Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының бүгін өткен сессиясында депутаттар Шымкент қаласындағы Астана даңғылын  Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп қайта атау туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Ұсынысты  таныстырған депутат,  мәслихаттағы тұрақты комиссияның төрағасы Өмірзақ Мелдехановтың айтқан сөзінен түсінгеніміз, америкалықтар үшін Вашингтон, орыстар үшін Бірінші Петр, түріктер үшін Ататүрік қандай болса, біз үшін Елбасы да сондай  тұлға.  Өйткені олар қиын кезеңде ту көтерген тарихи тұлғалар саналады екен.

-Назарбаев Қазақстанның символына айналғанын бәріміз де мойындаймыз,-деді депутат. Әңгіме арасында ол президенттің Алланың жердегі мейірімі түскен өкілі екендігін де баса айтты. Тәңірінің қалауымен президент болғанын да тілге тиек етті. Сөз соңында Н.Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысының дамуына тигізген қолдауының ұшан теңіз екендігіне тоқталып, президенттің «Адамға өмір бірақ рет беріледі, оны Шымкентте сүру керек» деген сөзін еске салды. Осы жерге келген кезде депутаттар ду қол шапалақ соқты.

Ұсыныс пікірталассыз бірауыздан қолданды. Енді мәслихат мақұлдаған ұсыныс  тиісті орындардың қарауына жолданады.

 Астана даңғылы үш-төрт жылдан бергі аралықта салынып жатқан Шымкенттің жаңа әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан. Бұл даңғылдың бойында облыстық әкімдік, басқа да көптеген ірі мәдени ғимараттар, биіктігі аспанмен таласқан зәулім тұрғын үйлер орналасқан. Назарбаев даңғылы келешекте Шымкенттің басты көшесіне айналады.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыдағы Фурманов көшесінің атауы Назарбаев болып ауысқаны белгілі. Шымкенттіктер Тұңғыш президенттің есімін көшеге беруде Тәуелсіздік, Тұңғыш президент немесе Астана күндерін күтіп жатпады.  Осылайша ойда-жоқта тарс еткізіп, алматылықтарды артта қалдырды. Енді Шымкенттіктерді шаң қаптыратын кім болар екен?!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз