Жылдар жылжып өткен сайын есімі жақұттай жарқырап жаңғыра беретін, халқының қалаулысына, елінің елеулісіне айналып ұмытылмайтын тұлғалардың бірі Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов еді. Оның жұртына  жасаған жақсылығы әр пенденің жадында сақталып қалған. Бұл жайында талай рет жазылды да. Дегенмен қазіргі рухани жаңғыру кезінде алып тұлғаны тағы бір еске алудың реті келіп тұр.

Бұл екі жігіт сонау 90-жылдары Заманбек Қалабайұлы Алматыны басқарған тұста қазақтар үшін тіркелуге жабық қала болып келген сол кездегі астанаға тіркеліп, кейіннен баспанаға ие болғандар екен. Қазір қалада жұмыс тапшы болғандықтан, күн ұзаққа көк базардан азық-түлік алуға келгендердің алған заттарын жеңіл көліктерімен  үйлеріне жеткізіп беріп, нәпақа тауып, бала-шағасын асырап отырған жайы бар. Мұның өзі Заманбектің шапағатына ие болған жандардың аз еместігін көрсетеді.

***

 Сондай жандардың бірі, Тимур Қыстаубаев деген жігітпен біз зайыбым Гүлмаржан екеуміз бір жолы көк базарға барып, азық-түлік алып қайтар кезде таныстық.  Заттарымыз қоғамдық көлікпен алып жүруге ыңғайсыз болған соң машина жалдағанбыз. Тимур ақкөңіл, ашық жігіт екен. Жолшыбай әңгімелесе кеттік. Ол Заманбек Қалабайұлынан көрген жақсылығын айтып отырды. «Жалғыз мен емес, біраз жігіттер сағынышпен еске алады ол кісіні, – деді Тимур. – Мысалы, Мақсұт Сұраншин деген жігіттен сұрауыңызға болады. Ол да мен сияқты жеңіл көлігімен базарлаушыларға қызмет көрсетіп жүр».

Айтса айтқандай, десе дегендей, Заманбек Қалабайұлы кезінде қандай қызмет атқарса да, өмірде айшықты із қалдырып отырды. Ол қысқа ғұмырында Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы Селден қорғау құрылыстарын салу және пайдалану жөніндегі бас басқарманы, Алматы қалалық кеңесі атқару комитетін, Алматы қаласы әкімшілігін, Алматы облысын, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігін   басқарған кезде еліне елеулі еңбек сіңірді. Бірнеше рет парламент депутаты болып сайланды. Сөйтіп, халқына қажымай-талмай қызмет етті.

Заманбек Қалабайұлы Алматыны басқарған жылдары іске батыл кірісіп, алдымен қазақтар үшін тіркелуге жабық қала болып келген сол кездегі астанаға тіркелуге рұқсат еткенін, сөйтіп, барлық түйінді жерлердің бәріне (паспорт үстеліне, милицияға, үй басқармаларына, қауіпсіздік комитетіне, тағы басқа тиімді жерлерге) орналасып алып, ойларына келгенін істеген келімсектердің аптығын басқаны еске түседі. Бұл батыл да батыр адамның қолынан келетін іс. Коммунистік партияның қылышынан қан тамып, халқын қуырып жеп, артық-ауыс сөзге аузын аштырмай  айтқанына көндіріп, айдауына жүргізіп тұрған кезде бірен-саран жүрек жұтқан жандар болмаса,  көпшілігі мұндай қадамға бара алмас еді.

Кеңестік заманда аузындағысынан айырылып, қолындағысынан қағылып қағажу көріп келген ұрпақ мұны қалай ұмытсын! Оларға мүмкіндігінше үй беріп, кейбіреулеріне үй салатын жер  алуға рұқсат еткені, көбісін жұмысқа орналастырғаны ол кезде кішігірім революция жасаумен пара-пар болған еді. Заманбектің жұртына жасаған шарапатының бәрін айтып тауысу мүмкін де емес. Оны әсіресе сол 80-жылдары қалаға тіркеліп,  үй алған, жұмысқа тұрған, тіпті кейбіреулері көлік те алған   қазақтардан сұрау керек.

Ол әсіресе әдебиетпен айналысатын ақын-жазушыларға  көп жақсылық жасады. Соның ішінде белгілі ақын, Франс Капка атындағы сыйлықтың иегері Шөмішбай Сариевке жасаған жақсылығын Шөкеңнің өзі жыр қылып айтады. Заманбектің шаһар басшысы болып тұрған кездегі шапағаты адамгершілік пен мәрттіктің үлгісі деуге әбден болар еді. Бұл жайында кезінде жазылды да.

 Белгілі сатирик Көпен Әмір-Бектің журналист  Айжан Өзбекова жүргізген сұхбатынан Зекеңе қатысты жерінен үзінді келтірейік:

« – Осыдан бірер жыл бұрын сіздің «Заманбектің намазы» деген монологыңызды теледидардан тыңдаған едім. Ұмытпасам, «Е, Құдай! Мен  саған оппозиция емеспін» деген жолдары болатын. Ұққан адамға бұл сөзде көп астар  бар. Заманбек ағамыз көзі тірісінде мұны қалай қабылдады?

– О-о, ол кісінің батырлығы мен батылдығына талай рет куә болдық. «Заманбектің намазы» деген пародиямды Республика сарайында орындадым. Залда Зәкең мен Мақпал екеуі отырды. Бір қызарып, бір бозарғанын байқадым. «Әй, енді менен ат-тонын ала қашатын шығар?» деп қауіптеніп едім… Жоқ, олай емес. Сынды қабылдай білетініне қайран қалдым. Шешенстан президенті Жахор Дудаев қаза тапқан күннің ертеңіне үйіне қонаққа шақырып, қылыш сыйлады. Бұл Дудаевтың Зәкеңе сыйлаған қылышы екен. Қылышқа «Моему лучщему другу Заманбеку Нуркадилову от Жахора Дудаева» деп ойып жазылған. Іштей жаман ырымға жорып алмадым. Қазір өкінемін. Ырым үшін 5-10 теңге тастап алып кетуім керек еді. Жахордың алдаспаны Зекеңнің мұражайында тұр».

Мұсылман азаматтар біріне бірі қылыш, қанжар, кездік, пышақ, бәкі сияқты суық қару сыйлағысы келгенде оны бір тиынға болса да, сатып алу керек болады. Көпен соған өкініп отыр.

Халқының қамын ойлап  қарауылға ілінген бұл екі оғлан – Жахор мен Заманбек бірін-бірі дос санаған.

***

Заманбектің шапағаты мен шарапаты тиген жандардың бірі –  белгілі ақын-жазушы Софы Сматаев.

«… Алтын бесік Алматыма кіндігіммен берік байланғанымды сүйіне, сыйына сеземін. Өйткені осынау аяулы қалама бала болсам, шаһардың әр кездегі біраз әкіміне аға болып, ыстық ықыластарына бөленгем. Бір жылда екі ұлым қабат үйленіп, бір пәтерде үш отбасы боп тұрып жатқанымызды көрген  құдайы көршім, азамат Заманбек Нұрқаділов «Самалдағы» алты бөлмелі пәтердің кілтін қолыма ұстатқан-ды…» – деп еске алады.

Осынау жолдарды оқығанда ақиық ақын Қасым Аманжоловтың:

«Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,

Сонда да тастамаймын астанамды.

Өлеңнің отын жағып жылытамын

Үйдегі әйелімді, жас баламды», – деген жүректен жалын атып шыққан жыр жолдары еске түседі. Егер де сол кезде Заманбек Нұрқаділов бір кездері астанамыз болған Алматының әкімі болғанда ғой, Қасымдай дауылпазға қаланың ортасынан ойып тұрып үй берген болар еді!

 Зәкеңнің сан-салалы қызметінің арасында өнерге деген ілтипаты бөлек еді.

«Тұрсынжан Шапайдың «Дариға-дәурен»» әні 2000 жылдары жарық көрді. Ол кезде Заманбек ағамыздың көзі тірі. «Жаңа ғасырға – жаңа ән» атты республикалық байқау жарияланды. Сол байқауға да қатысып, жаңа заманның шымылдығын аштық. Әннің ғұмырлы болуы тыңдарманға да байланысты», – деп еске алады белгілі әнші Рамазан Стамғазиев.

Айтпақшы, өнер додасы ретінде әлемге танылған музыкалық халықаралық «Азия дауысы» фестивалі 1989 жылы «Алтын алма» фестивалінен бастау алғаны белгілі. Ол кезде Заманбек Алматы қаласының басшысы болған. Осы фестивальдің ашылуына және әлемге танылуына Зекең көп үлес қосты.

         Иә, Заманбекті көзімен көрген замандастары, оның шапағатына бөленген ұрпақ барда, қара орман халқы барда  оның атын ешкім де  өшіре алмайды.

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.