12 қаңтар – Д.Қонаевтың туған күні

Әлмерек әулиенің ұрпағы, шипагер, халықаралық Нострадамус атындағы сыйлықтың иегері, марқұм Ермек Мырзакелді Димекеңді жиі еске алып, маған ол кісі жайында көрген түсін айтушы еді.  Бұл дүниеде дана патша болған Димекең о дүниеде де кемеңгер, әулие сұңғыла екен. Бұған біреу иланады, біреу сенбейді, әрине. Тәңір тылсымын тануға пенденің ақыл-ойы жетпейді. Өзімнің топшылауымша, Пайғамбар аттас, әулие рухты Димекең мәңгілік нұрға айналып кеткен. Сол «тылсым-нұрдың» пенделерге әсері де болады екен. Аты Дінмұхамед, Димаш деген қазір балалар көп. Осы «Дінмұхамед» деген аттан бір ерекше сиқырлы күш  сезіледі. Қытайды дүрліктірген әнші Димаштың азан шақырып қойған аты Дінмұхамед екен. Әке-шешесі Д.Қонаев атасы сияқты атақты, адал, қарапайым болсын деп осы атты қойыпты. Димекең бұрын ол елде академик атымен әйгілі болса, оның атын  алған бала Димаш әншілігімен аспанасты елін тәнті етті.

Ол кезде академия президенті Димекең 50-жылдардың басында КСРО-ның бас хатшысысы Н.Хрущевпен бірге Қытайға барған сапарында геология ғылымы жөнінде баяндама жасап, сол елдегі күллі оқымыстыларды қайран қалдырып, кездесу, жүздесулерде халықтың шексіз құрметіне бөленеді. Әнші Димашты бұдан 60 жыл бұрын аталған елге барған Димекеңнің аруағы, ата қазақтың рухы қолдаған болар. Димекең Қытайдың өнер жұлдыздарымен кездескенде қазақтың белгілі әншілері мен күйшілері, ақын-жазушылары туралы әңгімелеген. Қытай елі жөнінде өткен кеңестік дәуірде өте құнды еңбек жазған Димекең екенін біреу біледі, біреу білмейді. Орыс тілінде шыққан «Қытай Халық Республикасындағы 30 күн» деген кітабы елге тез тарап кетеді.

Кемеңгер және «кеңкелес патша»

Кеңестер Одағының дүниені шулатқан тың игеру экономикалық саясаты Қазақстанның солтүстік облыстарынан басталды. Ақмолаға 60-жылдары ұрда-жық, есерсоқ мінезімен елді мезі еткен сол кездегі КСРО басшысы Н.Хрущев келеді. Димекең ол кісімен бірге жүреді. Әңгіме-дүкен үстінде Хрущев Ақмола деген  ат қандай мағына береді деп сұрайды. Қасындағы партия қайраткері дәл мағынасы орысша «белый могила», яғни «ақ мола» деп жағымсыз жер-су атауы екенін ұғындырады. Бейіт-қорымға қатысты атауды ұнатпаған Н.Хрущев «бұл тың өлкесі, яғни целина. Сондықтан Целиноград болсын» деп бұйырады. Орта білімі бар шаруа баласы өзге ұлттың салт-дәстүрінен бейхабар, тарихынан мақұрым,  «қияли коммунизмнің» кеңкелес көсемі Никитаның айтқаны болады. Сөйтіп, қала Целиноград атанады.

Қазақстанда өлкелер құрылғаннан кейін өлке бастықтары республика басшыларына бағынбай, тікелей Мәскеумен сөйлесіп, мәселені өздері шешетін болған. Бұл сол кездегі бірінші басшы Димекеңе ауыр тиген. Тың өлкесінің басшылары білгенін істей бастайды. Н.Хрущевке жағымпазданған олар Павлодар қаласының атын «Хрущеваград» деп атау жөнінде шешім шығарады. Димекең бұған қарсы болып,  қаулыны тоқтатады. Естелігінде бұл оқиға бүге-шүгесіне дейін баяндалады.

Астыққа қатысты үлкен жиында Димекең Қазақстан мен Ресей тың жерлерінің ұқсас емес екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, өлкелердің бірігуі де түбінде жақсылыққа апармайтынын айтады. Өлкелерді қосу саясаты түбінде қазақ жерінің бөлшектенуіне әкелетіндігін көреген Димекең күні бұрын сезіп, мұны астарлап жеткізеді. Бұрын Қараөткел – Ақмола – Целиноград соңында Астана болып өзгерген осы өлкенің әр елді мекенде жер, су, шабындық, астық алқаптары, қала, кенттері Димекең жадында өле-өлгенше сақталып қалды. Өйткені қазақ жері үшін айқас осы тың өлкесін құрудан басталды.

Горбачевтің Целиноградқа келуі

Онсыз да іріп-шіріп, күйреуге айналған мемлекеттің ыдырауына М.Горбачевтің қазақ халқын менсінбей, басшысы Д.Қонаевты қорлауы себеп болды. 80-жылдардың ортасында М.Горбачев  Қазақстанға келді. Алматыға соқпай, Целиноградтан бір-ақ шықты. Бұл барып тұрған менмендік және ақымақтық еді. Қалыптасқан тәртіп бойынша сапарын Алматыдан бастап, соңында облыстарға шығуы жөн еді. Білгенін істеді. Оның бұлай жүргенін халық хош көрмеді. Димекең амалсыз Алматыдан ұшып, Целиноградқа келуге мәжбүр болды. Қаланың өндіріс орындарындағы кездесулерде Горбачев жанында жүрген Димекеңмен әңгімелеспей, өзінше қыр көрсетіп,  сұрқиялығын байқатты. 1980 жылы Мәскеуде қатардағы хатшы болып жүргенде политбюро мүшесі Д.Қонаевқа жалпақтап, күтіп алып, шығарып салып жүретін адамның аяқастынан өзгеріп шыға келгені Димекеңді қынжылтты.

Димекеңді қорлауы өз алдына, тіпті қалай көзін жоюға дейін қам жасағаны шындық еді. Барлық атағынан айырылып, партиядан шығарып, ескерткішін құлатып, соңында абақтыға отырғызу оның арманы болды. АҚШ-тағы «советтік жүйені» зерттеуші, белгілі ғалым, Марта Оклот М.Горбачевтің екі жылға жуық  Д.Қонаевпен алысып, оны жеңе алмағанына қайран қалып жазады.

Димекеңнің 20 жылға жуық оққағары болған, сол үшін жазаланған Анатолий Горияновтың: «Қасиетті адам Горбачевті киесімен ұрды», – дегені бар. «Бірде үйінде телефонда Горбачевпен ұзақ сөйлесті. Соңында: «Менен ала алмай жүрген қандай кегің бар, Михаил Сергеевич?» деп қатты кетті», – дейді ол. Қажет жерінде Димекеңнің қатты кететін кездері болған. Мәскеу дөкейлеріне үнемі бас шұлғи бермеген. Бәрінен бұрын оның М.Горбачевті ақыл-парасатымен жеңгені батыс елдерінде, АҚШ-та дүрлікпе ақпарат болып тараған.

Брежнев және неміс автономиясы

Димекеңнің досы Л.Брежневтің өмірінің соңында жазылмас дертке, психологиялық күйзеліске душар болғаны белгілі. Әйгілі «генсек» туралы шыққан деректі фильмдерде, тарихшылар жазған шынайы еңбектерде бәрі жақсы дәлелденген. Леонид Ильич батыс елдеріне барған сапарында  КСРО-дағы немістердің азаматтық құқықтары жөнінде сауал қойылады. Бұрынғы неміс автономиясын қалпына келтірсе деген тілек айтылады. Ол кезде ақыл-ой ауруы меңдеген Брежнев көп ойланбай, «бұл мәселені шешеміз» деп уәде береді. 70-жылдардың соңында оның аузынан шыққан осы сөз КСРО-да неміс автономиясын қайта қалпына  келтіруге түрткі болады.

1979 жылы Целиноградта неміс автономиясының құрылуына қарсы шеру басталды. Неміс автономиясын болдырмаудың ар жағында көзге көрінбей  Д.Қонаев тұрды. Қарсылық сол кісінің нұсқауымен астыртын ұйымдастырылды. Өкініштісі, Димекеңнің естелігінде бұл шулы оқиға жөнінде еш нәрсе айтылмайды.

Атбасар – Димекеңнің қайын жұрты

Өткен ғасырдың 70-жылдары Д.Қонаев әйелінің Атбасардағы әкесі, Кеңес өкіметінің қас жауы Шәріп Янаевқа мазар салды деп орталық баспасөзде әңгіме көтерілді. Шындығында, Димекеңнің жары Зуһра сондағы қорымдағы шешесінің басына белгі қойған екен. Әкесі Шәріп Атбасарда емес, Ташкентте қайтыс болған. Сол кездегі билікте жұлдызы жанып, алғаш «Еңбек Ері» атағын алған, политбюроға тұрақты мүше болған Димекеңді көре алмайтын біреулер түймедейді түйедей етіп көрсетіп, Мәскеуге жалған ақпарат берген. Бұл оқиға Зуһра Шәріпқызының жанын күйзелтіп, жүрегін тоқтата жаздайды. «Мен туған шешем ерте қайтыс болып, өгей шешенің тәрбиесінде өскен мұңлық едім. Мені қойшы, о дүниелік болған марқұм шешемнің аруағын қорлады ғой күншілдер» деп күйзеліп, налиды.

Димекеңнің 50 жыл 6 ай отасқан сүйікті жары Атбасардың қызы еді. Жастайынан қазақтардың арасында өсіп, ат құлағында ойнаған шабандоз қыз өте пысық, әдепті әрі өте ісмер болып, елде аты шығады. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы аласапыран кезде отбасы Алматыға қоныс аударады. Қазақта «ер жігіттің үш жұрты болады» дейді. Димекеңнің қайын жұрты Атбасардың ноғай-қазақтары екенін көпшілік біле бермейді.

Жалпы, Атбасар өңірі – тарихи өлке. Бұл жерде қазақтың ұлы жазушысы, Димекеңнің жан досы Ілияс Есенберлин өмірге келген. Қаламгердің «хандарды мақтап,  ұлтшылдықты қоздырды» деп дау-дамай тудырған «Көшпенділер» кітабы тікелей Димекеңнің қолдауымен жарыққа шыққан. Жазушының Кенесары хан жөніндегі «Қаһар» кітабын Димекең қолжазбадан оқып, пікірін білдірген тілекшісі-тұғын.

Әуе кеңістігіндегі төтенше жағдай

Димекең  іссапар, алыс елдерге жолсапар кезінде жеті рет қауіп-қатерден, оқыс жағдайлардан аман қалған, қорғаушысы Құдай, жебеушісі Тәңір болған, адамзат тарихында сирек кездесетін тұлға еді. Өміріне қауіп төнген сондай оқиға 50-жылдары «совмин» төрағасы кезінде, Мәскеуден ұшып келе жатқанда әуе кеңістігінде болады. Ұшақ Целиноградқа жақындағанда ауа райына байланысты мұнда қонуға болмайтыны ескертіледі. Қарағанды әуежайына қону керектігі айтылады. Ол жаққа бағыт алса, бензин таусылатыны экипаж мүшелерін әрі-сәрі күйге түсіреді. Төтенше жағдайды біліп отырған Димекең  ұшқыштың өте тәжірибелі, тәуекелшіл және қорқуды білмейтін ерекше қасиетіне қанық еді. Сондықтан да экипаж командиріне «Арқаның табиғаты тез құбылып отырады. Мүмкін, ауа райы өзгеріп кетер, тәуекел, Целиноградқа қонайық» дейді. Көп ұзамай Димекеңнің айтуы бойынша ұшақ қала әуежайына аман-есен қонады. Осы оқиғаның басы-қасында болған, сол кездегі Димекеңнің оққағары, өзі де алып адамға ұқсаған сұңғақ бойлы П.Кравчуктің «есімде ерекше қалғаны – Димекеңнің үрейдің не екенін білмеуі, ал әйелі Зуһраның «дәм-тұзымыздың таусылғаны осы шығар» деп бақилық сөз айтуы» дегені бар. Айтпақшы, Мәскеуге кетіп бара жатқанда Арыс маңында Димекең отырған вагоннан өрт шыққанда пойыз бастығына хабарлап, «стоп кранды» басқан осы оққағары болатын. «Бұл адам жүз жылда бір туатын ұлы тұлға ғой. Ол кісінің қасында оққағары болып жүрген кездерім өмірімдегі ең бақытты күндер болып қалды» деп, Димекеңнің мұражайында оны егіліп еске алатын. Бастапқыда Л.Брежневке оққағар болып, Н.Хрущев Қазақстанға келгенде оның да қасында жүрген П.Кравчуктың суреті Димекең мұражайында ілулі тұр.

Студент кезінде Димекеңнің Қоңыратта өндірістік тәжірибеде болғаны белгілі. Кемемен Балқаш көлі арқылы келеді. Бір тұсқа келгенде алапат дауыл соғып, ескі кеме суда шайқалып, апатты жағдай туындайды. Бір кезде дауыл басылып, су көлігіндегі күллі жолаушы аман қалады. Бұл оқиға естелігінде баяндалған. Кейін мұнда тау-кен инженері қызметінде жүргенде  алапат жарылыс, зор шығын, адам өлімі болып, іс қозғалады. Бұған инженер кінәлі деп, жауапқа тартылады. Оны кезінде Алашорда партиясында болған, Ресейде оқыған, адвокат заңгер қорғайды. Бұл  өз алдына үлкен әңгіме. Жаратқан иесі жебеген Димекең о бастан Құдайдың сүйікті ұлы еді. Естелік кітабында Құдай-Тағала, Хақ-Тағала, Тәңір ие деген сөздердің көп айтылуы мұны дәлелдейді.

Елордада ескерткіш орнатылса…

Қоғамдық көлікте  жолаушылар  кейде жөн сұрасып, әңгіме айтады. Бірде Астанада «Д.Қонаев даңғылы» деп кондуктор хабарлағанда «бұл кісі кім еді?» деп мен әдейі сұрадым. «Димаш атамызды білмейтін адам жоқ. Шамасы, сіз оралман боларсыз», – деді жанымда отырған  жасы 50-ден асқан оңтүстіктің қазағы. Мен: «Димекеңді дүниежүзі біледі. Автобустағы студент жастардың есінде жүрсін деп әдейі сұрадым», – дедім. «Оныңыз жөн екен. Бірақ ол кісі туралы көп айтылмайды ғой. Осы үкімет адамдарының Димекең туралы еске алып, айтқандарын естімедім», – деді ол. Мен болсам: «Есесіне Д.Қонаев даңғылында ол кісінің аты күнде айтылып, рухы жаңғырып тұр», – дегеннен басқа ештеңе дей алмадым.

Кезінде 1983 жылы Целиноградқа барғанда облыстық тарихи өлкетану мұражайын аралап, мұрағаттарымен танысып, «Өрнекті өлкенің шежіресі» атты мақала жаздым. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Мұражайдан ерекше орын алған тың игеруге арналған зал болатын. Ондағы тың өлкесінде бітік шыққан астықты белбурадан кешіп, жанындағы партия қайраткерлерімен, облыс басшыларымен әңгімелесіп тұрған тау тұлға Дінмұхамед Ахметұлының суреті ерекше көзге түсетін. Сондай-ақ Димекеңнің тың өлкесіне келген Л.Брежневпен түскен суреті де тартымды болатын.

Биыл Димекеңнің туған күні қарсаңында сол мұражай есіме түсіп, сол араға бардым. Өкініштісі, мұражай үйі бір мекеменің кеңсесіне айналып кетіпті. Бұрынғы тарихи орынның қайда көшкенін ешкім білмейді. «Астана тарихы үшін өте құнды ескі мұражайдың мұрағаттары қайда екен?» деген сауал көкейімде тұрды. Сөйтіп, елордадағы С.Сейфуллин атындағы мемориалдық мұражайды аралап шықтым. Мұнда бұрында мен көрген мұрағаттар жоқ. Қала тарихынан мәліметтер беретін тарихи деректер біраз бар екен. Қазіргі Астананы Димекең көрген жоқ. Астанадағы белгілі даңғыл, гүлзарлы көше және Д.Қонаев атындағы колледж кемеңгердің рухын лаулатып, еліне сіңірген еңбегін әлемге әйгілеп тұр. Енді ұлы тұлғаға Астанада ескерткіш орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ораз ҚАУҒАБАЙ,

қаламгер, қонаевтанушы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз