Технология дамып, соңғы кездері жұрттың бәрі неше түрлі сенсорлы ұялы телефон ұстайтын болды. Мен сияқты студенттерде де бір бір соңғы үлгідегі қымбат ұялы телефон. «Әкемнің туған күніме сыйлығы», «бауырым әперді» деген құрбыларымның сөздері де қызықтырып қоятын. Ал менде сол баяғы нокиа.

Бірінші курста стипендиямнан жинап жүріп, Көк базар маңайындағы сатушылардан алған қарапайым телефон. Оның жадысы да қазір шығып жатқан әр түрлі трендтегі бағдарламаларды көтере бермейді. Автобуста ұрланбай, қағылмай, соғылмай осы уақытқа дейін аман-есен жеткеніне риза болып жүре беретін едім, тобымдағы студенттердің барлығы дерлік қымбат телефонымен қызықтырмағанда.

Оқуын бітіріп жұмысқа кірген бөлемнің несиеге телефон алғанын естіп, «маған да неге телефон алмасқа?» деген ой келді. Оның үстіне жақын құрбым да «Мынадай телефонмен қалай жүресің, жаңа телефон алсаңшы. Инстаграмға кіресің, қызықтың бәрі сонда, жігіттермен танысасың» деп үгіттеп қоятын.

Төртінші курстың алғашқы семестрінің басталғанына да, оған қоса сақтандыру компаниясына жұмысқа кіргеніме де көп бола қойған жоқ. Аптаның соңғы үш күнін сонда өткіземін, одан аз-маз еңбекақы алатыным бар, стипендиям бар. Телефон алайын деп шештім. Сөйтіп университетімнің жанындағы техникалық дүкенге бардым. «Алған соң ең жақсысын, ең соңғы үлгідегісін алу керек» деген құрбымның сөзі құлағымда. Телефонның түр-түрі самсап тұр. Маған ұнайтын телефон маркасының жақында соңғы үлгісі шығыпты. Бағасы 120 мың теңге. Ондай ақша ашқұрсақ студентте қайдан болсын?!

Сондықтан несиеге жүгінейін деп шештім. Дүкенде де бірнеше банк өкілдері отырады екен, сәл жақындап қалсаң: «Маған келіңіз, маған келіңіз, қандай зат аласыз» деп кез келген затты әперуге дайын отыр. Несиеге өтінішімді беріп, бір сағатқа жетпей су жаңа соңғы үлгідегі телефонның иесі атандым. 120 мыңдық телефон үшін, қосымша аз-маз үстемесі ме, коммисиясы ма анық есімде жоқ 11 666 теңге ай сайын төлейтін болдым. Сонда 12 айға 140 мың теңгеге шықты. Жаңа, трендтегі бағдарламалардың бәрін орнатуға болатын қымбат телефонның эйфориясымен қосымша үстемеге қорықпадым. Ені 1,2 миллиметр жіп-жіңішке, жып-жинақы, әп-әдемі, нәп-нәзік телефоным өзіме қатты ұнады. Қолым қалт етсе, қатарластарым сияқты мен де телефоннан бас алмайтын болдым.

Дүниедегі келеңсіздіктің бәрі асығыстықтан болады ғой. Сол сияқты ас үйде тамақ жасап жүріп, бір жағынан үстел үстіндегі телефонға үңілем деп қолым сәл май болды ма, телефон қолдан тайып кетіп, үстелдің қырына бетімен ұрып алдым. Қатты соққы болған жоқ сияқты еді, бірақ, бірден сөніп қалды. Қанша тыраштанғаныммен қосылған жоқ. Егер анықтап қарасаң, экранына сызат түскенін байқауға болады. Бір ай өтер-өтпестен осындай жағдайға тап болғаныма ішім удай ашыды. Оның үстіне өзімнің ұқыпсыздығымнан болған мұндай жағдайда техникаға берілген бір жылдық кепілдік көмектеспейді ме, деп те қорықтым. Яғни, ауыстырып бермеуі мүмкін. Мамандарға жөндетуге берейін деп едім, өз құнының жарты бағасын сұрады. Амал жоқ дүкенге келдім.

«Өзінен-өзі істемей қалды» деп бөсіп, басқа телефонға ауыстырып беруін сұрадым. Сатушылар әрі-бері қарап экранға сызат түскенін байқап қалды. «Өзіңіз сындырып алғансыз ғой, менеджермен ақылдасып, сізге басқа телефон беріле ме, жоқ па шешеміз» деді. «Білмеймін, өзінен-өзі істемей қалды» деп бет бақтырмадым мен де. Ақылдасуы екі сағатқа созылып, ақыры басқа телефон беретін боп шешіпті. Бірақ, мен төлейтін сомадан шамамен үш еседей төмен, 50 мың теңгелік телефон береміз дейді. Төлейтін сомам қысқармайды, алдыңғысының 140 мың теңгесін өтеуім керек екен. Басқа жол жоқ дегендей жеткізді қызметкерлер. Бір жағынан сабағыма кешігіп жатқандықтан, үн-түнсіз бергенін алып кеттім. Бостан босқа 90 мың теңге төлейтінім көңілімді түсірді әрі сақтандыру компаниясындағы жұмысым да өнбей кетті. Студент үшін бұл көп ақша ғой.

Осындай жағдай кімнің басынан өтті? Не істеуге болады? Сатушылардікі қаншалықты дұрыс әрі заңды?

Запись Несие тарихы: Ұялы телефон үшін несие алдым (тұтынушылық несие) впервые появилась Жеті күн.

Дереккөз 7kun.kz ақпараттық агенттігі

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз