дейді түрік зиялылары

Өткен жылдың соңғы айы қазақстандық БАҚ өкілдерінің есінде Түркияға сапармен есте қалды. Бауырлас елдегі Қазақстан елшілігінің ұйытқы болуымен жүзеге асқан бұл баспасөз шарасында есте қаларлықтай көптеген әсерлі кездесулер орын алды.

Соның бірі – қазақстандық БАҚ сапарының бағдарламасын үйлестірген Түркия Баспасөз және ақпарат бас дирекциясының басшысы Мехмет Акаржаның қабылдауы. Атажұрт журналистерінің Анадолы жеріне арнайы келгеніне ризашылығын білдірген М.Акаржа, қалам ұстаған қауымның мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жиі келетінін, бірақ соның ішінде қазақ журналистерінің орны бөлек екенін айтты және оның мәнісін: «Мен Батыс журналистерімен сіздермен сөйлескендей сөйлесе алмаймын, ал сіз бен біз ашық әңгімелесеміз. Біздің қандай да бір қиын жағдайда болғанымызды сіздер, ал сіздердегі жағдайды біз терең сезініп отырамыз», – деп түсіндірді. «Біздегі ішкі жағдайды жақсы білесіздер. Алдыңғы жылы шілдеде төңкеріс әрекеті орын алды. 250-ге жуық адам шейіт болды. Қазіргі таңда Күрдістан жұмысшы партиясының лаңкестік ұйымына қарсы күресіміз жалғасып жатыр. Осы лаңкестік ұйымға қарсы күресте 30 мыңға жуық отандасымыз қаза тапты. Шекаралас, іргелес елдердің лаңкестік ұйымдарымен қатар, Батыстың кейбір мемлекеттерінің де Түркияға қарсы ықпалы жалғасуда. Егер Түркияға жасалғандай шабуыл сол батыс елдерінің біріне немесе Америкаға жасалғанда, олардан түк қалмас еді. Соның бәріне қарамастан, Түркияның әлі күнге дейін экономикасы дамыған елдердің қатарында келе жатқаны, шын мәнісінде, ерекше құбылыс, – дейді Мехмет Акаржа.

Ол сондай-ақ кезінде Американың Иранға қарсы санкция жариялап, бүкіл әлем елдерінің сол санкцияға мән беруін талап еткенін және «Түркия неге оған бағынбады» деп біраз шу көтергенін әңгімелей келе: «Осы оқиғалардың арқасында біз батыстың қай мемлекеттерінің ИГИЛ, ДАИШ сияқты лаңкестік ұйымдарға қолдау көрсетіп отырғанына көз жеткіздік. Жалпы, түркі ынтымақтастығына мейлінше мән берілсе және де түркітілдес халықтардың бірігуі сияқты жобалар жүзеге асса, оның үлкен күшке айналарын бүкіл әлем біледі. Бұл, әрине, ең алдымен, экономикалық ынтымақтастық, – деп ағынан жарылды. Мехмет Акаржаның бұл реттегі пікірі: «Біз бір әулеттің мүшелеріміз. Қазақты қанша көтермелесек, өзімізді де сонша көтермелейміз. Өйткені біздің тамырымыз бір», – дегенге саяды.

«Алматы» телеарнасының продюсері Руслан Желдібайдың: «Түркия мен Қазақстан арасында ақпарат алмасуды мейлінше күшейту  керек. Бауырлас елдер бір-бірінде не болып жатқанынан құлағдар болған сайын ынтымақтастық артады деп ойлаймын», – деген пікіріне орай, Мехмет Акаржа: «Біз 2012 жылы Қазақстанның Байланыс және ақпарат министрлігіне ынтымақтастық құру туралы өтініш айтып, меморандумның мәтінін жіберіп едік, бірақ ешқандай жауап келмеді. Осы сапардың қорытындысы ретінде Қазақстанның Түркиядағы елшілігі арқылы сол құжатты қайта жаңартуға болады», – деп ықылас танытты. Сонымен қатар екі ел арасындағы жылы қарым-қатынасты арқау ете отырып, бірлескен  тележобалар, фильмдер мен телесериалдар түсіруге болатынын да тілге тиек етті.

         Қазақстандық туристер – алғашқы бестік қатарында

Журналистер тобы Анкарадағы алқалы басқосудан кейін, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаевтың бастауымен туристік қала Анталияға ұшып келді. Мұнда тілшілер қауымын Анталия губернаторлығы Мәдениет және туризм басқармасының басшысы Ибраһим Ажар қабылдап, туристік қаланың тыныс-тіршілігімен таныстырды.
И.Ажардың айтуынша, Анталияға Қазақстаннан келіп демалушылар саны  2017 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 88 пайызға артқан.    «Қазақстаннан 2013 жылы 260 мың турист келсе, 2014-те 269 мың адам, 2015 жылы 268 мың, 2016 жылы Ресеймен арадағы оқиғаға байланысты 125 мың демалушы келді. 2017 жылдың қараша айының соңындағы мәлімет бойынша Қазақстаннан 237 мың адам демалды. Былтыр ең көп турист Ресейден келді, сосын Германия, Украина, Англия, одан кейін Қазақстан тұр», – деді Ибраһим Ажар.

Ибраһим Ажардың айтуынша, анталиялықтар қазақтарды бауырлары ретінде қарсы алады және туризмге байланысты Анталияда өтетін көрмелерге қазақстандық компаниялар белсене қатысады екен. Туризм саласындағы халықаралық ұйымдардың мәліметіне жүгінсек, Анталияда «көгілдір байрақ» деп аталатын, шомылуға арналған 200-ге жуық таза, сенімді жағалаулар бар. Онда адамдар еркін, қауіпсіз демала алады. Мұның сыртында Анталияда туристер тамашалауға ықыласты 1000-ға жуық ежелгі қалалар бар көрінеді.

Мәдениет және туризм басқармасының басшысының пікірінше, бір турист бір турист Анталияда демалуға шамамен 700 доллар жұмсайды. Мұнда келушілерге ұсынылатын азық-түліктен бастап, қажетті өнімдердің барлығы Түркияның өзінікі, яғни 98 пайыз жергілікті өнім пайдаланылады. Жалпы, Түркияға жылына 35 млн турист келетін болса, соның 65 пайызы Анталияда демалады екен.

 Әріптестер байланыс орнатуға ниетті

Анталия Баспасөз және ақпарат бас дирекциясының басшысы Есен Дилер ханымның бастауымен қазақстандық делегация Анталия Журналистер қауымдастығына да бас сұқты. Қауымдастық төрағасы Мәуліт Ени аталмыш өңір журналистеріне жасалатын жағдайдан және жеңілдіктерден хабардар етті.
– Аудан мэрияларымен сөйлесіп, БАҚ өкілдеріне көлігін кез келген жерге қою үшін рұқсат алып береміз. Әуежайға кіріп-шыққаны үшін ақы төлемейді. Емханалармен  келісе отырып, жыл бойы тегін тексерілуге мүмкіндіктер жасаймыз. Қала ішінде автобуспен тегін жүреді. Халықаралық бағыттарға да жеңілдік бар. Мемлекттік бағдарламамен журналистерге үй салғызып, ең төменгі несиемен үйлі болуына да көмектесеміз. Қазіргі таңда осындай 200 пәтер пайдалануға берілді. Бізде мереке күндері газет шығару ісі тоқтатылады. Мейрам күндері жұмысқа шыққан жағдайда тілшілерге ең жоғары қаламақы қойылады. Қауымдастыққа мүше әріптестеріміздің балалары жоғары білім алу үшін стипендия тағайындалған. Бұдан бөлек, журналистердің біліктілігін арттырып отырамыз, жас мамандарды білімін жоғарылату үшін Еуропа елдерінде жіберу үрдіске айналған, – деді Мәуліт Ени.
Қауымдастық 1984 жылы құрылыпты, қазіргі таңда 400-ге жуық мүше тіркелген. Анталия туристер көп келетін орын болғандықтан, халықаралық қарым-қатынастарға аса мән береді.
–  Ресей Журналистер одағымен ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойғанбыз. Биыл Сочиде өткен форумға қатысып, бірқатар әріптестерімізбен таныстық. Қазан айында Қытай журналистерімен қарым-қатынас орнатуға шешім шығардық. Әзірге Қазақстанмен ешқандай келісім жоқ, осы қадамдарыңыз құтты болады деп сенеміз. Бауырлас ел болғандықтан, қазақ журналистеріне әріптес емес, ең алдымен түбі бір туыс ретінде қараймыз. Бір-бірімізге бөтен емеспіз, әр тілде сөйлегенімізбен, шындықты айту, ақиқатты жеткізу сияқты ортақ ұстанымдарымыз бар. Сіздермен де бірге жұмыс істеуге ынталымыз, – деді қауымдастық төрағасы.
Осы орайда, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты Мәлік Отарбаев қазақ-түрік журналистерінің Достық тобы құрылатынын мәлімдей келе, елшіліктің екі ел тілшілері арасында дәнекер болуға дайын екенін айтты.

Босқындарға барынша жағдай жасалған

Қазақ журналистерінің келесі бағыты – Газиантеп қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан сириялық босқындар лагері болды. Айта жетерлік жайт, Түркия қазіргі сәтте 3 млн 400 мың сириялық босқынға пана болып отыр.  Газиантеп қаласында 400 мың босқын бар. Мұндағы екі лагерьдің бірі – 2012 жылы, екіншісі – 2013 жылы ашылған. Низип ауданында қоныс тепкен «Шатыр» кентінде тұратын 9 мың адамның 3600-і оқушы. Ол арада сондай-ақ күндіз-түні жедел жәрдем көрсететін 9 дәрігер жұмыс істейді. Ал контейнерден тұрғызылған «Низип-2» лагерін бүгінде 3900 адам мекен етіп жатыр. Ондағы 1600 оқушы бүгінде сол лагерь ішінен ашылған балабақша мен мектепте білім алады. Газиантеп провинциясына қарасты Низип ауданы губернаторының орынбасары Кемал Шахин мырзаның айтуынша, балалар мен жас­өспірімдердің білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалған. Өткен жылы 2 лагерьден 80 шәкірт Түркия университеттеріне оқуға түсіпті. Мұнда Сириядан келген алты дәрігер тәулік бойы медициналық қызмет көрсетеді. Ер-азаматтарға қалаға шығып жұмыс істеп, отбасын асырауға рұқсат етілген. Әйелдер жағы бала тәрбиесімен айналысып, киім-кешек тігіп, қолөнер бұйымдарын жасаумен шұғылданады.

Ал күнделікті азық-түлігі мен басқа да керек-жарағы үшін сириялық отбасылардың әрбір мүшесіне ай сайын 100 лирадан ақша беріледі. Лагерьде тауарлар арзан бағамен сатылатын 2 дүкен бар. Керек тауардың бәрі жеткізіліп тұрады. Баға өспейді, себебі үнемі бақыланып отырады.

Жалпы, соңғы бес-алты жыл ішінде Түркия мемлекеті сириялық босқындарды шынайы жанашырлықпен қабылдай отырып, олардың  қажеттіліктері үшін 30 млрд доллар көлемінде қаражат жұмсапты. «Соғыс та аяқталар. Көтеріле көшкен жұрт атамекеніне қайта оралатын да күн туар. Бірақ түрік халқының кеңпейілділігін, қамқорлығын көрген халықтың тең жартысы бәрібір осында қалады», – дейді Кемал Шахин.

Р.S. Адамгершілікті, имандылықты ту еткен түрік ағайындардың әлсізге қолдау көрсету, қорған болу тұрғысындағы игі шараларымен таныса отырып, біз олардың ізгі ниетіне күмәнданған жоқпыз. Еуропаның төрінде дамыған елдермен терезесі тең, іргелі мемлекет болып отырған Түркияның айбыны – күллі түркітілдес қауым үшін мәртебе; жүріп өткен жолы, өсіп- өркендеу, даму сатысы – сабақ. Осы орайда, түрік топырағына арнайы сапар ұйымдастырып, небір тағылымды жүздесулерге ұйытқы болған Қазақстанның Түркиядағы  Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлына және елшілік қызметкері, жазушы, драматург Мәлік Нұржанұлына алғысымыз шексіз.

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз