Иса Омар — Оңтүстік Қазақстан облысына ғана емес, елімізге танымал жазушы. Елімізде тәуелсіздіктің туы алғаш желбіреген жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы қызметін абыроймен атқарып, билік пен қалам ұстаған ағайындардың арасына алтын көпір бола білді. Шыны керек, сол жылдары баспасөз хатшысы деген беймәлім қызметтің алғашқы бесаспап басшысы атанып, осы саланың қыр-сырын терең меңгеруімен көпке үлгі болды. Және Иса Омар дегенде ең алдымен Оңтүстікте тұңғыш қазақ тілді тәуелсіз газетті өмірге әкелген ересен еңбегі ойымызға оралады. Өзі шаңырағын көтеріп, іргесін бекітіп, ыстық-суығына төзіп, халықтың мұңын мұңдай білген «Замана» газеті оқырман қауымның асыға күтетін басылымына айналып кеткелі қашан…

Қашанда елден ерек ойымен, жұмыс стилімен, жаңашылдығымен ерекшеленген Иса Омар қайбір жылдары облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторлығы қызметін де абыроймен атқарып, 90 жылдан астам тарихы бар басылымда өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Соңғы жылдары ақындық әрі сазгерлік өнерімен де елді мойындата бастаған Исекеңнің әлі де бағындырар белесі көп.

Міне, талай жылғы еңбек бағаланды деген осы… «Замана» Баспа үйінің Бас редакторы Иса Омар Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атанды. Жасалаштықтар әріптесімізді осы қуанышымен шын жүректен құттықтайды. Бар жақсылықты тілейміз. Лайым, абыройыңыз биік болсын. Шығармашылық шабытыңыз тасқындай берсін.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.