«Апам да аң-таң, мен де аң-таң» демекші, Ақтөбе қаласында өткен «Жыр арқауы – жаңғыру» атты республикалық ақындар айтысы ел-жұртты аң-таң қылып тастады. Өйткені мәдениет және спорт министрлігі бұл айтыс туралы таратқан ақпаратта «Алтын домбыра» деген сөз мүлдем жоқ болатын. Ақырында жеңімпаздарды марапаттар кезде бұл «Алтын домбыраны» қорытындылаған айтыс екені мәлім болып, министрліктің бет-пердесі ашылды.

Әңгімені арыдан бастасақ, былай ғой… «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылды. Бұл доданың алғашқы жеңімпазы Мұхтар Ниязов (2012 жылы) болған. Бас бәйгені 2013 жылы Жандарбек Бұлғақов иеленсе, 2014 жылы Балғынбек Имашевтің еншісіне бұйырды. Ал 2015 жылы «Алтын домбыра» Аспанбек Шұғатаевқа, былтыр бұл жүлде айналып Мұхтардың қолына қайта келді.

Өткен жылы Қазақстан халқы асссамблеясының кезекті отырысына қатысқан президент: «Меніңше, айтыс алдымен облыстарда өтсе, сол жерлерден жеңімпаз шықса, оларды таңдап, республика бойынша көрсетсе, дұрыс болар еді. Кілең дүлдүлдер шығуы тиіс. Оның сөзі әніне сай болуы қажет. Әйтпесе сендер «Назарбаевты мақтаңдар» деп тапсырма бересіңдер, содан неше түрлі бәлелер айтылып кетеді. Адам тыңдамайтын…» – деген болатын.

Биыл да «Алтын домбыра» барлық облыстарда ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды. Енді аймақ мықтылары өзара сөз қағыстырып, қорытынды айтыста жеңімпазды анықтауы керек болатын. Осы тұста «бұл қорытынды айтысты белгілі ақын Жүрсін Ерман жүргізбейді екен» деген әңгіме шығып, Жүрсін Ерман «Жас Алаш» газетіне сұхбат беріп, шынында, айтысты белгілі бір топтар иемденіп кете ме деген қаупін жеткізген еді. Белгілі ақын бекер қауіптенбеген екен. Әрине, қазақ айтысын Жүрсін Ермансыз елестету қиын. Оның сөз сайысының дамуына, өркендеуіне қосқан үлесі өте зор. Жасыратыны жоқ, қайбір жылдары да аламан айтысты Жүрсінсіз де ұйымдастырғандар болды. Бірақ бәрібір қазақ айтысының Жүрсін Ермансыз сәні болмайтынына көздері жетіп, жыр жарысын қайтадан өз қолына табыстаған. Бұл жолғы қорытынды айтыс Ақтөбе қаласында өтті. Әрине, бұл сөз додасын міндетті түрде Жүрсін жүргізуі керек деп айту бір жағы артық та шығар. Ең бастысы, ақынның сөзі халыққа жетуі керек қой. Бірақ  айтыс бастала салысымен көрермен қауымның «Жүрсін қайда?» деп айқайлауы қазақ айтысы мен Жүрсін Ерманның бір-бірінен ажырамас, бір дүние болып кеткенін айғақтап тұрса керек. Және ең сорақысы, бұған дейін ақ тер, көк тер болып айтысып, өз аймақтарының мықтысы атанған айтыскерлердің бұл сахнадан бой көрсетпеуі жұртты одан бетер аң-таң қылды. Сонда жыл бойы «Алтын домбыра» аймақтарда не үшін өткізілді? Мәдениет және спорт министрлігі өзімбілермендік жасап, өздері қалаған айтыскерлерді додаға қатыстыра берсе, жыл бойы аймақтарда айтыс ұйымдастырып, жеңімпаздарды анықтап, босқа арамтер болудың қажеті қанша еді? Бұл министрліктің аймақтарда өткен «Алтын домбыраны» мойындамауы ма, жоқ әлде Жүрсін Ерманды тұқыртуы ма? Қалай айтсақ та, Ақтөбеде өткен аламан айтыс жыршы қауымның арасына жік түсіргені жасырын емес.

Ақтөбеде өткен «Жыр арқауы – жаңғыру» атты республикалық ақындар айтысында қазылар алқасының шешімімен Данияр Алдабергенов, Қуаныш Шарманов, Мурадым Ерланов және Сағадат Нұрмановтар алғысхат пен 350 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. ІІІ орын Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамыс және Әсет Дүйсебаевқа бұйырды. Олар 750 мың теңге көлеміндегі сыйлыққа ие болды. Екінші орынды Жарқынбек Наушабеков алды. Оған 1 миллион теңге қаржылай сыйлық берілді. Бірінші орын алған Сырым Әуезханға 2 млн теңгелік сыйлық табысталды. Ал бас жүлдеге тігілген 3 миллион теңге мен «Алтын домбыраны» Жандарбек Бұлғақов жеңіп алды.

Ақтөбедегі айтыс елді аң-таң қылды

Жүрсін ЕРМАН, ақын:

–«Алтын домбыра» айтысының қорытындысы Ақтөбеде өтті. Министрлік өздері ұйымдастырып өткізді. Айтыс ақындарының ешқайсысына «сен барма, қатыспа» деп айтқан жоқпын. Бірақ бұған дейін аймақтарда өткен «Алтын домбырада» үздік деп танылған айтыскерлердің ешқайсысы ол айтысқа қатысқан жоқ. Министрлік бұл ақындардың барлығын шеттетіп тастады. Яғни осыдан алты жыл бұрын қабылданған айтыс ережесіндегі «Қорытынды айтысқа тек аймақтардағы додада бірінші орын алған айтыскерлер ғана қатысады» деген ереженің талабы бұзылды. Министрлік бұл айтыскерлерді керек қылмаған соң, біз басқа айтыс ұйымдастырып жатырмыз. «Тәуелсіздікке тарту» деп аталатын бұл дода осы айдың аяғында Алматыда өтеді. Жеңімпаз ақынға «Айтыстың ақтаңгері» деген атақ және 10 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі.

Таңатар Таған

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу