Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев өзінің facebook парақшасында отбасының және өзінің қауіпсіздігі үшін шетелге кеткенін жазды. Оның жазбасын мыңдаған адам оқып, жүздеген адам тілеулестіктерін білдіріп жатыр.

Кәсіпкерді қаржы полициясы мен ҰҚК бірлесіп жүргізіп жатқан Ескендір Ерімбетов ісі бойынша түсініктеме беруге шақыра бастаған. Сейсенбаев Ерімбетовтің КМобайл мен Бител компанияларындағы бұрынғы серіктесі болған екен. Сейсембаев іске қатысты өз жорамалында жазған. Онда ол: «Ерімбетовтің әпкесі Бота Жәрдемәлі Мұхтар Әблязовте заңгер болып жұмыс істеген. Е.Ерімбетовті сол үшін тұтқындауы мүмкін» дейді. Сондай-ақ, ол Ерімбетов екеуінің арасындағы іскерлік байланыстарды да тәптіштей жазған.

«Сату, сатып алу 2002-2006 жылдары болғандықтан, қазір менде дәлелдейтін құжат жоқ. Мен барлық жерде өзімнің түйе еместігімді дәлелдеп шаршадым. Англия сотына, Швейцарияның бас прокуратурасына, Лихтенштейн сотына, қазақстандық сотқа аталған компанияларды сатудан түскен қаражатты менен тартып алған Альянс банкке инвестициялағанымды дәлелдегенмін. Бұл кезеңде компания америкалық Мотороллаға 175 млн доллар, қазақстандық банктерге 62 млн.доллар қарыз болған. Барлығы 237 млн АҚШ доллары. Компанияның 220 мың абоненті, Түркиядан әкелінген ескі жабдығы болды. Біз оны 425 млн АҚШ долларына ресейлік Вымпелкомға [Билайн] саттық. Ол кезде компанияның 75 млн доллар қарызы қалған. Абонент саны 670 мыңға жеткен. Жабдықтың 70% жаңарған еді. Бителді Ерімбетовтың офшорлық компаниялары 2005 жылдың басында 110 млн.долларға сатып алды. Мен соинвестор ретінде қатыстым. Оның да жабдықтары ескі, қарызы көп болатын. 2006 жылы біз  Бителдің 51% акциясын ресейлік МТС компаниясына 150 млн.долларға саттық. МТС қалған 49% акцияны бір жылдан кейін сатып алуға шарт жасады. Бірақ кейін келісімді орындамағандықтан, біз оларды сотқа бердік. Қайталаймын, екі компанияны сатудан түскен қаражатты менен тартып алған Альянс банкке инвестицияладым».

Кәсіпкер жазбасының соңында елін-жерін ерекше жақсы көретінін, Қазақстанда өзіне қауіпсіз жағдай орнаған бойда қайта оралатынын да атап айтты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз