Алакөл ауданының Қарабұлақ ауылы маңында солтүстік-шығысқа қарай көлбей жатқан Жоңғар Алатауына көз тіккен адам беткейдегі шимайға ұқсас сызықтарды көреді. Алыстан-ақ қарайып тұр.  Жазу деп ойларсыз. Қателеспейсіз.  Рас, ол – жазу. Қазақ жеріне атаман Борис Анненковтың басқан таңбасы.  1918 жылдың қараша-желтоқсанында уақытша үкімет басшысы Александр Колчактың бұйрығымен Жетісу жеріне атақты Борис Анненков келген.

Анықтама: Борис Александрович Анненков 1989 жылдың ақпанында Киев маңында тұратын әскери отбасында туған.   1906 жылы  Одессадағы кадет корпусын, 1908 жылы  Александров әскери училищесін тәмамдаған. Осыдан кейін әскери қызметі басталды. Әуелі  казактардың 1-Сібір полкында хорунжий болады. Одан  Көкшетаудағы 4-полққа ауысады. Осы полкта бүлік ұйымдастырғаны үшін 1 жыл 4 айға сотталып, жазасын өтеу үшін Керман соғысына жөнілтіледі. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқаны үшін IV, III, II дәрежелі  Әулие Анна ордендерімен, II дәрежелі Әулие Станислав орденімен марапатталған.  «Батырлығы үшін» деген жазуы бар Әулие Георгий қаруының иегері. 1917 жылдың 3 наурызында уақытша өкіметке адалдыққа ант береді.

Борис Анненковтың өмірбаянындағы ерекше бетбұрыс 1918 жылдың қаңтарында басталады. Омск түбінде тұрған казактар большевиктерге берілуден бас тартып, майдан ашады. Бірақ жеңіліп, шегінеді. Осы жылдың наурызында Омбы тұтастай қызылдар қолына өтеді. Анненковты казактардың өзіне атаман етіп таңдайтыны осы кез.  Қызыл әскерге төтеп бере алмаған казактар партизан отрядын құрып,  Батыс Сібірге қарай шегіне береді. 1918 жылдың маусым айында Семейде, Павлодарда, Омбыда, Ақмолада Совет өкiметi құлап, билiк Сiбiр уақытша үкiметiнiң  қолына  көшедi. Осы кезде атаман отряды мың адамнан асып, әуелде Орал майданына қатысады, одан кейін Керекудегі  көтерілісін басуға аттанады. Қаладағы шаруа құрылтайына қатысып жатқан 400 адамды тұтқындап, жазалайды.  Алтай губерниясындағы Черный дол көтерілісін басқаны жайлы мәлімет те бар.

1918 жылдың тамыз айында Сібір уақытша үкіметі 18-20 жас аралығындағы жігіттерді әскерге алу туралы бұйрық шығарады. Қарсы шыққанға жаза – өлім. Славгород уезіндегі гарнизонның басшысы, штабс-капитан Киржаева «Жастар 4 қыркүйек күні жиналсын!»  деген бұйрық таратады. Шаруалар бұған қарсы шығып, өзге болыстарды да  солдатқа бала бермеуге үгіттейді.   28 тамызда Черный долға казак сардарлары келіп, жастарды күшпен әкетпек болады. Көтеріліс бұрқ ете түседі. 4 қыркүйекте Черный долға атаман Анненковтың сарбаздары келеді. Бір аптаның ішінде көтерілісті жаншып,  жарты мыңнан аса адамды жазалайды. Ауылды тұтастай өртеп жібереді.  Атаман әскерінің қатыгездігі оны соттаған кезде ашылған. Мынау Вениамин Шалагиновтың  «Крах атамана Анненкова»  деген кітабында келтірілген 1927 жылғы куәгерлердің сөзі:

Полянский Семен Петрович: Халық ат-арбасына мініп, Анненковтан құтылу үшін Ключин тракты жаққа қаша бастады… Сәл кештеу сол жолмен маған да жүруге тура келді. Славгородқа төрт шақырымдай қалғанда өліктер көріне бастады. Жол тар еді. Мен арбадан түсіп, өліктерді шетке  сүйреп тастап жүрдім. Арбакеш сол кезде ғана алға жылжи алды… 

Сибко Терентий Прокопьевич: Отряд түнде келді. Ұйықтап жатқан елді бас салып, сабай бастады. Үйде жиырма бестегі ұлым, әкем бар еді. Әкемнің жасы тоқсаннан асқан. Шал екеніне қарамастан, оны да ұрыпты. Одан кейін тұтқындар жиналған жерге апарған. Ертеңіне арбакешке ат жектіріп, тұтқындарды сыртқа алып шығып, өз көрлерін өздеріне қаздырыпты… Әкемді өлтіргеннен кейін ұлымды атқан, оқ кеудеден тиіп, арқасын паршалап шығыпты…

Сібір уақытша үкіметі тарап, Колчак үкіметіне қосылуы кезеңі  Анненковтың  Жетісуды, Верный бекінісін қызылдардан азат ету сапарына дөп келеді. Бұл өлкеге  қызыл өкімет мықтап бекінген еді. Атаманның партизан жасағы Жетісу казактары әскерінің қатарына қосылып,  тұтасымен «Атаман Анненковтың партизандық дивизиясы»  деген ресми атау иеленеді.  Дәл осы кезде атаманның мансабы оянады. Семейден Лепсіге дейінгі аралықта оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс еді. Ол өлкеде өзінің шағын империясын құрды. Әскерін азықтандыру, киіндіру үшін халыққа салық салды.  Тек Семей қаласынан 2,5 миллион сом жиыпты. Қаржысы мол атаман орыс-казактарды былай қойғанда, қытай-мәнжүрден де сарбаз жалдап, әскерін күшейтті.   Ол Үшарал жәні Лепсиниск станицаларында штаб құрды. Большевизмге қарсы күресті осы екі штабтан басқарды. Анненковтың атақты Черкасск қорғанын тас-талқан еткені белгілі. Тарихта ол жергілікті шаруалардың көтерілісі болып тіркелген. Тек «Черкасск қорғанында ақтарға қарсы жаяу, атты әскердін қосқанда 5500 адам соғысқан, олардың үш зеңбірегі, бес пулеметі болған» деген  дерек қана сәл ойландырады. Солтүстіктен ентелеген казактарға 12 ауылдан тосқауыл құрған үлкен күшке  Васильченко, Довбня, Дьяченко, Зозуля деген большевиктер басшылық еткен.  1918 жылдың қыркүйегінде басталып, 1919 жылдың 14 қазанына дейін созылған бұл шайқас та аянышты аяқталады,  генерал-майора Гулидов басқаратын  5-Сібір атқыштар дивизиясы мен Анненков партизандары тұтқындарды аяусыз жазалайды, өртейді.

Осы күні Лепсіде өлкетану музейі бар, жетекшісі  Мұхарам Хайбуллин 30 жылдан бері тарихи маңызы бар жәдігерлерді тірнектеп жинап келеді екен.  Арасында ХХ ғасыр басындағы істік пышақтар,  Анненков сарбаздарынан қалған әскери ыдыстар бар. Осы Лепсинск ауылында кезінде атаманның бас штабы орналасқан еді. Қазіргі күні орны да қалмапты. Ал  Үшарал ауылындағы екінші штабы әлі тұр. Шіркеу қызметкері тұрады. Бөренелердің қиуы кете бастаған соң, Александр әкей сыртын саидингпен қаптатып тастапты. «Штаб болғаны анық, жертөлесінде адамдар азапталған екен. Қарсысында тағы бір үлкен ағаш үй бар еді, жертөлесімен бірге ол да жермен-жексен болды, онда да қан көп төгілген. Атаман аса жақсы кісі болмаған», –  дейді шіркеу қызметкері. Әріректе шіркеу тұр. Кезінде Анненков жиі кіріп, Құдайдан күнәсін кешіруді сұраған бұл шіркеу салынғалы  144 жыл болыпты.     Үшаралда сол кезеңдегі тарихтан сыр шертетін жәдігерлерден қалғаны осы штаб, шіркеу, қоңырау ғана десе болар. Көбі өшкен, қираған.  Атаманның ізін айқындайтын тағы бір белгі – атаманның тауға соққан таңбасы. Жазу.

Бұл өлкеге Дутовтың да табаны тиген. Кейін Сүйдінде қызыл комиссар Шадияров бастаған тыңшылар қолынан қаза табатын Дутов Қытай асқанға дейін Жетісу облысының генерал-губернаторы болған. Оны тағайындаған басқа емес, атаман Борис Анненков еді. Тек екі атаманның басы бір Үшаралға сыймады. Өз партизандарын хас жауынгер санайтын  Анненков Дутовтың тоз-тозы шығып жеткен әскерін елемеді, тамақтан, оқ-дәріден қысты. Сарбаздар алауыз болып, әскерден береке кетті.  Ұзақ уақыт Дутовтың сенімді серігі болған, Бірінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен көзге түскен, ол губернатор болғаннан кейін орнын басқан  генерал Андрей Бакичтің «Мен Анненковқа бізге оқ-дәрі бер деп талай айттым, елемеді, кейін Үшаралды большевиктер алғанда бәрі жауға бұйырды» деп жазуы соның бір айғағы. Кейін казактар Қытайға өткеннен кейін Бакич үрімшілік генерал-губернатор Янға  Шолақ асуынан өткен кезде Анненков сарбаздарының бұның  40 офицерін өлтіргенін, жеті  жасар  қыздардан бастап, қарт әйелдерге дейін зорланғанын жазып беріпті.

Атаман Анненков – қарама-қайшылықты тұлға. Оны тәртіпті офицер, сарбаздары пір тұтқан сардар деушілер де бар. Тарихты ақтарсаң, атаманның Семей, Аягөздегі, Үшарал, Лепсідегі қанды іздері туралы мәлімет көп. Бірақ кей тарихшылар мұны «Советтік тарихшылардың былығы»  деп жүр.   Соңғы уақытта «Анненков Алашордаға көмектесіп, әскерін жасақтап берген»  деп ақтаушылар шықты. Мүмкін, бәрі мүмкін. Анненков  әскерімізді қазақ үкіметін нығайту үшін үйретті ме, әлде Алаш қайраткерлерін алдап, қызылдар секілді жалаң қылышты  жасақ құрып алуды армандады ма? Алаш полкынан бөлек, Анненковтың қол астында асқан қатыгездігімен тарихта қалған мәнжүр полкы  да болды емес пе?   Қалай десек те:

«Анненков – атаман,

Қолдай гөр жасаған!

Алашпыз қауымнан –

Қорықпаймыз жауыңнан!» – деп «Алаш гимнін» ұрандатқан қазақ жігіттерінің Черкасск, Андреевка – қазіргі Қабанбай ауылы түбінде көптеп қырылғаны белгілі. Соның бәрі атаман Анненковтың айбынын асқақтату үшін кеткен құрбандықтар еді.

Алаш әскері төңірегіндегі көп құпияға сәуле түсірер құжаттар кезінде Лепсідегі ескі үйлердің бірінің шатырынан табылған екен. Мұхарам аға оны 2008 жылы семейлік Е.Сайлаубай деген тарихшыға табыстапты. Табыстағанда әкімдікке шығып, жанын қоймай алып кеткен. Енді сол «көшірмесін берем» деген тарихшыны таппай отыр. Ол құжаттардың арасында Үшарал, Лепсі, Аягөз секілді қалалар арасындағы телефонограммалар жиынтығы да болған екен, оқысақ, Анненков әскерінің ұстанымына көзіміз жетер еді. Кей құжаттардың қолдан жазылған көшірмелері арасында  1919 жылы  2-қырғыз полкының сапында қызмет етуден бас тартып, кетіп қалған 47 ақсулық қазақтың тізімі жүр. «Е.Сайлаубай деген қазақты көрсеңдер, сәлем айтыңдаршы, құжаттардың көшірмесін жасап берсін», – деп Мұхарам ағай бізден дұғай сәлем жолдады. Ол деректер осы күні шығып жатқан Алаш жайлы көп кітаптардың біріне қосылған да шығар, тек соны тапқан, құнттап сақтаған Мұхарам ағаның есімі енді ме, әлде көп ғалымның ерен еңбегі болып аталып кетті ме?

Колчактың Сібірдегі әскері Омск, Новониколаевск және  Семейді тастап шығысқа қарай шегінгенде, «Батыс майданына бар» деген бұйрыққа көнбей, Алакөлдің батысында отырған Анненков жасағы қоршауда қалып қояды. Бұл жағдайға Анненковтың дерті себепкер еді. Ол дертке орыс тарихшылары берген атау – атаманщина. Азамат соғысы кезінде өзін тәуелсіз санайтын әр атаман өзі басып алған  жерінде  орнығып қалуға күш салған. Бұл берекетсіздік уақытша үкімет әскерінің  әлсіреуіне әкеп соқты.  Сонымен,  атаманщинаның ақыры Анненковтың 1920 жылдың сәуір айында лажсыздан Үшаралды тастап, Қытай асуымен тынды. Бір деректерде оның қасында 15 000 сарбазы болды десе, бірінде 700-ақ адаммен өтіпті дейді.  Ел аузында Қытайға кетерде атаман «қалғыларың келсе қалыңдар, ешкімді қинамаймын» деп көпке рұқсат бергені. Атаманның сөзіне сеніп бергі бетте қалмақ болған 3800 адамды қырып тастағаны жайлы да әңгіме бар.  Бірақ бұл нақты дәлелі жоқ әңгіме, өлкеде атаман заманын зерттегендер аз, куәгерлер тіптен қалмаған. Үшарал қаласында тұратын Нұрбала апаның күйеуі Жұмақан Сенбі кезінде  Анненков әскерінің сапына қосылып, бірге шекара асқан екен.  90 жасты алқымдаған қария «Большевиктер ағасын өлтірген соң ақтарға қосылған ғой, Қытайға барған соң әзер құтылып, бас сауғалап кетіпті. Қытайда тірлігін жасап, мал бақты,  1943 жылы 14 жасар мені малға сатып алды ғой», – деп күлді. Жұмақан аға отбасымен  1958 жылы бері өтіпті.

Алакөлдіктердің айтуынша, Қытай асар кезде атаман жай кетпеген. «Елдің бәрі біліп жүрсін, мен өз империяма түбі ораламын. Ана тауға тегімді жазыңдар, ел есінде сақтасын!» деп бұйырыпты. Сөйтіп, Жоңғар Алатауының беткейіне жарылғышпен қопарып жазу жаздырады. Осыған дейін біреулер онда «Атаман деп жазылып тұр» десе, біреулер «Анненков», енді біреулер «Атаман Анненков деп жазылған»  деп келді. Жанына барып шұқшия қараған адам оқи алар еді. «Анненков» деген сегіз әріптің орны қарайып, сұлбасы анық байқалып тұр. Жергілікті казактар «Атаман әуелі тау беткейіне әлсіздеу динамитпен жарғызған, жарылғыш ойған орынды  солдаттар таспен толтырып, жазу алыстан көрінетіндей еткен» дейді. Рас. Сөйтіп, осыған дейін айтылып келген  «тобылғы егіп жаздырған екен», «ағаштарды үйгізіп жаздырыпты» дегеннің бәрі бос сөз болып шықты.  «Үш атадан бері  казакпын, өз атам сібірлік, нағашым орынборлық казактардан», – деген Александр Борочко жазу туралы бір қызық мәлімет айтты.  Ол  1980 жылдары атаманның атын өшірмек болған жергілікті басшылардың мектеп бітіріп жатқан комсомолдарға жазуды «Ленин» деп өзгертуге тапсырма беріп, оқушылар біраз жерін бүлдірді. Қазір не Анненков, не Ленин деген дұрыс оқылмайды.  Осы күні  жазудан А және Н әріптерінің, соңғы  В-ның сұлбасын анық көруге болады. Комсомолдардың талқандағаны, табиғаттың өшіргені бар, жазу кәдімгідей көмескіленген, енді аз уақыттан кейін мүлдем оқылмай қалады.

Атаман Қытайға өткен соң да жергілікті халыққа қыр көрсетіп, қытай әскерімен соғысады. Осы үшін 1921 жылы сотталып, Үрімші түрмесінен үш жылдан кейін ғана шығады.  Ал 1926 жылдың 31 мамырында Қытай маршалы Фэн Юйсян атаманды большевиктерге ұстап береді де, ол пойызбен Мәскеуге жеткізіледі.  ГПУ-дың Луянкадағы ішкі түрмесіндегі  №73 камерада жатады.  Бір жылдан кейін 1927 жылдың жазында Семейде Анненков пен тағы бір атаман, Денисовты соттады. Бір айдан аса жүрген сот кезінде Анненковты сол кезде Сергиопол атанған Аягөзде 800 адамды өлтірткен, өзінің  3800 сарбазы мен офицерін қырған,  Кереку мен жетісулық көтерілісшілерді жойған деп айыптап, ату жазасына кесті.

1927 жылы 24 тамызда Анненков атылды. Ал  Анненков кім,  ханға да, қараға да тең қараған ақсүйек пе, қан көрген қасқырдай айналасын қан қақсатқан қанішер ме деген сұрақ әлі бар. Бұл сұрақтың жауабы жуырда табылмас. Бір белгілісі, Анненковты Ресейдің де суқаны сүйіп отырған жоқ. Колчак, Троцкий сықылды тарихи кейіпкерлерді фильм түсіріп дәріптеп жатқан мемлекет Борис Анненковтың ақталғанын қаламайды. 1999 жылдың 7 қыркүйегінде Ресей Федерациясы жоғарғы сотының әскери коллегиясы Анненков ақталсын деген өтінішті кезекті рет қанағаттандырмады. Қанішердің аты өшсін дейтін секілді… Анненков тарихымен бірге    Жоңғар Алатауындағы жазу да  өшіп барады. Ал атаман жайлы аңыз жуырда ұмытыла қоймас. Оған себеп – алтын. «Анненков қап-қап алтынын әлде жерге, әлде үңгірге көміп кетіпті» дегенді естіп алған жұрт  түрлі экспедициялар ұйымдастырып, Алатау мен Алтай арасын тінтіп жүр. Басында ерекше төртбұрыштың белгісі бар тауға көміпті, арабша жазудан белгі қойылған сайға көміпті, алтынды көмген сарбаздарын қырып тастапты, ол жерде сүйек көп болу керек  деп әр жерді барлайды. Фильмдер түсіреді. Сол алтын мен Анненков дақпыртының астында ХХ ғасырдың басындағы қазақтың  қанға бөккен тарихы қалып бара жатыр.

Серік Әбікенұлы

Алматы – Талдықорған – Үшарал – Қарабұлақ – Лепсинск – Талдықорған  

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.