Қаңтар айының 17-сі күні «Астана Балет» театры Нью-Йорктегі ең ірі мәдени орталық – Линкольнде өнер көрсетпек. Осы жаңалықты әлеуметтік желілерде қызу талқылап жатқан қазақстандықтар «Астана Балет» театрының Нью-Йоркте өтетін қойылымына кіру сутегін екеніне аң-таң. Әдетте, ел ішіндегі қойылымдарына кемі 15 мың теңгеден билет сататын театрдың шетелдегі жомарттығын түсіне алмаған желі қолданушылары оның себебін сан-саққа жүгіртіп әлек. Бәлкім, бұл «рухани жаңғыру» аясындағы тегін іс-шара болар, шенеуніктер жаңғырылған сана дегенді өзінше осылай ұғатын болар» дейді желі қолданушыларының бірі. Бұған пікір қалдырғандардың бірі «мүмкін, Нью-Йорктегі қойылымға билет сатқан күннің өзінде, оны ешкім сатып алмайтын болар» деп топшылайды. Кейбір желі қолданушылары бұл қойылымды президент Н.Назарбаевтың АҚШ-қа сапарымен байланыстырады.

Ал ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, бұл іс-шараны мәдениет және спорт министрлігі «Жаһанданған әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының аясында ұйымдастырып жатыр. Әрі бұл Астана қаласының 20 жылдығын тойлау аясындағы іс-шаралардың бастамасы көрінеді. Қалай болғанда да, Нью-Йорктің ең алып Линкольн мәдени орталығын жалдауға мәдениет және спорт министрлігі бюджет қаржысын жұмсайтыны анық. Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы өзі ойлаған дәл осы шара үшін жан қалтасынан көк тиын шығарып бермесі де белгілі ғой.

Осылайша шетелде сутегін балет көрсетудің шын мәніндегі ақысы ел ішіндегі балетке тегін бара алмайтын қазақстандық салық төлеушілердің қалтасынан алынбақ. Ал күні ертең Арыстанбек Мұхамедиұлының АҚШ-та балет қойып, әлемді таңғалдырдық деп жатып кеп мақтанары сөзсіз. Мәдениетті министрдің бар мәдениеті осыған жетіп тұр, әйтеуір.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.