«Жас Алаш» газетінің биылғы жылғы алғашқы санында жарияланған  Әбен Разуевтің «Шекараның Қытай жағы – қала, қазақ жағы дала болып жатыр» атты мақаласында шекараға таяу орналасқан Мақаншы өңіріне қатысты орынды мәселелер көтерілген. Бірақ айтпағым, мақалада ә дегеннен Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың былтырғы жылғы есебінде сөз еткен Райымбек ауданының қайта қалпына келетіні жайлы айтылады. Расында да, бұл мәселе тіпті облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібінде қаралып, үкіметке осыған қатысты ұсыныс жолдау жөнінде шешім қабылданған. Мәслихат шешіміне сәйкес, Райымбек ауданынан бөлініп шығатын аумағы 711 мың гектардан асатын жаңа ауданға Нарынқол атауы берілетін болған. Бұны естігенде енді шекарамен шектес Нарынқол өңірі дамып өркендейді деп қуанғанымыз рас. Алайда жаңа аудан құрылады деген жоспар құр уәде күйінде қалды. Бұл жұмыссыздық дендеп, әзірге болашағы жоқ өңірдің біріне айналған Нарынқолдың жағдайы жергілікті тұрғындардың көңілін күпті етіп отыр. Себебі жұмыссыздықтың кесірінен жастар қалаға ағылып, ауылда тек қарттар қалды. Осындай жағдайда шекаралық ауданды бөліп, жаңа аудан құру Нарынқолдың тыныс-тіршілігіне қан жүгіртер еді.  Неге екені белгісіз, ауданды бөлу жайын осы өңірдің тумалары бұрыннан қозғап жүргенімен, бұл тіпті облыс басшылығы деңгейінде көтерілгенімен, іске аспады.

Мұндай мәселе Оңтүстік Қазақстан аумағында да бар. Қайбір жылдары Мақтаарал ауданы қайта үш ауданға бөлінеді, ал Сарыағаш ауданынан Келес ауданы бөлініп шығады делінген еді. Бұл мәселені «Жас Алаш» газеті былтырғы нөмірлерінің бірінде орынды қозғап, жетер жеріне жеткізіп жазған еді. Расында да, 90-жылдардың аяғында Мақтаарал, Жетісай, Асықата аудандарын Мақтаарал ауданына біріктіру қисынды көрінгенімен, қазір халқы көбейген ауданды бір орталықтан басқару қиындаған. Шекара бойында орналасқан әрі аумағы үлкен Сарыағаштан Келесті бөлу де тиімді болар еді. Бірақ бұл аудандарды бөлу мәселесі де шешімін таппай, әзірге сөз жүзінде қалып отыр. Былтыр жергілікті билік ел арасына басу сөз таратқан еді. «Аз шыдаңдар, Алматы облысындағы Райымбек, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш, Мақтаарал аудандары бөлініп, шетін мәселелердің түйінін шешу оңайлайды» деп уәдені үйіп-төккен еді. Сөйтсек, онысы кезекті алдауы екен ғой. Олай болмаса, осы күнге дейін шығар шешім жарияланар еді ғой.

Д.Алпысбай

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу