдің суығына тоңып, ыстығына күйіп келе жатқан, режимнің бар өктемдігі мен теперішіне шыдап, басқа елге қашып кетпеген біраз адамды талағы тарс айырылып, қаралай бастады. Меніңше, біріккісі келетін саясаткер олай жасамайды. Ал бірікпей, біз еш нәрсе де істей алмаймыз. Құдды бір өз тағдырын шешетін батыс соттарына «Қазақстандағы жалғыз оппозиционер – мен ғанамын!» деп сигнал беріп жатқан сияқты. Менің ойым басқаша: егер де ортақ – демократия мен әділеттік жолында күрес – мақсат болса, онда өз әріптестеріне күйе жақпай, керісінше, жақсылығын асырып, бір-бірімізге жақындай түсуіміз керек. Әблязовтан ондай оң ниет көрген жоқпын. Өзінің осы көзқарасы арқылы ол 20 жылдан астам билікке қарсы шығып, басын нартәуекелге тігіп, халықтың сөзін сөйлеп жүрген барша қауымның еңбегін жоққа шығарып жатыр деп санаймын. Кейде ұйып тұрған ортаға жік салу, өзінен басқа ешкімді мойындамау кейбір көсемдердің «сүтпен еніп, сүйекке сіңген әдеті ме» деп қаласың. Ондайдың талайын көргенбіз ертеректе.

Екіншіден, өзіне қатысты өткен сот процесінде тағылған барлық айыпқа әр бабы бойынша жауап беруі керек деген ұсынысыма ол жауап қатпады. Әрине, оның сотының саяси астары болғаны да рас, бірақ шынымен де БТА банктің миллиардтаған қаржысын өзімен бірге шетелге алып кетпесе, өзін айыптаған прокурорлардың әрбір сөзін жоққа шығарып, нақты фактілер келтіріп, өз абыройын арашалап алуы қажет еді. Олай етпеуінің өзі біраз ойға жетелейді.

Ол билікке қатысты қатты сөздер айтып жүр. Ол да дұрыс. Өйткені ол билік басындағылармен, олигархтармен тонның ішкі бауындай араласты, олардың қыр-сырын бір адамдай біледі. Бірақ оның барлық ұраны мен ұсыныстарының артында саяси позициядан гөрі жеке басының кекшілдігі тұрған сияқты. Не болса да есесін қайтарып алғысы келетін секілді. Ал ондай субъективизм жақсылыққа апармайды. Мәселен, билік қатарындағы кейбіреулерді әшкерелейтін жарияланымдарында да біреулерді қаралайды, ал басқа біреулерге тиіспейді. Ол да қызық…

Осы орайда, осы адамдардың саяси әріптестері туралы айтуға тура келеді.

Мәселен, біздің әңгімеге арқау болып отырған Саакашвили алғашында қазіргі президент Порошенкомен саяси альянс құрды. Тіпті Одесса облысының губернаторы болды. Онысы ұзаққа созылмады, бүгінде екеуі бір-бірінің әкесін өлтіргендей қас жау, ымыраға келмес дұшпан, тақ үшін күрестегі бақталас. Міне, «сауда мен саясатта достық жоқ» деген мәтелдің тамаша иллюстрациясы.

Әблязов «екінші ДВК» құрғанда да, ел ішінде жүрген бұрынғы ДВК-лық әріптестері оны қолдай қоймады. Оған не себеп болғанын өздері білер.

Шетел факторының тағы бір қызық көрінісі бар. Қит етсе болды, «АҚШ Госдепіне» кінә артатындар да табылып жатады. Ұмытпасаңыздар, өткен жылғы жер толқуы кезінде ресейлік телеарнаның біздегі бір филиалы «жер митингілеріне әр адамға 100-150 доллардан таратылды» деген ақпарат таратты. Қызық, осылар шынымен де қазақ деген халық өз жері үшін тек ақшаға бола алаңға шығады деп ойлай ма екен?!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау.

Қазір жылға қорытынды жасар мақалалар жарияланып жатыр.

Меніңше, Қазақстандағы саяси жылдың атаулы екі оқиғасы бар, оның екеуі де заңға қатысты.

Бірі – ендігі жерде Қазақстан азаматы өзін-өзі президенттікке ұсына алмайды (бұл бап Конституцияға қайшы келетініне қарамастан, парламент оны қабылдап тастады). Яғни бұдан кейін мемлекеттік басқару саласында кемінде бес жыл еңбек өтіліне ие сондай үміткерді тек саяси партия мен республикалық мәртебесі бар қоғамдық ұйымдар ғана ұсына алады. Ал ұйымдар мен партиялардың қандай жағдайда екенін ескерсек, ертеңгі президент сайлауына кім түсіп, кім жеңетінін ішіміз сезіп отыр ғой. Мұның өзі болашақ мұрагердің саяси, құқықтық және моральдық жағынан легитимді болуына өз кесірін тигізеді.

Екіншісі – ендігі жерде кез келген ақпарат құралы коррупционер туралы жеке ақпарат жариялау үшін сол жемқордан жазбаша рұқсат алуы тиіс. Бұл дегеніңіз – осыдан кейін ешбір ақпарат құралы ешбір коррупционер туралы бір ауыз сөз айта алмайды деген сөз,

Бұл екі өзгеріс – биліктің алда күтіп тұрған транзиттік кезеңге өзіндік дайындығының апогейі, олардың балама күштер мен балама ақпарат алдындағы үрейі мен қорқынышының жарқын көрінісі.

Бірақ кез келген қоғам дамуының өз логикасы мен заңдылықтары бар. Уақыт келіп, осы екеуі (және де басқа, демократияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын заңнамалық өзгерістер) бір сәтте өзгеріп шыға келеді.

Сондықтан да Қазақстанда демократия орнату – ол Қазақстан халқының өзінің төл ісі. Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ – мақсат ортақ. Сол себепті ел ішінде жүрген демократиялық күштер бірге болуы шарт. Сонда ғана біз нақты жетістіктерге жете аламыз.

Келе жатқан жаңа – 2018 жыл құтты болсын!

 

Әміржан Қосанов, тәуелсіз саясаткер

«Жас Алаш» газетінің тұрақты авторы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз