Біз күткен қырық жас осындай болуы керек пе еді, Рахат досым?..

Мен жеттім қырыққа. Бірақ бұл аяулы жас тым жат, тым өгей, тым қораш, тым мұңды болады деп ойламаппын. Қырыққа небары үш апта – жиырма бір күн қалғанда сен мәңгілікке сапар шегіп кете бардың.

Сенің нұрлы өміріңді осы үш апта ішінде неше рет ойға салып, сараптап, таразылап көрдім. Қазаңның үстінде естіген төрт ауыз сөз сұрақтарыма жауап тауып бергендей болды. Соны дәтке қуат етемін.

Әуелгі сөз – үлкен әкең Хамит ағаныкі. «Балалыққа қанған адам бақытты болады. Біздің Рахат сондай бала еді», – деді Хамит аға.

Иә, сен балалықтың қызығына әбден қанған, сондықтан өмірдің қандай сыны жолықса да, бәрін балалық тазалықпен қабылдаған, балалық кеңдікпен жүректен өткізген, балалық еркіндікпен парасат танытқан, балалық еркелікпен күле қараған азамат едің ғой! Біздің жасымыздағы талай жігіттің басы жерге жете ауырсынатын сынағының бәрін сен күліп қарсы алатын едің, күліп өткере салатын едің. Балалық негізің мықты болғанына өзің жоқ шақта ғана ой жіберіп, растап отырғанымыз өкінішті.

Сен суға да жақсы жүзетін едің. Бартоғайдың жағасынан ұзай алмай, тізеден келетін тұсын лайлап жүргенімізде, сен құлаштай жүзіп ұзап кетіп едің. Сақ-сақ күліп қайта оралғаныңша дегбіріміз қалмай даурыққанымызда, өтірік батып қорқытқаның да есімізде. Іленің жағасында балық аулағанымызда да қармақшы машығыңды паш қылып, бізге күле қарағаның жадымыздан өшпес. Асының кең жайлауында футбол ойнағанымызда сенің тұрқыңды әжуалап, біраз жерге бардық. Сен аптасына екі рет доп теуіп жүрген бізді таң қылып, Ермектің командасын алға сүйремедің бе? Былтыр жазда, осыдан бірнеше ай бұрын ғана, Қасым қырық жасқа толғанда бәріміз Талғардың етегінде тағы футбол ойнадық. Сол қайталанбас сәттерден екі-үш минуттық бейнежазбалар сақталыпты. Біз алаңда жүрміз. Сен балалардың бірін алмастырып, ойынға қосылмақсың. Ту сыртыңнан Қасым: «Раха, атқа мінейік, жүріңіз», – десе, «мен футбол ойнаймын» деп алаңға қойып кетесің. Әлиханнан пас алып, алтыбақан жаққа шығандап барып айып алаңына пас тастайсың. Енді ешқашан оралмайды бұл сәт! Біздің команданың жалғыз жеңіс голын өзің соғып, алаңда алақайлап жүрген сәтің жадымызда ғана емес, жанымызда да қалып қойды, Рахат досым…

Сен мына әлемді, барша қиындығы мен азабына, жағымсыздығы мен жәдігөйлігіне, мұнары мен тұманына қарамастан, балаша сүйетін едің, алғаусыз көңілмен қарайтын едің. Ұлы өмірге еркін араласып, қай ортаның да өз адамына айналып кеткенің, ең бастысы, нені оқысаң да, неден ой түйсең де жадыңа жазып, жаңа оқығандай шып-шырғасыз айтып беретінің де сол балалық еркіндігіңнен, сірә. «Семейде университетте оқытушы болып жүргенімде тым белсенді едім. Қандай шара жоспарласақ та, сценарийін өзім жазып, тізгінді өзім алып, аяғына жеткенше тыным таппайтын едім. Қайран жастық-ай!» деп күлетінсің. Одан бұрын, студент кезіңде де өмірден өз орныңды талмай іздегеніңді курстастарыңнан қоштасу асының үстінде ғана естідік. 1990 жылдардың ортасында Алматы мемлекеттік университетінің студенттері «Элита клубын» құрып, пікірталас кештерін, үлкен кездесулерді, басқа да маңызды шараларды ұйымдастырып тынбайтын еді. Сен соның бел ортасында жүріпсің ғой, Раха. Көрсек те, ол шақтарда тани алмаған болармыз, студенттік дәуреніміз аяқталған соң бет-бетімізге кетіп, ұмытқан шығармыз.

Өзің балалық бақытты бастан кешірген соң да шығар, перзенттеріңе сұмдық махаббатпен қарайтын едің. Ең үлкенің Едіге Семейде оқып жүр. Сол үш-төрт күн хабарласпаса, кәдімгідей алаңдайтын едің. Соңғы жолыққанымызда: «Едіге жігіт болып қалды ғой. Өткен жолы сурет жібер десем, үнемі сыныптас қыздарымен түскен суреттерін жолдапты. Әй, толқып жүрген керемет шақта ғой ол қазір», – деп мейірлене жымиғансың. Үлкен қызың Еңліктің дәл қазір өтпелі шақта жүргеніне де алаңдап: «Көңілі оп-оңай босай қалады. Шешесі екеуміз кейде тіпті түнде жас балаша өбектеп ұйықтатып жүрміз», – дегенің де есімде. Ділдәнің көпшіл, бауырмал екеніне қатты марқаятын едің. Осы қызыңның сыныптас құрбысымен жеті атаға таласқанын да шебер суреттеп, жазбаңның соңына жымиған смайликтердің бірнешеуін қатар қойғаның ше? Марғұлан екеуің Мәскеуге ұшақпен жол тартқанда, жол бойы ұлыңның әңгіме айтып, жұртты таң-тамаша еткеніне де ырза болғаның күні кеше еді. Кенжең – Естайың өмірге келгенде Фейсбук желісіне: «Есімнен тана қуанып жүрмін, дүниеге ұлым келді!» – деп қолыңды сермей билеп жүрген суретіңді қойып едің. Балаларың – бақытты балалығыңның жалғасы еді.

Есте қаларлық екінші сөзді анаң Жанбике апай айтты. «Ол тіршіліктің арбасын қара нардай сүйреп келе жатыр еді», – деді. Артық-кемі жоқ рас сөз.

Қазір ойланып отырсам, сенікіндей біліммен, сенікіндей білікпен, сенікіндей парасатпен өмір сүру қызық та қиын сияқты. Адамдардың тек тіршілік күйттеген бейнетті бейнесіне де, бір күндік нәпақаға ғана көңіл тоқтаған болмысына да, болсын-болмасын бір нәрсені қойып қалып, тек соны ғана ақиқат көретін ақылсыздығына да кең қарайтын едің. Ауылдың қара баласы әлемдік кеңістікте ойлау дәрежеге жете алатынын сен әр қадамыңмен, әр сөзіңмен дәлелдей алдың, досым. Әйтпесе бүкіл адамзаттық мәселелерді әңгіме өзегіне айналдырған «Күлтөбе» хабарының тізгіні 22-23 жастағы саған сеніп тапсырылар ма еді? Айналаңа кіл академиктерді жинап алып, солардың сөзін тек тыңдаушы ғана емес, бағдарлаушы ретінде де еркін отыратын едің. Қазақы көк жәшікке ой еркіндігін, сана кеңістігін әкелген, адамзаттың рухани ойларының мәйегін қазақ ортасына жатырқатпай сіңірген сол топтың ортасында өзіңнің де мойның озық болғаны дәтке қуат, жанға медеу. Жолдан киліккендер мүлде жаңарған, жаңғырған арнаның алдынан алты қабат арқан кергенде, әріптестеріңмен бірге эфирге шыға келіп: «Жайықты келіп алғаны, жағаға қолды салғаны деген тура осы», – деп тайсалмай сөйлеп едің. Содан кейін екі жылдай жұмыссыз жүргеніңде де қабағыңа кірбің ұялағанын бір рет көрмеппіз. Болат екеуің біраз нәрсеге талап қылып, жол іздеп, тағдыр сендерді емес, сендер тағдырды сынағандай бір кеп болып еді сол кезде.

Одан соң КТК-да, 31-арнада, «Алматы» арнасында жемісті еңбектендің. Қызылағаш тасқыны кезінде сенікіндей шынайы, қаны тамшылаған, жан ауыртатын репортаж ешкімде болған жоқ. Серік Әбікен ағамыз оны эфирге қойып жіберіп, өз басын бәйгеге тіккені де бұл күні тауарих. Атың қалыптасқан, ел таныған азамат болсаң да, арнаның қара жұмысын еш ауырсынбай, базардың жүкшілерінің қасында бір күн өткізіп, ерекше репортаж жасағаныңда, өзіңді жаңа танығандай сүйсініп едік. Мұндай эксперименттерің біреу емес, сансыз болатын. Қалалық арнаның бүкілқазақстандық, тіпті бүкіләлемдік ауқымын өзіңдей нар жігіттер қалыптастырғанына бәріміз куә. «Пікірлер пирамидасы», «Еркін сөз» сияқты еркін ойлы сұхбат-хабарларыңда қаншама мықты ой-пікірлер айтылды!.. Қоғамның іріңдеген мәселелерін күн тәртібіне алып шығып, Сарыағаштағы, Березовкадағы т.б. жерлердегі бұрқ ете қалған әлеуметтік мәселелерді байыппен таразылайтын едің.

Сенің қиялың бір сәт тыным таппайтын еді. 2013 жылы Прагаға, «Азаттықтың» бас кеңсесіне үш айлық тәжірибеге кеткеніңде, Ермек досымызбен де, жалғыз өзің де Еуропаның қуыс-қалтарысына аяғың жеткенше барып, оның сәулеті мен дәулетіне құр тамсанбай, сондай өмірдің негізі мен алғышартына үңіліп қайтып едің. Сенде сырттай топшылау деген жоқ еді, бәрінің ішкі сырына үңілетінсің, көрмейтінді көріп, байқамайтынды байқайтынсың. Біздің кей орашолақ ойымызға, жауыр пікірімізге «шынында да, сен айтып тұрсың ба?» дегендей нәумез қарап, артынша «бұ кісінің сондайы бар енді» деп әзілге жыға салатын едің.

Ақылы байыған адамға тіршіліктің күйбіңі қашанда ауыр. Ол одан тым биік, бірақ бәрібір ауырсынбай көтереді, жауапкершілікті түгелдей өз мойнына алады. Сенің бүгінгі қоғамның ернеуінен әлдеқайда асып-төгіліп кеткен парасатың қазақ әлеміне алдағы отыз, қырық, елу жылда да пайда берер еді… «Еді» деп күрсінгенім қай сасқаным, сен жазып, бітіруге аз қалған кітап соның алғашқы баспалдағы болатынына күмәнсіз сенемін. Ол санадағы тұтқындық пен азаттық, қазақы болмыстың трансформациясы жайында. Тың тақырып. Мәскеуге барғаныңда Ф.Хайектің «Дорога к рабству» деген кітабын тауып алып, оны басынан аяғына, аяғынан басына қыдырта бірнеше рет оқып, қажет жерін пайдаланып, біздің қоғамға осындай тосын ой жетіспейтінін айтып жүрген едің. Сенің еңбегің осы бағыттағы соны жол болады. Күні ертең жазғаныңның бәрі жиналып, кітап болып ұсынылғанда, сенің жаңа бағытыңды бағдар ететіндер аз болмас.

Есімде қалған және бір сөз – тағы да Жанбике ананыкі. «Рахатым 39 жыл өмір сүрді. Мен тура 39 жыл бақытты ғұмыр кешіппін», – деді асыл ана.

Сенің қасыңда қоңырайып жүріп, біз де бақытты ғұмыр кештік, Рахат досым. Балалық шақтан бірге өспесек те, жүре танысып, табысып, ақыры жан аяспас жағдайға жетіп едік. Өзің қасымызда болған, достықтың алтын арқаулы жібін жалғаған он-он бес жыл ішінде сен әрбір сөзіңмен, әр ісіңмен, алғаусыз көңіліңмен, жалын жүрегіңмен бізді де байыттың, бізді де өсірдің. Үш аптасы кем қырық жылдық ғұмырыңды нағыз адами қалыпта өткіздің. Адамдардың барлық кемшілігі мен менмендігіне соншама кеңдікпен қарайтыныңа қайран қалатын едік. Тіршіліктің тұсауы қиып бара жатса, өзіңе келіп жүгінуді еш ар көрмейтін едік. Сенімен дос болғанымыз, сенімен замандас болғанымыз біздің бағымыз екен, досым! Осыдан бір айдан сәл астам уақыт бұрын ғана уатсап желісіндегі ортақ чатымызға бір-бірімізге қойған аттарымызды түгендеп, екі сағаттай қауқылдасып едік. Сондағы сенің көзінен жас аққанша күлген смайликтерді қайта-қайта жолдап, «ойбай, ішім, өлдім күлкіден!» деп жазғаныңды еш ұмытпаспыз. Қиялыңның байлығын осындай өзара ойынымызда да еркін пайдаланатын едің. Бір маған қойған «Сентиментал қажы», «Либерал қажы» деген аттарыңды осы күні өз аузыңнан қайта естігім келіп сағынып жүргенімді сезесің бе?

Сен адамға сенім арта алатын едің. Сеніміңнен талай рет қанаттанып, тәуекелге бой ұрған сәтіміз қаншама! «Мынау ғазиз дүние» атты хикаятымды алғаш өзіңе оқытып, пікіріңді еміне күткенмін. Сонда 25 беттік жазбаны бас көтермей оқып шығып: «Көзге жас үйіретін тұстары бар шығарма екен. Бірақ тым шашыратып алған жерлерің де жоқ емес», – деп бетіме ойлана қарап едің. Содан кейін бүкіл жазғанымды өзіңе, Болатқа, Қанағатқа, Қасымға, Ермекке алғаш оқытып алатын болғанмын. Сендердің пікірлеріңе зәрулік осылай қалыптасып еді. Ол бір бақытты күндер екен…

Мәнсіз өмірге мән толтыратын азамат едің, Рахат!

Қажылыққа аттанып бара жатқанымда түстікке шақырып алып, әлемдегі қазіргі діни ахуалды талдап бердің. Орта Азияға, оның ішінде Қазақстанға, қазаққа тән діни ерекшеліктерді қайраткерлерінің тәпсірімен қосып айтып, менің сапарға моральдық тұрғыда әзір болуыма алаңдадың. Сонда иірімі көп мәселені әншейін әңгіме секілді тарқатып бергеніңе іштей сүйсініп, арқаңнан қаға бергенім есімде.

Денеңді ауруханадан алып келгенімізде Айдос Жұқанұлы досымыз айтқан және бір сөз санамның бұрышында тұр. «Рахаң қазір кеңістікке ұшып шығып, өзінің о дүниелік болғанына сенбей тұрған шығар», – деді Айдос. Бірден қосылдым. Иә, екінші дүниенің тылсымына қиялымыз жетпес. Дегенмен, шынында да, сен өзіңнің дәм-тұзың таусыла қалғанына сенбей қалғандай көріне бересің. Өйткені жоспарың тым көп еді. Сен атқаратын шаруа көп еді. Діни кепке салсақ, бұлай деп айтудың өзі күнә. Бірақ сенің өмірге құштарлығың бізге басқаша ой ойлауға мүмкіндік берер емес.

Өлімнің ақиқаттығын сен дәлелдедің, досым…

Орта жолда, қыннан суырылған қылыштай қылшылдап тұрған кезімізде жан достан айырылу өте ауыр екен. Ол дос – жеке өзіңнің ғана емес, еліңнің байлығына айналған адам болса, жүз есе ауыр.

Міне, үш апта өте шықты. Оныншы қаңтарды – сенің қырық жасқа толған күніңді өзіңсіз қарсы алдық. Артыңда қалған бес қозың отығар, ел азаматына айналар. Әке болып аялаған, тәрбие берген, мейірім төккен күндеріңді олар жүрегінің түбінде сақтайды. Сенің әке ретіндегі даңқың оларға  қырық жыл емес, бір ғасыр азық боларына күмән жоқ.

Нұрың бейіште шалқысын, Рахат досым…

1 ПІКІР

  1. Есей аға, дос деген осындай болар. Сөзбен ескерткіш қойыпсыз. Раxат ағаның нұры пейіште шалқысын. Армандарын орындауға атсалысу үшін СІЗДЕР аман болыңыздар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз