Қызылордада балабақша меңгерушісін «жұмыстан кет!» деп қысқан шенеуніктің тәртібі қаралды. Шиелі ауданы әкімінің орынбасары А.Есмаханов пен Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Ә.Бекайдаровтың үстінен түскен арыз негізінде іске кіріскен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің қызметкерлері мән-жайды нық зерделеген. Нәтижесінде тәртіптік кеңес отырысында арыз кейіпкерлерін тыңдады.

 Жуантөбедегі «Балауса» бөбекжайының меңгерушісі Ұ.Бисенбаеваны «қызметкерлерді жұмысқа парамен қабылдайды-мыс» деген желеудің негізінде аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов ауыл әкімін жиынға шақыртып, ескерту жасаған. Есмаханов ескерту берген сәтте өз бетінше қарекетке көшкен, яғни аудандағы комиссияның назарына ұсынуды ұмыт қылыпты-мыс. Әлбетте, әркімнің өз міндеті мен қызметі бар. Бұл ретте аудан әкімінің орынбасары мәселенің ауданда шиеленісіп тұрғанын жеткізді.

«Менің қабылдауыма келген әрбір тұрғын тұрақты жұмыс сұрап келеді. Мектепке, балабақшаға жіберсек, «Көршім жұмысқа тұрды, бір сиырын беріпті, анауын беріпті, мынауын беріпті» деп отырады. Ал жазбаша арыздануды сұрасақ, үнсіз қалады. Рас, мен бұл ретте қабылдауға келген тұрғынның сөзіне сүйеніп, әрекет еттім. Сыбайлас жемқорлықтан ауданымыз онсыз да алдыңғы орында тұр. Өткен жылы білім саласындағы сыбайластықтың жайын өздеріңіз білесіздер. Мен ауыл әкіміне «Жұмыстан кетсін!» деп емес, жай шешуді тапсырған едім», — деді сөз алған А.Есмаханов.

Алайда, әкімнің атынан сөйлеп, «Әкім қоймай жатыр» деп, жұмыстан кетуін талап еткен Жуантөбе ауылдық округі әкімінің сөзінен соң балабақша меңгерушісінің қан қысымы көтеріліп, екі апта ауруханада жатып емделіпті. Көңілге күмән ұялатыны: мәселе шынында бар болса, ел арасында жүрген әкім емес, аудан орталығындағы орынбасар неге алдымен естиді?! Көкейде қалған осы сұрақ ауыл әкімінің ағынан жарылуына әкелді.

«Ауылда ондай алып-қашпа әңгімелер бар. Біз сол себепті оның бейәдеп қылықтан аулақ болуын сұрадық», — дейді Ә.Бекайдаров.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы, тәртіптік кеңестің төрағасы А.Мұхимов бұл тұрғыда әкімнің елді бейәдеп қылықтан аулақ болуға шақырамын деп, өзі де мемлекеттік қызметкердің әдеп кодексін аттағанын айтты. Кеңес мүшелерінің ұсынысымен Есмахановтың тәртіптік ісі тоқтатылып, Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Ә.Бекайдаровқа сөгіс жарияланды.

Дәулет ҚЫРДАН,

Қызылорда облысы. 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу