Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов «Фэйсбуктегі» парақшасында соңғы айларда пара алып ұсталған қала әкімшілігіне қарасты мекеме басшылары үшін кешірім сұрады.

«… БАҚ мен әлеуметтік желілерде екі бірдей коммуналдық қызмет көрсету мекемелері басшылары мен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары қамауға алынғандығы туралы ақпарат қызу талқыға түсуде. Қазір бұл азаматтардың барлығы қамауға алынып, сот процесін күтуде. Олардың кінәлілік деңгейін сот анықтайды. Айта кету керек, коммуналдық қызмет көрсету саласындағы басшылық қызметте болған бұл азаматтардың жауапкершілікке тартылуы мені қатты қынжылтты. Қала басшысы ретінде мен осындай жағдайлардың орын алғаны үшін тұрғындардан кешірім сұраймын. Біз жемқорлықпен күресті үдетіп, абыройымызға нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеу үшін барымызды салатын боламыз!» делінген онда.

   Нақтылай кетсек, былтырғы қазан айында «Атырау Су арнасы» КМК басшысы А.Ташлыков бір миллион теңге жымқырды деген күдікпен ұсталған еді. Оны тергеу кезінде қамауға алғанмен, 69 млн.теңгенің жылжымайтын мүлкі кепілдікке салынғандықтан босатып, іле-шала қайтадан жапқан болатын. Мұндай шешімге, кейбіреулер атағандай, «су патшасының» құрықталғанға дейінгі бір жыл ішінде бизнесі жүріп тұрған көршілес Астрахан облысынан елу шақты рет барып-келгені себеп болған сыңайлы. Сірә, тергеу органдары оны қашып кетіп, ізін суытады деп қауіптенсе керек.

    Одан жыл соңына жетпей-ақ 300 мың теңгемен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Кенжалиев қолға түсті. «Қыр асатын» қырықты артқа қалдырғанына көп болмаған жас басшы ескі үйлерді сүріп, тұрғындарды жаңа қонысқа көшірумен айналысатын.

  Ал қала мен оның айналасындағы елді мекендердің тазалығына жауапты «Арнайыавтобаза» ЖШС директоры Самат Тұрниязовқа «өзінің қызметтік өкілеттілігін пайдаланып, аса ірі көлемдегі бюджет ақшасын жымқырды және талан-таражға салды» деген айыптың тағылғаны – күні кеше ғана. Бұл істердің жай-жапсары әзірге тергеліп жатыр. Сондықтан, кесімді шешімін айтуға әлі ерте.

     Қол астындағы сенімсіз кадрларының кесірінен көпшіліктен кешірім сұрауға мәжбүр болған қала әкімі әрі қарай биылғы жылыту маусымы ойдағыдай өтіп жатқанын, шаһарды соңғы күндері қалың түскен ақ ұлпа қардан 28 техниканың күндіз-түні тынбастан тазалап жатқанын жазады. Осы бір абыройсыздық болмаса, көшелердің қардан уақытылы тазарып отырғанын атыраулықтар да көріп-біліп отыр.

    Бұл тізімге қатысы болмағанымен, облыстағы парақорлық дерегін көбейткен жайдың бірі — «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасарына қатысты. Ол 2017 жылдың қазан айында филиал директорынан қызметтік қажеттілікке байланысты деген сылтаумен Каспий теңізі Маңғыстау облысы акваториясына экологиялық мониторинг жүргізу үшін іссапарға рұқсат алған. Қарамағындағы ондаған қызметкермен бірге бірнеше күндік сапарға шығуы керек болған сотталушы теңізге шығатын кемеге қажет екі млн.теңгені құрайтын 16 мың литр дизель отынын өзінің танысына сатып жібереді де, жолға шығудың мүлдем қажеті жоғын айтып шыға келеді. «Дәніккеннен құныққан жаман» деп ұзамай бұл әрекетін тағы да қайталаймын деп қолға түседі. Алаяқтың келтірген мүліктік залалы 4 млн. 463 мың теңгеге есептеліп, екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

       … Ал бұрын-соңды басшылық қызметте отырған азаматтың қарамағындағылардың теріс әрекеті үшін беті қызарып, «қылша мойным талша» дегенін көрмеген тұрғындар Серік Жамбылұлының постын оң бағалап отыр.

Құралай Қуатова,

Атырау облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.