Қызылорда облысында  2017 жылы кәмелетке толмаған 5801 бала көз дәрігеріне қаралған. Олардың арасында екі  жарым жастағы бүлдіршін де бар.

Облыстық балалар ауруханасының офтальмолог-дәрігері Айжан Жұпарбайқызы соңғы уақытта көз ауруларымен келетіндердің қатары тез жасарып бара жатқанына алаңдайды.

«Ата-анасы екі жарым жастағы баланы алып келді. Зерттей келе, баланың жанары  -13 мөлшерін көрсетіп тұрғанын байқадым. Біз кішкентай балаға көзілдірік кигізе алмаймыз, өйткені ол әлі бала. Міне, осындай да қиын жағдайлар кездеседі», – дейді А.Жұпарбайқызы.

Дәрігерлер бала жанарының әлсіреуіне себеп көп дейді. «Бір ғана планшет, смартфон, теледидардан көруге болмайды. Түрлі себептер бар. Мәселен, тұқымқуалаушылық, аурушаңдық, экологиялық факторлар мен зиянды әрекеттер. Ал осыларға смартфон, планшет, компьютерлерден бас алмай қарау қосылғанда, баланың онсыз да әлсіз жанары бұлдырап, алысты көрмейді. Гаджеттерге көп қараған көз жанары құрғап, кебеді. Сөйтіп, дертке душар болып жатады», – дейді дәрігер.

Арал мен Жаңақорғанның арасын мекен еткен Сыр өңірінде көз дәрігері тапшы. Қызылорда қаласы бойынша балалар офтальмологы екі мекемеде ғана бар. Жалпы, жеті ауданның екеуі, Жаңақорған мен Шиеліде ересектер мен балаларды  бір дәрігер қарайды. Бұл да науқасты дер кезінде анықтап, ем-домын жасауға кедергі келтіреді.

Бүгінде ата-анаға баланы смартфоннан қорғау үлкен майданға айналған. Бала көңіліне қарап, қатардан қалмасын деп гаджет, смартфон алып беру   шегінерге жер жоқ, артымызда соқырлық деген «соғысты» бастадым дегенмен бірдей болып қалды. Осы майданда Сұлушаш Қожанова тауық пен күшіктің арқасында аздап болсын  жеңіске жете бастаған. Әрине, ол үшін ол немерелерінің өтініші мен көз жасына қарамауға, алданбауға тастай бекінген.

«Балаларымның компьютер мен смартфонға ұзақ қарауына тыйым салдым. Олар әлі жас, кейін де үлгереді. Үйдегі бала зерікпес үшін, смартфонға жабысып отырмау үшін есік алдына тауық, қоян, күшік  асырауға көштім. Немерелерім тауыққа жем шашады, қоянға шөп береді, күшікпен ойнайды. Өздері бағып жатыр. Бір жағы, оларға алданыш, екіншіден, әдемі ермек.  Есесіне бір уақыт бой жазып аулада жүреді. Әйтпесе қаланың орталығында жер үйде тұратын маған  тауық мен қоян асырап не керек? Барлығы балаларымның смартфон қарамауы үшін», – дейді С.Қожанова.

Облыстағы қоғамдық кеңестің мүшесі Болат Нұрқожаев ата-ананың бәрі Сұлушаш Қожанова сияқты күшік асырап, баланы смартфоннан алыстата алмайтынын түсінеді. Белсенді бұл майданда жеңіске жетер өз амалын тапқандай.

 «Интернетке бір қараған адам одан бас көтере алмайды. Себебі уақытыңды босқа өлтіретін немесе кәдеңе жарайтын пайдалы дүние көп. Бірақ  интернет   балаға қимыл-қозғалыс бермейді. Ал қимылдамаған, күні бойы бір орында тапжылмайтын бала ауруға ұшырайды. Міне, мәселе сол себепті күрделі. Есік алдындағы ойын алаңына бірлі-жарым жаттығу құралдарын орнаттым. Қазір ауланың балалары содан шықпайды. Жергілікті әкімшіліктен жер ала алмай жүрмін, әйтпесе балалар үшін осындай ойын алаңдарын үлкенірек етіп салсам деймін. Баланы смартфон емес, спортқа, ұлттық ойындарға баулу керек», – дейді қоғамдық кеңес мүшесі.

Ұлттық спорт демекші, Қызылордадағы №235 орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Райхан Наукеевтің пікірінше, баланы смартфон соқырлығынан құтқаратын ең оңай және өте тиімді амалдың бірегейі – асық ойыны.  Расында, асық ойынын дамыту Сыр елінде қолға алынғалы 10 жылдан асты. Райхан Наукеев сияқты белсенділер оқушыларға асық ойынын үйретіп, шәкірттерін республикалық додаларға дейін шығарып жүр. Дегенмен өңірде ұлттық ойынның осы түрі әлі кенжелеп келеді.

«Асық дәлдікті, көз жанарын туралауды үйретеді. Бала бір отырып, бір тұрып, қимыл-қозғалысқа түседі. Денесін шынықтырады.  Таяуда ғана Арал ауданында жарыс өткіздім. Асық дегенді мүлдем ұмытқан. Жергілікті басшылықтан бастап едім, олар ойнады. Ал балалар мен жасөспірімдер асықты қалай ату керегін де білмейді. Міне, біздің кемшілік. Асық ойынын жаппай насихаттай білсек, бала смартфонға азырақ үңіліп, үйдегі ата-ана мен бала арасындағы ұрыс та азаяр еді», – дейді асық ойынының жанашыры. Психолог мамандар ата-ана мен бала арасындағы ұрыс, араздық, жаттық, бірін-бірі түсінбеуі, өгейсінуі, жатбауыр болуының бірден-бір себебін ұялы телефоннан іздейді. Яғни бала ғана емес, ата-ана да смартфоннан бас көтеруі тиіс.

 «Біздің қоғамның бүгінгі анық та айқын көрінісі: бала тәрбиесін, кешіріңіз, ата-ана балабақшаға, балабақша мектепке, мектеп университетке, университет қоғамға сілтейтіндей. Ал ата-ана да, оның соңынан бала да смартфон мен гаджеттің ішіне кіріп кеткен. Маған келген ата-аналар мен балалардың телефондарын алып қойып, жарықты өшіріп, оларды бір-бірімен қолшамның жарығында сөйлестіремін. Неге? Өйткені күнделікті өмірде ата-аналар мен балалар арасындағы байланыс жоғалған. Олар бір-бірімен сөйлесуді де ұмытып қалған. Себебі, сол жаңағы айтқандай, смартфон түбіне, әлеуметтік желі өсегіне батып кеткен. Смартфоннан бас көтеру баланың көз жанарын жақсарту ғана емес, ата-ана  үшін отбасының берекесі мен болашағын да құтқарушы күш», – дейді психолог Назира Аймаханова.

Назар аударатын бір дерек

Қазақстан аумағында бір ғана Youtube каналындағы бір күндік қаралым саны 17 миллионға жуықтайды екен. Бұл – тұтас Қазақстанның халқы. Ал осы Youtube  желісінде отырғандардың басым бөлігі балалар. Әрине, олардың күн ұзақ нендей видео көріп отырғанын біле бермейміз.  Қазір білім ошақтарында смартфон ұстауға тыйым салынды, бірақ үйде ше?! Бала денсаулығына мектеп емес, ата-ана жауапты. Бұл жауапкершілікті қалай атқарып жатырсыз, осыған бір сәт ойландыңыз ба?

Дәрігер кеңесі

Көз жанарын дұрыс күту амалы

Жұмыс істеген уақытта жарық сол жақтан түсуі керек. Одан соң кітап, газет-журнал оқығанда 30-35 сантиметр арақашықтықты сақтау керек. Содан соң жатып жазуға, жатып оқуға болмайды. Онан кейін, ең бастысы, теледидардан 3-4 метр қашықтықта болған ләзім. Сондай-ақ компьютер, смартфондар пайдаланған уақытта арасында 20 минут үзіліс жасап, көз жаттығуларын жасау керек. Әр адам тәулігіне 40 минут қана компьютермен жұмыс істеген жөн. Ал балалар бөлмесі жасыл түспен боялса, бұл көзге ең пайдалы түс. Сосын баланы далада серуенге шығару көз жанарына өте пайдалы.

 Болжам

Бүгінде дүниежүзінде 45 миллион адам көру мүмкіндігінен мүлдем айырылған. Ал түрлі көз ауруларымен ауыратындар саны 135 миллионнан асқан. Ғалымдардың пайымынша, 2020 жылға дейін әлемде соқырлардың саны 75 миллион, ал көзі нашар көретіндер 200 миллионға жетеді.

Дәулет ҚЫРДАН

Қызылорда

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.