Кетерімде «асыға күтемін» деп сыбыр еткен сәтің ылғи елестейді. Алабұртып тұрдың. Әнтек бұрылып, жәудірей қарадың. Ай жарығына шағылысқан жанарың жарқ етті. Біртүрлі, аядым ба, әлде қимастық сезімі биледі ме екен, күн иісі сіңген қолаң шашыңнан аялай сипадым. Одан ақырын ғана құшып, бетіңнен өптім. Сол сәт жүрегім атқақтап, аузыма тығылған шығар. Батылым жетіп сүйгенім бірінші рет еді. Екі жылға таяу бір-бірімізге қарайлап жүргенде анда-санда қолыңнан ұстап, иығыңнан құшақтағаным болмаса, аса жуысып көрмеппін. Үш қабатты үлкен үйдің іргесінде тұрғанбыз. Жоғарыдағы  пәтердің бірінің шамы жанғанын аңғардық. Сенің бөлмеңнің терезесі екен.

– Тәтем алаңдап, іздеп жатқан секілді. Мен барайын, – дедің күбір етіп.

– Жарайды. Бара ғой…

Сұп-суық ерніңе ернімді тигіздім. Алаулаған ыстық деміңді де сезінемін. Сен де оқыс ұмтылып, бетімнен шөп еткіздің де, жүгіре баса көз алдымнан ғайып болдың. Сәуір түні әжептәуір ызғарлы-тын. Қолсағатыма қарасам, бірді көрсетіп тұр.Тау бөктерлеп үйге қайттым. Сендей талдырмаш қана келген, бойы менен сәл ғана аласа, құралай көз, пісте мұрын ақсары қыздың бейнесін жанымда ұзақ аялайтынымды түйсінемін. Осы сезім шексіз шаттыққа кенелтетін секілденеді. Біздің жай – қалашықтың солтүстік жақ шетінде. Онда дүбірлеп кеш жалғасып жатқан-ды. Мені әскерге шығарып салу кеші…

Сен – тоғызыншы класс оқушысысың. Менің таңертең жолға жүретінімді білгендіктен, қоштасып қайту үшін кештетіп іздеп келген екенсің. Ішке кіруге бата алмай, өтіп бара жатқан көрші балалардың бірін жұмсап, шақыртып алыпсың. Негізі, саған күндіз өзім де соққанмын. Тетелес апайың сені үйде жоқ, әлдеқайда жол жүріп кетті деді. Қатты таңырқағаным рас. Іштей неге өйтті екен, жағдайды біледі, неліктен бір дерегін айтпады деп кейідім. Сөйтсем, өтірік айтыпты.

Көзге түсуді қаламай, сыртта тілдесуді құп көрдің де, қыр етегінде бірталай жүрдік. Шешіліп сөйлеспегенмен, көп жәйтті үнсіз ұғысқандай едік. Арадағы біршама ұзақ кезеңде бір-бірімізге неге жақынырақ ашылмадық, неге тереңірек түсінісіп үлгермедік деген қисынды өкпе-нала, белгісіз күмән жатқанын да сезіндім. Кінәні көбінесе маған артатыныңды да аңғарамын. Көз қиығымен томсарып қарап қоясың. Үйлеріңе дейін ұзатып салып, қайтып келе жатқанда екеуміздің алғаш қалай кездескеніміз еске түседі. Біздің Ақшатау кенішінің ауқымды мұз айдынындағы сауық қас қарая басталып, түн ортасы ауғанша жалғасатын. Тұс-тұстан төнген самала шам жарығы репредуктордан шалқыған әсем әуенге астасып сиқырлы бір күйге бөлейтіндей-ді. Бұл орыннан да небір шебер конькишілерді көрер едің. Елдің үлкені мен кішісі мидай араласып, ерсілі-қарсылы жүйткіп жүреді. Аяз қарыған жүздері бал-бұл жанып, шаттана күлген жұрт айдын бетінде ұзақ шиырлайды.

Іргедегі екі қабатты, кең стадион ғимараты ішінде де спорттық ойындар қызып жататын. Даладан кірген бетте сырт киімімді де шешпестен, зал төріндегі ұзын орындықта көпшілік елмен қатар аузым аңқиып, волейболшылар ойынын қызықтап отырғанмын. Тіпті құлақшынымды да шешпеген себебім – аздап жылынып алған соң мен де аяққа коньки киіп, мұзға шығуды ойлаған болуым керек. Әлден мезгілде басына тымпитып орамал тартып алған бүлдіршіндей бір қыздың күлімсіреген күйде ширақ басып, тура өзіме қарай төніп келе жатқанын байқадым. Әйткенмен аса мән де бергем жоқ; танымайтын адам біреумен шатастырды ма, тәрізі, қасымдағы кісімен сөйлеспек-ау деп түйген секілдімін. Сөйткенімше әлгі әсем қыз әй-шәй жоқ, малақайымды жұлып ала қашқаны. Алғашқыда абдырап қалғаныммен, тез серпіліп, соңынан тұра қудым. Сыртқы есікке бір-ақ ырғыды. Ә дегеннен-ақ заулай жүгіріп, оқ бойы ұзап кетті. Мен де қалыспадым. Мұз айдынның жиегіндегі ұлпа қарды жалдап, көп омбыладық. Жүйрік екен. Тегі, жеткізер емес. Қызбен қатар, екі-үш құрбысы қапталдаса шауып, қоса дедектеп жүр. Сақ-сақ күледі. Бір мезгілде пальтосының жағасына қолым ілігіп тартып қалғанымда, шалқая жығылып, ұмар-жұмар құладық. Дегенмен қуаласпақ ойынымыз екеумізге де ұнаған сияқты; ұлпа қарға көміліп, ентіге көтерілгенде өз-өзімізден ішек-сілеміз қатты. Сол арада құлақшынды қолынан жұлып алдым да, сілкіп-қағып қайта кидім. Сонда да қояр емес, басыма қарай тап-тап береді. Қайта тартып алмақшы. Шегіншектеп, жолатпаймын:

– Өй, қойсаңшы! Неғыласың мұны?

– Әкел! Керек маған. Кигім келіп тұр…

Қасындағы бойжеткендерде де ес жоқ, жан-жақтан қаумалап, жабыла кетпекші. Мәз. Құрсауларынан зорға құтылып, кетіп бара жатып, расында, мұнысы қалай екен, тәрізі, шынында да, мыналар мені әлдекіммен шатастырды-ау деп ойлап ем…

Сол қыз ­– сен едің. Ол кезде бір-бірімізді аса біле қоймағандықтан қысылмадық та, ұялмадық та. Именшектеп, тартыншақтап жүргеніміз сезім пайда болғаннан кейін ғой. Ал ол тылсым түйсік кейінірек… сәл-пәл кешірек келді. Сонау сәттен кейін мектепте жиі ұшырасатын болғанбыз. Бізден екі класс төмен оқиды екенсің. Осылайша біртіндеп, көзбен көрісіп, іштей білісіп, өзара табыса бастағанымызды өзіміз де аңдамай қалғандаймыз. Күнде жолықпағанымызбен, елегізіп, іздеп тұратындай жағдайға жетіппіз. ­Әуелде тани қоймаған себебім сендер көрші ауылдың қыздары екенсіңдер. Жоғары кластарды осындағы немере апайларыңның қолында тұрып оқитын болып шықтыңдар.

Мектептегі көз байлана аяқталатын демалыс кештерінен кейін арагідік шығарып сала бастаппын. Сен түскі ауысымда оқушы едің де, менің таңертең сабаққа бара жатқан мезгілімді асыға күтіп тұратындай, терезеңе жүгіріп келіп, іштен қол бұлғайтынсың. Ақшатаудың орталық көшесі төменде ұзыннан-ұзақ созылып, сайдауыттау жерде жатады. Ал «Балалар әлемі» деп аталатын үлкен дүкеннің үстінде орналасқан сіздің үш қабатты алып үй өңкиіп, биікте тұрады. Мен де саған көңілім толқып қол көтеремін. Үш жүз метрдей аралықтан бір минуттей ғана жүздесуіміз тұтас бүкіл ғұмырға татитындай, кеудемді ылғи айрықша нұрлы шуаққа бөлейтін. Және бұл көрініс күнде қайталанар-ды. Терезе құдіретіне арбалғаным сонша – мектепті бітірген соң Алматыға барғаныммен, ешбір жоғары оқу орнына құжат тапсырмай қайтып келдім. Үйдегілерге «құлап қалдым» дедім. Ондағы есебім – ақыры келесі көктемде әскерге әкетеді; институтқа армия қатарына барып келген соң бір-ақ түсермін дегенмін. Ал оған дейінгі жеті-сегіз ай уақытта кеніште еңбек етіп, сенің жаныңда жүре тұруды ұйғардым. Қайтып келіп жұмысқа орналастым. Онда да үнемі таңертең терезеден ұзатып салып тұрушы едің.

Міне, солай еді біздің ахуал…

Ертеңіне  жолқапшығымды арқалап, автобусқа отырдым да, аттанып кеттім. Туған-туыс, жора-жолдас улап-шулап шығарып салған. Сол күні үлкен поселкеден әскерге аттанған бір өзім ғана едім. Алдымен Қарағандыға бардым. Одан Мәскеу арқылы Германияға ұштық. Әдетте, алыс шетелге шақырылатын жауынгерлерді осылайша мамыр айынан едәуір ертерек әкететін көрінеді.

Ол жақта алты айлық әскери оқу күтіп тұрды. Өздігінен жүретін зенит қондырғысының командирі курсына түскенмін-ді. Күнделікті жаттығулар, әскери-саптық дайындық әжептәуір ауыр-тын. Қатарға тұрып, түскі астан қайтып келе жатқанда көбіне сені ойлаймын. Хат келді ме екен деп елеңдеймін. Бір-екі рет сенің терезеңді түсімде де көрдім.

Екі жыл да өтті ғой. Бірақ сен мені күтпепсің… Анығында, тосқан да екенсің; бірақ армияның екінші жылы басталған кезде мыңдаған шақырым алыста жүргеніммен, сенің тарапыңнан әлдебір келеңсіздікті, істің аса адал еместігін аңдағанмын. Кейбір жазбаларыңның сипатынан түсініксіз бұқпантайлық байқалған. Бір күні барлық әңгімені бүкпесіз баяндауыңды өтінгенмін. Бәрібір «жағдай орынша, аса алаңдама» деп ештеңені ашып айтпадың.

Бірталай жайт бертініректе айқындалған. Әкеңнің бір досы саған құда түсіпті: «Бәлен жылдан келе жатқан жан жолдаспыз. Енді сарысүйек құда болайық. Кіші қызыңды менің балама бер!» деген секілді. Папаң: «Мен мұндай іске араласпаймын, жастардың өздері білсін» дейді. Ал анау бұдан соң «енді қалған шаруаны өзің ретте, бәрі саған байланысты» деп ұлын іске қосады.  Ол жігітті білуші едім. Менімен құрдас. Әскер қатарына денсаулығы жарамаған; әйтсе де кішкене кеудемсоқтау, делқұлылау жан-ды. Сен екіұдай күйге түсіп, соның шақырғанына көніп, бір айдай кездесуге шығып жүріпсің. Алайда ойлана-толғана келе маған деген түпкілікті шешіміңе тоқтағандайсың…

Өзіңді шығарып салатын түнде тағы бір ашылған нәрсе – мен әскерге жүретіннен бір күн бұрын үйлеріңе келіп-кеткенімді әпкең сенен бүркемелеген екен. Онымен де қоймай: «Бағана көшеде ол оңбағанды көрдім. Басқа бір қызбен қолтықтасып барады», – деп жағдайды ушықтыра түсіпті. Әлбетте, сенің де күйінгенің аян. Бірақ кеш те болса маған жолығып, қоштасып қайтуға ерлігің жетіпті.

– Дұрыс істепсің! – дегенмін сонда. – Мен бағана үйлеріңе әдейі барып, сұрағанмын. Сені бір жаққа жол жүріп кетті деді ғой. Және мен ешкіммен қолтықтасқан жоқпын…

– Қызық! – дедің қайран қалып. – Неге өйтті екен?!.­

Мен де айран-асыр болып ем. Соңырақ білгенімдей, сонау қыста менің малақайымды ала қашуға жұмсаған да сенің сол апайың көрінеді. Сендерді жүгіртіп қойып, сыртымыздан бақылап жүріпті. Ал ол әпкең – менің кластасым-тын.  Кескінсіз емес… Тек саған қарағанда ірі, аяқ-қолы балғадай қыз-ды. «Бақсақ, бақа екен» демекші, әпкеңнің менде көңілі болғанын сен екеуіміз де білмеппіз. Ал ол мен жақтан тиісті жауап ала алмағаннан кейін сұмдық жек көріпті. Кластас болғанмен, ұдайы өз-өзінен кектеніп, дүрдараздық танытатыны таңырқатушы еді. Мені саған жамандайтын сырын да кешірек ұққандаймын. Не керек, сен екеуміз ақыры жараспадық. Сонау шындықты жасырғаныңды кешіре алмаппын.

***

Мен әскер қатарынан оралған соң, арада он жылдай өткенде Алматыға келіпсің. Бұл аралықта университет тәмамдап, республикалық басылымдардың бірінде бөлім меңгерушісі қызметінде жүргенмін. Түскі астан кейін редакцияға кешігіңкіреп кірсем, бір бөлімде қызмет атқаратын әріптесім:

– Жаңа сені бір келіншек іздеп келіп кетті, – деді.

– Түр-келбеті қандай адам екен?

– Ауылдың адамы тәрізді. Толықша, ақсары әйел. Алдыңа хат жазып кетті-ау деймін…

Қарасам, үстел календарына: «Сәлем! Қалың қалай? Мен бір шаруалармен осында келіп едім. Саған соқсам, жоқ екенсің. Соңыра қайта хабарласармын. Сәуле» деген жазу түсіпті. Бұл кім болды екен деп аң-таңмын. Бір мезгілде қалалық телефонымыз шырылдады. Тұтқаны көтерсем, әйел дауысы.

– Мен Сәуле ғой. Орныңдасың ба? – деп саңқылдап тұр.

– Қай Сәуле екен?!.

– Немене, неше Сәулең бар еді сенің?! Шын танымай тұрсың ба өзің?! Кәдімгіше түтігіп қатты ашуландың. Сонда ғана ес жиып, мәселе мәнісін түсіне бастаған едім. Осынау он жылдан аса уақыт аралығында сені ұмытуға айналғаным да рас-ты. Ал бұл кезеңде, шынымен, қаншама Сәулемен жолықтық. Курстас қыздар, қызметтес құрбылар ішінде Сәулелер баршылық-тын. Ал сен мен үшін жер жүзінде тек бір ғана Сәуле болуға тиісті деп санаған секілдісің. Әмбе мен бұл кезде мүлде басқа адам едім ғой. Үйлі-баранды, балалары өсіп қалған дегендей…

Күйеуіңнің үстінен менімен байланысты жаңартуға ұмтылғаныңды да онша ұнатпадым. Тыз етіп тез ашуланатын мінезіңді де жараттым деу қиын. Бір қызығы, көз алдыма сенің терезең елестеді. Әрине, сонадайдан жарқырап, жүрек өрекпітетін ол әйнектер қазір жоқ. Ол тұрмақ, сол еңселі үйдің өзі де жермен-жексен болғалы нешеме жылдар өтті. Ақшатаудың да төрттен үш бөлігі жойылған.

Біз де бірталай жасқа келіппіз. Өмір деген осындай ырың-жырыңы көп, тұрлаусыздау нәрсе екен. Бірақ, қалай десем де, әлі күнге дейін кеудемде сенің терезеңнің жарығы сақталғаны өтірік емес.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз