Сайын дала төсінде жортқан көкбөрілердің саны есепке алынып, оның белгілі бір бөлігі реттеу мақсатында жойылып отыратынын біреу білсе, біреу білмес. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2017 жылғы биологиялық негіздемесіне сәйкес, Атырау облысы аумағында 2328 бас қасқыр болған. Былтыр облыстық балықшылар қоғамы соның ішінен 187 бөрі тұқымын құртуға тендер ұтып алып, оны артығымен орындапты. Тапсырылған құжатқа сәйкес, 132 қасқыр, 42 бөлтірік, 124 шибөрі терісі тапсырылған. Атып алынған бір қасқыр үшін – 25 мың, шибөрі немесе бөлтірік үшін 12 мың теңге сыйақы төленеді. Бұдан бірнеше жыл бұрын аңшылар тиесілі сыйақыларына қол жеткізе алмай, шағымданған жағдайлар болған. Қазір бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Тек ережеге сәйкес, төлемақы түз тағысының терісі, басы, құйрығы тапсырылып, ол «Арнайыавтобаза» мекемесінің көмегімен өртелгеннен кейін ғана қолға тиеді.

–Қасқыр – өте әккі, оңайлықпен алдырмайтын аң. Оны ұстап, атып алу да оңай емес. Кейде сол үшін бірнеше күніміз кетеді. Оның соншалықты айлакерлігін айтайын, былтырғыны есептемегенде, соңғы тоғыз жылда қасқыр ату лимитін бірде-бір рет орындай алмадық, – дейді облыстық аңшылар қоғамының төрағасы Асылтек Испусынов.

Ал қасқыр десе тісін қайрайтын аңшылар саны аз емес. Былтыр аңшылар қоғамынан аң атуға жолдама алған аңшылар саны – 5862. Биылғы ұсыныстар енді беріліп жатыр. Бүгінде ғаламтор арқылы да лицензия алуға мүмкіндік бар. Ондай жаңашыл әдіс әлі кең тарай қоймапты. Әзірге бірен-саран адам ғана халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы аң атуға жолдама  рәсімдеген.

Мылтығы мен кәсібін заңдастырып алғандардан бөлек, даладағы аңды әуесқойлықпен ататын қызыққұмарлар да жетерлік. Заң бойынша, өйтіп беталды оқ атып жүргендердің әрекеті жазалануы тиіс. Бірақ іс жүзінде осы бап бойынша жауапқа тартылған бірде-бір браконьер жоқ.

Кәсіпқой аңшылардың бірі Алпысбай Құлпейісов биологиялық негіздемеде көрсетілген қасқыр популяциясына күмәнмен қарайды.

–Мен, керісінше, жылдан-жылға қасқыр санының кемуін байқаймын, – дейді ол. – «Қасқырдың аузы жесе де – қан, жемесе де – қан», бөріні қанша жерден жамандасақ та, оның «дала санитары» екенін мойындауға тура келеді. Қалай білетінін қайдам, қасқыр отардағы, үйірдегі ауру малды жеп кетіп отырады. Мал ауруы бір малдан екіншісіне жұққанмен, қасқырға жұқпайды. Жыртқыштың күрт азаюы қолдағы мал арасындағы дерттің көбеюіне жол ашуы мүмкін.

Өткен айда Индер ауданы Есбол ауылының малшысы Талғат Молдашевтың 20 қойын қасқыр жеп кетті. Өмірәлі қыстағында отырған шопан қойлар биттеп кетпеуі үшін жабық қораның есігін түнде ашық қалдырған екен. Одан басқа, ығып кеткен 70 шақты қойын жыңғыл арасынан тауып, Жайықтың арғы бетіне өтіп кеткен 20-дай қойын ауыл тұрғындары айдап әкелген.

Өстіп ылаң салып, елді шулатып кетсе де, «малға шабады екен» деп қасқырды оңды-солды қыру  табиғаттың тепе-теңдігіне жасалған қиянат болар еді. Жер бетінде әрбір жаратылыс иесінің өз орны бар. Оның үстіне Атырау облысында соңғы жылдары мал ауруы бірінен кейін бірі орын алып, алаңдатып отыр. Бір ғана Исатай ауданының Тұщықұдық ауылындағы Айбас, Мыңтөбе, Үштаған елді мекендерінде былтырғы көктем мен жаз айларында 262 жылқы мен 224 ірі қара өлді. Мұндай жағдайда ауру-сырқау, кәрі-құртаң малды жазбай танитын қасқырдың көмегі тіпті керек те сияқты…

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, мәжіліс депутаты:

– 2007-ден 2008 жылға ауатын қыста Батыс Қазақстан облысында қасқырдың адамға шапқан 16 дерегі тіркеліп, 16 адам ауруханаға түсті. Оның біреуі, 28 жастағы адам бірінші топ мүгедегі боп қалды. Ал адамнан бөлек, қасқырлардан қаншама үй жануары зардап шекті. Мен облыс басшысы ретінде мұны үкіметтің назарына қойып, нәтижесінде 2008-2009 жылдары 2500 қасқыр ауланды. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, егер бір қасқыр айына екі мәрте тамақтанатын болса, 14 783 қасқыр бір жылда 354 мың үй немесе дала жануарларын жоқ етеді. Енді осындай жыртқыш аңмен қалай күреспейсің? Мысал келтірейікші, 2015 жылы Солтүстік Қазақстан облысында браконьерлер бас-аяғы алты елік пен бір түлкі және екі қабан атып алған. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында жеті ақбөкенді жайратыпты. Ақтөбе облысында бір елік атылған. Сонда өздеріңіз ойлаңыздаршы, қасқырлар браконьерлерден де көп шығын келтіреді. Мен браконьерлермен күреспеу керек деп отырған жоқпын. Дегенмен осы мәселеге тереңірек мән берсек, бір қыста қаншама құлындар қасқырдың жемі болып жатыр. Қасқырлар артынан еріп жүреді, құлындардың бәрін құртып бітті. Сондықтан қаркешкіш көлікпен аң аулауға тыйым салудың қажеті жоқ. Қасқырлар өте ақылды аң. Қазір ешкім атқа мініп аң ауламайды.

Аманкелді ДӘУРЕНБАЕВ, мәжіліс депутаты:
– Соң­­ғы кезде аңшылықпен жүйесіз айна­лысуы­мыз­дың салдарынан қазақ даласында қасқырдың тұқымы да біртіндеп құрып барады. Бұрын аңшылық кәсіп­пен ай­налыс­қандар жан-жануар популя­ция­сына зиянын тигізбеу жағын назарлары­нан тыс қалдырмайтын. Негізінен, ауыл-аймақ, ел-жұрттың мал-жанын қор­­ғау бағытында аңшылық құратын еді. Қазір оны хоббиге айналдырып алғандар қарда жүретін техникаларын мініп, бойына бесқаруын асынып, автоматпен де шығып, қасқырды қына­дай қырғанын ерлік іске балайды, 20-40 қасқырды жайра­тып, орта­сында қасқайып суретке түсе­тін­дер де кездеседі. Осы есерсоқ әре­ке­ті­міз жалғаса берсе, қасқырды да құр­тып бітіретін шығармыз. Ежелден көкбө­рі жортқан қазақ даласы сонда ер­тең қандай күйге түседі? Жол­ба­ры­сы жоқ, көкбөрісі құрыған даланың қан­дай қасиеті қалады? Эко­жүйе­сі­не бал­та шабылып, табиғаты тоз­ған, аң-құ­сы жойылған дала кімге пана бола­ды? Осындай нәрселерді ойлаудан қалып бара жатқанымыз жан­ға ба­та­ды. Әр адам табиғаттағы аң-құстары­­мыз­дың сақталуына күш салып, жо­йылғандарын қалпына келтіру­ге ты­рысса, ұрпағымызға тұмса табиға­ты­мыздың болмысын бұзбай тарту етер едік.

Құралай ҚУАТОВА

Атырау облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.