U.S. President Donald Trump meets with Kazakhstan President Nursultan Nazarbayev at the White House in Washington, U.S., January 16, 2018. REUTERS/Kevin Lamarque

Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапарын талқылап жатқан батыс басылымдарының бір тобы Қазақстан Солтүстік Корея мәселесі бойынша АҚШ-қа көмегін ұсынғаны жөнінде сөз қозғаса, енді бірі Д.Трамптың 98 пайыз дауыспен сайлауда жеңіске жеткен автократ басшыны қабылдағанын сынап  жазады.

 «Трамп пен қазақ президенті Солтүстік Кореядан төнетін ядролық қауіпті талқылады» атты мақалада Washington Post Трамп пен Назарбаевтың Ақ үйде Солтүстік Корея мәселесін талқылап, ядролық қаруға қарсы бірігіп күресу жөнінде келіскенін жазады. «Трамптың айтуынша, кезінде Совет Одағының құрамында болған Қазақстан – АҚШ үшін Корей түбегін ядролық қарудан құтқару бағытындағы сенімді әріптес. «Біз Солтүстік Корея режимінің әлемді ядролық қарумен қорқытып-үркітуіне жол бермеу үшін бірігіп әрекет етеміз деп шештік. Өз кезегінде Назарбаев Қазақстан кезінде әлемдегі ең үлкен ядролық арсеналға ие болғанын, бірақ Кеңес Одағы ыдыраған соң оны өз еркімен өткізіп бергенін атап өтті» деп жазады Washington Post.

Ал Voice of America «АҚШ-қа сапарлап келген Қазақстан басшысы Солтүстік Корея бойынша көмегін ұсынды» деген мақаласында ядролық қауіпсіздіктен бөлек, Қазақстан мен АҚШ компанияларының арасында құны 7,5 миллиард долларға жуық келісімшарттар жасалғанын тізеді. Бұдан бөлек, Буш әкімшілігінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің директоры, мемлекеттік хатшы көмекшісінің бұрынғы орынбасары Д.Меркельді сөйлеткен Voice of America «Қазақстанның стратегиялық маңызы бар аймақта, Ресей, Қытай, Ауғанстан, Пәкістан мен Иранға жақын аумақта орналасуы Трамп пен Назарбаев арасында көп әңгімеге жол ашары сөзсіз» деп қорытады.

Voice of America-ға сұхбат берген сарапшы Меркель Қазақстан тәуелсіздік алғалы бергі 26 жыл ішінде Орталық Азиядағы бұрынғы посткеңестік республикалардың арасынан ең стратегиялық және экономикалық маңызды мемлекетке айналғанын атап өтеді. «Қазақстан  – Орталық Азиядағы бес елдің ішіндегі ең тұрақты мемлекет. Бұдан бөлек, көмірсутегіге аса бай ел қомақты инвестиция тарта алды. Жастарды оқытуға, экономиканы әртараптандыруға да көңіл бөліп жатыр» дей келе, Voice of America Назарбаев Қазақстанды тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңнен бері басқарып келе жатқанын ескертеді. «Ел басшылығының авторитарлық  басқару стилі Совет Одағы ыдырағалы бері көп өзгере қойған жоқ. Ол соңғы президент сайлауында 98 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Жақында Хьюман Райтс Уотч «Қазақстан сөз бостандығы, діни бостандық және жиын-шеруге жиналу бостандығын шектеп отыр, ал азаптау – күйіп тұрған мәселелердің бірі» десе, Amnesty International «Қазақстан билігі әлеуметтік желі қолданушылары мен журналистерге қарсы қылмыстық қудалауды қолданып отыр» деген баға берді» дейді Voice of America.

Д.Меркель Назарбаевтың ел басқарудағы кемшілігін мойындайды, десек те, сарапшы Қазақстанға аймақтағы өзге елдердің ішінен демократияға қарай барынша бет бұрған мемлекет деген баға береді.

АҚШ-тың CNBC арнасының сайтында жарық көрген «Қазақстан – автократ билейтін «клептократия». Сондай-ақ өте маңызды стратегиялық әріптес» атты мақала Трамптың авторитарлық елдің басшысын Ақ үйде қабылдағанын сынайды. «Трамптың жанында, өз елінің туының алдында тұрған Назарбаев Ақ үйге ресми сапармен келген өзге мемлекеттер басшылары тәрізді болып көрінді. Алайда Назарбаев Ақ үйге келген өзге мемлекеттер басшылары тәрізді емес еді. Автократ ретінде белгілі Назарбаев билік басында неғұрлым ұзақ қалу үшін әділетсіз сайлауды пайдаланады. Оның билік басында отырғанына 30 жылға жуықтады. Мәселен, 2015 жылы ол 98 пайыз дауыспен «қайта сайланды». Назарбаев сондай-ақ жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 8000 доллардан асатын елдегі аса ауқатты адам. 2013 жылы оның немересінің тойына келген рэппер Канье Уэстеге 3 миллион доллар төленгені жайлы ақпарат шықты» дейді CNBC.

Осы ақпарат құралына сұхбат берген АҚШ-тың қауіпсіздік кеңесінің Орталық Азия және Ресей бойынша бұрынғы директоры Пол Стронски «Қазақстан – ашық, жария саясаты жоқ ел. Ол азаптау көрсететін және діни бостандықты шектейтін ел ретінде айыпталады. Сондай-ақ жемқорлыққа батқан. Кейбір есептеулер бойынша, Совет Одағы ыдыраған алғашқы 10 жылдың ішінде Қазақстан ішкі жалпы өнімінің төрттен бірі сыртқа шығып кеткен. Қазақстанның топ-бизнесмендеріне әлемнің әр түкпірінде ақша жымқырды және пара алды деген айыптаулар тағылған. Олай болса Ақ үй неге АҚШ ұстанатын негізгі принциптерді көпе-көрінеу бұзатын елдің басшысын құшақ жая қабылдайды?» деп сұрақ тастайды CNBC. Бұған жауап берген П.Стронски: «Қазақстан – бізді Ауғанстанмен жалғай алатын дәліздердің бірі. Алда-жалда Пәкістанмен арамыз шиеленісе қалса, бізге тасымалдың басқа дәліздері керек болады. Сондықтан Қазақстан стратегиялық тұрғыдан маңызды», – дейді.

Стронскидің айтуынша, Трапмтың Назарбаевты қабылдауының тағы бір себебі – соңғысының ядролық қаруды таратпау жөніндегі еңбегін елегендік. Алайда CNBC АҚШ президенті өз мәлімдемесінде адам құқықтары жайлы сөз қозғамағанына таң.  Ақпарат құралы Ақ үйден Трамп пен Назарбаевтың жеке кездесуінде бұл мәселе сөз болды ма деп сұрағанда, ондағылар баспасөз мәлімдесіндегі «АҚШ пен Қазақстан қарсы адам құқықтары мен заңдылықты сақтай отырып терроризмге қарсы күреседі» деген бір ауыз сөздің астын сызып бере салған.

Стронски «АҚШ-тың Трампқа дейінгі президенттеріне қазақ басшысын қабылдау жөнінде кеңес берілуі  мүмкін екенін тіпті елестете алмайтынын айтады. «Егер Обама немесе Буш Назарбаевпен кездесу жайын бізбен талқылаған болса, бәлкім, біз «Сіздің, расымен де, адам құқықтары сақталмайтын және жемқорлық деңгейі жоғары елдің басшысын қабылдағыңыз келе ме?» деп сұрар едік» дейді ол.

Бұған мысал ретінде ақпарат құралы алысқа бармай-ақ, жақында Нью-Йорктегі банктің шешімімен Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард доллары бұғатталғанын еске салады. «Ақшаның ізін жасыру бойынша айыпталып жатқан Трамп компаниялары үшін Қазақстандағы жемқорлық мәселесі жат емес» дейді ақпарат құралы. Жақында Bloomberg-тің жазуынша, Қазақстандағы минералды компания Трамппен серіктес Trump SoHo қонақүйін салып жатқан девелоперлік компанияға миллиондаған доллар құйған. Сейсенбі күні журналистердің «Trump Tower Soho-ға Қазақстан ақшасы құйылды ма?» деген сұрағына Трамп: «Не айтып тұрғандарыңды білмеймін», – деген көрінеді.

 «Авторитаризм мен жемқорлық дендеген Орталық Азия аймағындағы өзге елдерге қарағанда жөні түзу. Өйткені ондағы саяси элита Ресей немесе Әзірбайжандағы тәрізді ұйымдасқан қылмыспен етене байланысып кетпеген. Қазақстан ұйымдасқан қылмыстық мемлекеттен гөрі клептократияға көбірек келіңкірейді», – дейді Д.Мейсон университетінің терроризм, трансұлттық қылмыс және жемқорлық жөніндегі орталығының директоры Л.Шели.

З.ЖЫЛҚЫБЕК

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.