(Ескі жырдың жаңа нұсқасы)

БЕТАШАР

Автор бұл жырды өткен ғасырдың 70-жылдары жазған. Көптен, тіпті туғаннан ойда жүрген дүниесі бір түнде төгіле салған. Бірақ жарыққа шығара алмаған. Қылышынан қан тамған атеизм кезі ғой, Адам ата, Хауа ананың жұмақтан қуылуын арқау етіп, сатиралық поэма жазғысы келген-ді… Олар жұмақтан жерге түскенде ең әуелі қазақ еліне – Алатаудың үстінен түседі. «Алматы алмасының тұқымын жұмақтан ала келген» дейтін де жері бар… «Сүйген қызын ешкімнен сұрамай, тарпа бас сап ала қашуды қазақ Адам атадан үйренген екен» деп те толғайды ол.

Автор ата-бабасынан коммунист болған немесе өзі жан-жүрегімен, туабітті сондай кісі! Қып-қызыл коммунист (Сәкен Сейфуллин секілді аздаған ұлттық уклоны бар, бірақ). Жырдан мұның бәрі тайға таңба басқандай көрініп тұр: «Сонда Алла ала көзін ашып… кекті…» дейді. «Аллада көз бар» деп оған кім айтқан?! Брежнев пе? Әлде Суслов айтқан ба?! Масқарасы сонда, автордың маркстік-лениндік-материалистік дүниетаныммен әбден уланып, тіпті дәстүрлі діндегі христиандық, исламдық канондарды бұзғаны сонша, жұмақтағы Тәңірі мен Жәбірейіл, Әзірейіл, Исрафил, Микайл сынды періштелерді, Адам мен Хауаны да, қыза келе Сайтанның өзін ұлттық менталитетке салып, қазақтың психологиясымен сөйлетеді. Оған жұмақтағы жалғыз Жасаған иең де, періштелер де, Адам мен Хауа, тіпті Әзәзіл де қазақ секілді. Құдыреті күшті кең құдай оның бар кінәсін кешсе де, дәл осы күнәсін кешіре ме, кешірмей ме?! «Алғашқы пайда болған қазақ шығар, Адам мен Хауа ананың кіндігінен» дейді қазақтың басына күн туған Желтоқсан қырғыны кезінде. Не құдайға, не совет өкіметіне жақпаған мұндай пендеге не деуге болады?!

Ахаң (Ақселеу Сейдімбек) осы поэманы жарыққа шықпай жатып, 80-жылдары жас ақын-жазушылардың Мәскеуде өтетін одақтық кеңесіне ұсынған көрінеді. Сонда ондағылар: «Бұл шайырды жібермеңдер бізге!» – депті, – Қарқаралысында жүре берсін…».

Содан бұл жыр жарыққа шыға алмай, автордың өзі де Қарқаралыда қалып қойған…

Кейінгі кезде (арада бақандай 40 жыл өткенде) көне қолжазбаларының арасында елеусіз қалған осы жырды автор ылғи қайта қарағысы келеді де тұрады. Атеизмін сыпырып алып тастап… ислам рухында жазбақ-ты, онысы бір кезде коммунист-атеист болып жүріп, бүгінде ғұлама молда болып кеткен көкелерінен үйренгені…

Оны осы заманға лайықтап қайта жазсам деп, басын тауға да, тасқа да ұрып, ойланып-толғанып жүрді де, ол ойынан күні кеше тайқып, бас тартты. Әзер бас тартты… Енді сол жырын 70-жылдардағы атеистік-советтік-социалистік-баяғы қаз-қалпында қалдырғысы келіп отыр. Ол қанша жерден жасырынбақ ойнағанымен Тәңірінің бәрін көріп тұрғанын сезеді-дүр…

Әлхамдулилаһ! Кеше гөр, Алла, адасқан құлыңды…

  1. S. Дегенмен, поэманың біраз жерін (Тәңіріні мысқылдап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын болашақ коммунизмді асыра марапаттайтын тұсын) қысқартып, ертедегі хиссадағыдай, қара сөзбен баяндауға мәжбүр болды. Қанша дегенмен, атеистік-коммунистік дүние ғой, оның сол кездегі түпнұсқасы бүгінгі егемен, еркін ойлы елдің заңды ашу-ызасын туғызуы мүмкін. Алла біреу, пайғамбар хақ! Басқа жеріне қол тигізбеуге тырыстық.

Автор Қасиетті кітаптарды көп оқып, ондағы Адам ата – Хауа ана хақындағы классикалық сюжетке туасы тәнті болған. Жер ортасы елу жасқа келгенде шығарған таңдамалысының тақырыбына қараңыз: – «Адам ата – Хауа ана» («Қазақстан» баспасы, 2000 ж.). Мына поэмада да Адам мен Хауаның үйленуін жырламақ болған екен. Бірақ мұнда үйленіп, ақ көйлек, қара костюм киіп, сән-салтанатты той жасап жатқан күйеу жігіт пен қалыңдық көрінбейді. Әзәзілден басқаның образдары ашылмаған. Сондықтан жырдың атын «Сайтанның сайран салуы» деп өзгерттік.

Ғабеңе арнауына («О, Ғабе! Сізге тартам жырдың гүлін!») келсек, бұл жыр сол кездегі қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі, патриарх Ғабит Мүсіреповтің көзіне түссе, қалған ел өздері-ақ мені қолпаштап, көтеріп алып кетеді деген автордың провинциялық қиялынан туған бақай есеп еді…

Кеше гөр, Жасаған жаппар ием, тағы да бір кінә, күнәмізді?! (Кешірім сұрап үлгермеген күнәлар әлі қаншама…).

Қарағанды. Майқұдық. «Көгілдір тоғандар» мөлтек ауданы.

ҚАМШЫБАСАР

О, Ғабе!

Сізге тартам жырдың гүлін!

Алланың сарайында қырғын бүгін:

Қасиетті жұмақ-ай, қасіретті,

Қандай едің осыдан бір күн бұрын?

Мәңгі көктем, жап-жасыл, жайған құрақ,

Ағып жатқан сықылды айдан құлап.

Сайран бұлақ, баяғы дәуреніңе,

Қайта оралар күн бар ма?!

Қайдам, бірақ…

Бір сұмдыққа тап болды-ау бейіштегі ел,

Тәңірі айтса, дүние тегістелер?

Айғай салған Алланың дауысынан,

Атып тұрды ұйқтаған періштелер!

Көздерінде күмәнді сұрақтары,

Періштелер шулап жүр шұбап бәрі:

Қайда қашып кетті екен қапияда,

Адам менен Хауа қыз жұмақтағы?!.

Дидары жұмағыңның мұңды-бөтен,

Қалайша қаусап қалды құнды мекен?

Адам мен Хауа кеше жұмақта еді,

Бүгін жоқ! Ойбай! Мынау сұмдық екен!

Құдайдан болар ма енді қайыр, үміт,

Қаусады-ау қанатынан қайырылып!

Алланың ашуынан аспан-ғалам,

Кете ме қас-қағымда айырылып?!!

Жарқылдап жасын, от боп төгілді көк,

Өлермен түнек басып өңірді кеп;

«Абдырап бүйтіп ашу шақырмайтын,

Апырмай, Аллаға не көрінді?!» – деп!

Келді ұшып періштенің бәрі, міне,

Үндемей қалды қатып: «Әміріңе –

Әзірміз! Не айтасыз?!» – деген оймен,

Қарады қасиетті Тәңіріне.

Сонда Алла ала көзін ашып кекті,

Дауысы күңіренді басып көкті:

«Адам мен Хауа сұлу кім азғырып,

Жұмақты тастап!

Қайда қашып кетті?!».

Көк тұман елес ессіз жанардағы,

Ғаламзат бір пәлеге арандады.

Сұмдықты мұндай ешкім естімеген,

Дүние дүние боп жаралғалы!

Әзәзіл ғана ішінен күліп қалған,

Жан-тәні улы оймен ұрықтанған.

Алланың қасындағы төрт періште,

Абдырап, түк айта алмай тұрып қалған…

Аң-таң қап, абыржып тұр бәрі, міне,

Жаутаңдап: «Әзірміз, – деп, – әміріңе!».

Аспанға Алла үкімін жеткізетін,

Қарады Жәбірейіл Тәңіріне.

*Жәбірейіл — Аллаға ең жақын жүретін періштелердің бірі, Алла мен пайғамбарлардың, соның ішінде Мұхаммедтің (с.ғ.с.) арасындағы бас дәнекерші

 

Жүрегі атұрынып лапылдаған,

Исрафил Тәңіріне жақындаған;

Талайғы арманы еді-ау: «Дүниеге,

дәп бүгін келді ме, – деп,  – ақырзаман?!»

** Исрафи́л – ақырзаман хабаршысы

 

Қиялда тозағына қонып ұшып,

Қиямет-қайымменен жолығысып;

Атақты жан алатын Әзірейіл,

Әзер тұр әлденеден қолы қышып…

 

*** Әзірейіл – жан алушы періште

«Түк сезбей жүргем соқыр болып қалай,

Бақ құсы басқа кеткен қонып талай:

Тәртібін жұмағының тезге салар,

Сондағы Микайлдың қорыққаны-ай!

 

*** Микайл – жұмақтың тәртібін бақылаушы періште

Тұр бәрі жас көрініп кірпігінен,

Күн болды төрт періштеден бір түңілген.

Алланы арбамақ боп осы жолы,

Сөйледі сонда Әзәзіл сиқыр үнмен…

ӘЗӘЗІЛ:

О, Тәңірі! Мен жүрген пендең ғаріп!

Жұмақтың кемшілігін келгем бағып:

Жүрді ғой төрт періштең түк бітірмей,

Қолын сап қалтасына, кердең қағып…

Айтайын… Ашық айтсам, ашуланба,

Аллам-ау, ойлансаңшы…

Басың бар ма?!

Ақкөңіл жүрегіңнен айналайын,

Сенесің қалай мынау масылдарға?!

Не істеп жүр?!

Не батып жүр арқасына,

Байқатпай, бақылап бір бар қасына;

Мәз боп жүр есі кетіп, екіленіп,

Жұмақтың қазысы мен қартасына!

Көрмедім сіз деген бір ықыласын,

Тілді алсаң, тілазардан құтыласың!

Білмесе бұлар егер мен білемін,

Адам мен Хауаңыздың құпиясын!

Айтайын… Ақиқатқа жан қиямын,

Берейін бетін ашып қанды ұяның:

Адам мен Хауаң сүйіп бірін-бірі,

Жұмақтан қашып кеткен, алдиярым!

Оларсыз мұнда қалай жүре аламыз,

Тұрғам жоқ ойымнан бір құрап аңыз.

Қай жаққа қашып кетті күнәһарлар?!

Білмеймін. Оны менен сұрамаңыз!

ӘЛҚИССА

Оқиға әлі жұмақта жүріп жатыр. Оның қайда екенін автордың өзі де біліңкіремейді-ау деймін немесе оны сол кездегі қасаң түсінікпен ғарышта деп ойлайтын болуы керек. Жұмақтың қайда екенін Алладан басқа кім білуші еді?! Адам мен Хауа қашып кеткеннен кейін мұнда сүргін дүрбелең басталған. Періштелер аң-таң. Алла үнсіз. Тек Әзәзіл ғана сайрап тұр:

«Төрт періштеңіздің не істеп жүргенін тексермей! (тура осылай ашық айтады), Аспанның тәртібін қожыратып алған өзіңіз!» – дейді Аллаға. Қасиетті кітаптарда Адам мен Хауаны жылан азғырып, екеуі байқамай «Білім» ағашының дәмін алып, бұзылған болса, Совет өкіметі кезінде туған мынау қасаң ойлы атеист қазақ ақыны оны ежіктеп, айтпай, аттап кетіп, екі ғашықты жұмақтан қашырып жібереді. Сұмдығы, міне, осы! Мұнда баяғы қазақ эпосының сарыны тұр… Ежелгі Інжілде Алла Адам мен Хауаны өзі жазалап, жұмақтан қуып жіберсе, коммунист қазақ шайыры оған үзілді-кесілді қарсы шығып (советтік идеологияның салдары!), ойынан басқа оқиға (қазақша!) ойлап тауып, Адам мен Хауаны жұмақтан қашырып жібереді. Ғашықтық жырлардағы қазақтың қыздарындай ғып… Сюжетті эпостан ұрлаған! Қасиетті кітаптарда жоқ қой бұл?! Ал, Дүниенің құпиясының бәрін білетін Алла Тағала қайда?! Атеист ақын оның бәрін қасақана бұлдыратып, қалған оқиғаны жер бетінен, жер беті болғанда…совет мемлекетінің бір тармағы Қазақстаннан өрбітеді деуге де болады. «Адам мен Хауа жұмақтан қашқанда саналы түрде (Homo Soveticus-ше) қашқан» дейді. Түскенде де түсетін жерін де сезген дейді… Коммунизмнің болатынын күні бұрын білген Маркс пен Ленин, Сталин мен Хрущев сияқты…  Қайда түскен? Қазақстанға түскен! Қай өңірге? Жетісуға! Қалай? Қолына уыстап алған жұмақтың алмасымен түскен… «Сондағы ірі шаһардың «Алма-Ата» (Алманың Атасы) атанғаны содан» дейді.  «Жаралған Ең алғашқы Қазақ шығар, Адам мен Хауаңыздың кіндігінен» – дегені несі?! Мұнысы енді тым асылық айтқандық, әрине. Сөйтеді де, бұл жырды жас-ақын жазушылардың Бүкілодақтық кеңесіне жібереді. Ал, керек болса… Мәскеу де бұдан әбден қажыған болуы керек, (осыны оқығанда, олар түгілі, біз де болдырып кетіп, сіздерге поэманы қара сөзбен қысқаша мазмұндай салып отырғанымыз содан).

Оның бәрін қоя тұрып, енді поэмаға қайта оралайық. Адам мен Хауаны жер бетінен басқа жер таппағандай, тікесінен тік көтеріп, жер жәннаты Жетісуға алып барғаны аздай, енді оларды құсша ұшырып, өзінің туған жері –Қарқаралы-Қызыларай-Ақсораңға дедектетіп әкеліп, бір-екі айдай мамырлатып жатқызып қояды. Немен қоректеніп жүр? Жұмақтан ұрлап әкелген алма да біткен. Егін жоқ. Аңдар бар, бірақ оны ұстайтын қару-жарағы жоқ қой? Шөппен күнелтіп жүр ме сонда?!

Автор оның бәрін айналып өтіп, қол ұстасқан қос ғашықты Алаштың үш жүзінің топырағына, Атырау-Арқа-Алатау-Алтайға аунатып алады. Сонсоң, қайтадан жұмақтағы оқиғаны баяндауға көшеді. Бұл кезде жұмақтағы сергелдең шырқау шегіне жеткен; Алла үнсіз… Төрт періштеден де береке кетіпті. Неге? Қашып кеткен ғашықтарды қолына шам алып іздеп, таба алмай жүр… Өйткені, Әзәзіл Алла Тағаланың көзінше олардың кінәсін бетіне басып: «Енді ұрыста тұрыс жоқ, іздейік, табайық, күнәмізді жуып, Тәңірінің алдына алып барайық, қылмыскерлердің жазасын өзі берсін» – деген ұсыныс айтқан жоқ па?

Бағанағы бағанағы ма? Қызықтың көкесі енді басталады. Аланың төрт періштесі – Жәбірейіл, Исрафил, Әзірейіл, Микайл қашқындарды таба алмай, Алланың алдына құр қол келеді. Сүмірейіп… Сол кезде күтпеген жерден Әзәзіл шыға келіп: «Бұлардың қолынан не келуші еді, тәйірі?! – деп, көкті басына көтеріп күледі! – Мен оларды өз көзіммен көріп келдім! Бүгін…». Сабырлы Алла сыр бермей тыңдап қана отыр. «Қайдан көрдің? – деп сұрамайсыз ба?» – дейді Әзәзіл өңмендеп. Алла үндемейді. Не ол ішінен бәрін біліп отыр немесе осы тағы не көйітер екен деп, Әзәзілді сынап отыр. «Мен оларды Жер бетінен көріп келдім…» – дегенді айтады. «Жер деген не өзі? – деп сұрамайсыз ба?! – деп те біраз қиғылық салады, – он сегіз мың ғаламды өз қолымен жаратқан жалғыз Жасаған иеміздің шаруасына араласып.

Алла үнсіз… «Сіз әлде… Жер дегеннің не екенін әлі білмейсіз бе?!» – деп табалауға көшеді. Алла үндемей, тыңдай береді. Түрінде түк эмоция жоқ…

– Білмейсіз бе?

Апырмай, күлемін бе…

Күлсем ұшып кетем бе түнегіңе?!

Жер дейсіз бе?

Жер деген жұдырықтай –

Адамыңның ұқсайды жүрегіне? – дейді.

Сонсоң: «Уа, ұлы мәртебелі тақсыр! Ең болмаса, «Жүрек деген не? – деп сұрамайсыз ба? – дейді! Бұл дүниеде күн дидарлы, нұр сипатты Алладан өткен сабырлы, Алладан өткен парасатты, кемел, Алладан өткен аяулы ұлық жоқ екен! Әлі үндемей, сабырмен тыңдап қана отыр. Не бәрін ішінен өзі біліп отыр немесе мына Сайтан не істер екен деп, әлі сын көзімен қарап отыр ма оған?! Түсініксіз…

Әзәзіл де оңай жау емес. Сақ-сақ күліп алады да, қайта сайрайды:

Таң қалма! Таңданатын пендесің бе?

Аллам-ау, абдырайсың, беу, несіне?

Сол жүрек…  Адамыңның ғана емес,

Бар анау Хауаңның да кеудесінде! – деп соғып тұр.

Енді Әзәзіл «жүрек» деген ұзақ әңгіме бастап, оған егжейлі-тегжейлі тоқталады. «Адам мен Хауаның кеудесіне өз қолыңызбен салған сол пәле (жүректі айтады) біздің ғана емес, сіздің де түбіңізге жетеді, – дейді, –күндердің күні! Жүректі Адамға сыйлағаныңыз бір жағынан дұрыс та шығар, ал, сол ақымақ Адамның қабырғасынан жаралған Хауаға оның бір тиынға да қажеті бар ма еді?! – деп сұрайды. Тура біздің қасымызда жүрген сайтандар сықылды… Енді сол жырға тағы бір кезек берейік:

ӘЗӘЗІЛ:

Сүюге, күюге де ол да шебер!

Жүрексіз біздей сорлы зорға сенер.

Болады бір-біріне қалай ғашық,

Сол сиқыр жүректері болмаса егер?!» – деп, тағы бір сауал тастап тұр.

О, Тәңірі! Сізге не болған?!! Қашанғы шыдай бересіз?! Бірдеңе демейсіз бе мына Сайтанға?!.

Алла әлі де сыр бермей, үн-түнсіз тыңдап тұр! «Не деген ішкі қуат! Не деген толеранттық тегеурінді төзім! Аллада бар ол, бізде жоқ қой?! Мына дүниенің бүлініп жатқаны содан!» – дейді автор! – Ешкімге де қарсы шықпа! Әсіресе,  совет өкіметіне! Күн-көсемдерге! Ол – әлемдегі гуманизмнің үздік үлгісі! Алладан үлгі алсаң, осылай алу керек, адамзаттың баласы!».

Поэманың айтпақ ойы осы. Осы ғана.

Жырға тағы бір кезек берейік.

ӘЗӘЗІЛ:

Тәңірімен ісі жоқ, ештеңемен,

«Махаббат» деп езуден ескен өлең!

Сіз кешерсіз, кең Алла, бұ қылмысты,

Өмір-бақи, өлсем де кешпек емен!

Махаббат жоқ!

Жаһанда біз ғанамыз!

Қайдан шыққан мынандай зілзалаңыз?

Адам надан мас болып махаббатқа,

Бұзылды ма қаршадай қыз баламыз?!

Бұл екеуін қандай шөл қаталатты,

Жасырынып қай жерде жата ғапты?

Жаратқанда Адамды, Хауаны да,

Жаратып па ең қоса әлде махаббатты?!

Бұ не пәле?!

Бұл кімнің ылаңдары?!

Айтшы маған, алдайды кім Алланы?!

Адам менен Хауаның оңашада,

Осы екен ғой ойланып… шығарғаны…

Іздеу керек кезіп бар жат алапты,

Бізді кызыл қанына қаталатты;

Алланың да қаһарын тәрк еткен,

Кешпейміз біз кесірлі махаббатты!

Қабырғаны қалай бұл қақыратты,

Ізде деймін! Кез күллі атырапты!

Алдыңа Алладан да қорықпаған,

Алып кел Адам деген ақымақты!

Сұлуым сергелдеңге салды ақыры…

Сергелдеңге салмаған бар ма күні?

Шашынан сүйреп тұрып, шырылдатып,

Алғызғын Хауа деген салдақыны!

Деген кім бұл Хауаға: «Бала көтер»

Адам өзін Аллаға балап өтер?!

Махаббаттан,

Адамнан туған бала,

Тәңірінің тәлкегін талақ етер?!.

Алла әмірі қайтадан қарала ма,

Не болады сонда бұл бара-бара?

Адам менен Хауаның кіндігінен,

Адамзаттың нәсілі жарала ма,

Құрлықтардан құрлыққа тарала ма?!.

Төрт періште Тәңіріне қарап, «неге үндемейді» дегендей, аң-таң қап тұр… Әзәзіл болса, қояр емес, қайта үдеп барады:

Кешір, Алла, жүректің маздау әні,

Ойға түссе бойыма саз қонады…

Жер дегенің – бес құрлық, Адам оны

«Бес жұлдызым» – деп ылғи мәз болады!

Адамыңмен сөйлестім,

Арбағанмын,

Алдамасам, қалайша жан бағамын?

Хауаңнан да сыр тарттым оңашада,

Айтқаныма көндіре алмағаным –

Өкінішті!

Хауа жоқ енді бізге,

Адамзаттан бір қауіп төнді бізге!

Таңбасы Көкбет Хауа тырнағының,

Бетімде көгеріп тұр …

Көрдіңіз бе?!

Хауаның ару жүзі лағылдай-ды,

Адамнан басқа жанды сағынбайды.

«Жоқ – дейді махаббаттан басқа құдай»

О, Тәңірі!

Олар саған бағынбайды!

Әзірейіл не сұрайды, тілегін бер,

Дұшпанды құртып келіп,

Шіреніңдер.

Кесірлі көрпесі мен құс жастығын,

Отқа сап, түтіп, өртеп жіберіңдер!

ТӘҢІРІ

Алла үндеген жоқ әлі…

Әзірейіл бастаған төрт періште аспан асты, көр-жер, жұлдыз-жұлдыздан Адам мен Хауаны іздеуге аттанып кеткен. Жұмақтың төрінде – Алла. Ол әлі ой үстінде. Ғаламзатты, адамзатты да жаратқан өзі еді. Адам мен Хауа Сайтан азғырып, «Білім» ағашының жемісінен жеп, бүлінген күні айтқан:

 «Жұмақ – салулы төсек, салқын жер еді. Сендерге жақпады. Біреуіңнің әйел, біреуіңнің еркек екендеріңді тым ерте біліп қойдыңдар да, бастарың пәлеге қалды. Сайтан азғырды сендерді. Ондай күн сендер асығып, аптықпасаңдар да бір келуші еді. Мен сендерді махаббат, ғаділет, сезім үшін жаратпадым ба? Іске Сайтан араласпаса, осы жұмақта бір-біріңді сүйіп, өзегіңнен ұрпақ өргізіп, бай-қуатты боп, барша мұраттарыңа жетуші едіңдер ғой?! Әбден тойынған екенсіңдер!

Енді… Осы дүниеде мен жаратқан жер деген бір топырақты мекен бар-ды. Соған барасыңдар! Қалған ырзықты табанақы, маңдай терлеріңмен тауып жейсіңдер содан! Мен енді сендердің істеріңе араласпан! Адам, сені топырақтан, Хауа, сені мынаның қабырғасынан жаратпай тұрып, «Мәңгілік» деген құсты жаратқан едім; сол құс дүниені шарлап ұшып, жерді көреді де, соған тәнті болады. Қайта-қайта мазамды алып: «Мені жерге жіберші?» – деп қоймады. «Онда барсаң, өліп қаласың ғой?!» – дегем. Жерге барғандардың бәрі өліп қалады! Барды да өліп қалды! Сендерге: «Білім» ағашына жолама дегенім содан! Айтқанға көніп, айдағанға жүрдіңдер ме?!

Енді сендерде бір емес, екі дүние болады: уақи мен бақи. Фәниде беттеріңмен қоя берем, білгеніңді істеңдер. Өздеріңнің де көксегендерің сол ғой! Бақида алдыма қайта келесіңдер! Санаңның саңылауына сәуле түсіріп тұрам. Анда-санда пайғамбарлар жіберем. Олар да көп емес. Санаулы. Сендер оларды да тырқыратып қуып, айтар сөзін айтқызбай, күліп-мазақтап, табалап, азаптап, түйенің боқтығына көміп өлтіресіңдер!

Бір күні ең соңғы пайғамбарды да жіберем. Айтпады деме, одан кейін пайғамбар деген мүлде болмайды! Ол сендерге барған кезде дүние ақырзаманның алдында тұрар. Сайтан жерге түседі! Бірінен бірі аумайтын һәм біріне-бірі керағар неше қилы заман келер. Харам нәрселерді халал дейсіңдер. Бауырдан бауыр, ата-анасынан баласы, бабасынан ұрпақ безеді! Мен о баста махаббат пен ғаділетке бола жаратқан адамның нәсілі адамзатқа жат болады! Жау болады… Қып-қызыл дау болады, сонсоң… Махаббатты тәрк етіп, ойнастың ойранына батасыңдар!

Зілзала келеді. Қолына құран ұстаған пасық , күнәһар хафыздар шығады. Жалған ғалым қаптар. Зылым қаптар. Бай қайырымсыз, кедей кердең болар. Әйел еркекке, еркек әйелге айналады. Елім дегенде, жерім дегенде етегі жасқа толатын өтірікші, суайт, қолдан жасалған құдайлар билейді сендерді! Бір кезде маған көндіңдер ме?! Соларды көр де, көн енді!

Пайғамбардың соңынан ақындарды жіберем, ой-пиғылын көркем жырға көмкеріп айтатын адамзаттың арда туған перзенттері! Бірінен бірі өткен, біріне бірі ұқсамайтын, Тәңіріне ғана бас иетін, асқақ, адуын жандар бұлар! Тек өзін өзі ұстай алмайтын, дегбірсіз, ұшқалақ, абдыраған ақкөңіл біреу… Махаббат пен ғаділетті жырлап, сендермен қамшының сабындай ғұмыр кешкенде соның не екенін көзімен көре алмай, өмірі өксіп өтеді. Өлген соң түсініп, қасиеттеп, қадірлеген боласыңдар, бірақ бәрі өтірік…

«Бәрің менен шықтыңдар!

Маған қайта келесіңдер!

Барыңдар!» – деген-ді Тәңірі. Сол бүгін есіне түсіп отыр. Өзі көңілсіз.

 

ЖҰМАҚТА

Тәңірі әлі ешкімге тіл қатқан жоқ. Ой үстінде. Адам мен Хауа Жұмақтан кеткелі қанша ма уақыт өтті? Ләм демейді. Түсініксіз…

Жырда, автордың айтуына қарағанда, жұмақтан қашқан күні Адам мен Хауа құстай ұшып, жерге түседі. Әуелі Алатауға. Сонсоң… Оны айттық қой, қайталамайық. Уақыт қат болған соң хиссалатып отырмыз. Арада біраз уақыт өтеді. Аллаға шаршап, шалдыққан төрт періште келеді. Адам мен Хауаны қолға шам ұстап, іздеп таба алмаған. Жер-көкте жоқ екен… Осы кезде Әзәзіл кіріп келеді! Кіріп келеді де, Тәңіріне қасқайып тұрып қарап, былай дейді-дүр.

ӘЗӘЗІЛ:

Уа, Алла! Алдыңа кеп аялдайын,

Айтайын ақиқатты, аянбайын:

Адам мен Хауаңыздың нәсілдері,

Не істеп жүр? Енді соны баяндайын.

Сайтаның жер мен көкті аралады,

(Кім оған менен басқа бара алады?).

Адам мен Хауаңыздың өздері жоқ!

Өріп жүр өңкей соның балалары!

Ылаңы бәрінен де маған батып,

Көп ұштым қанатымды сабалатып.

Біреу жүр соқа тартып, егін егіп,

Біреу жүр мамонттарға садақ атып… –

Ойы жоқ дүниемен, жалғанменен,

Сөйлестім баламен де, шалдарменен.

Бәрі де ынтымақты, бір туғандай!

…Айқасып жатады тек аңдарменен, –

деп бір тоқтайды да, тағы бір сұмдықтың басын шығарады: «Оларды бетімен жіберуге болмайды! – дейді, – Тәңірінің тезіне бағындыру керек! Мен осы келгенде оларды түп-тұқиянымен құртудың әдісін де тауып келдім. Уа, Тәңірі! Сізде тіл жоқ па әлі?! Неге үндемейсіз? Тәртіпсіздерді жөнге салатын амал тауып тұрғам жоқ па?! Олар жүрген жерде алтын деп аталатын көз арбайтын бір керемет зат бар (көрсеңіз, сіздің де қызығуыңыз ғажап емес). Соны алып барып, алдына тастай салам да, алыстан аңдып қарап тұрам: «Мен алам!». «Жоқ! Сен алмайсың! Мен алам!» – деп таласа-тармаса жөнеледі! Көресіз әлі!»

Енді жырдан соңғы рет бір үзінді келтірейік:

ӘЗӘЗІЛ:

Кеземін түкпірін бар атыраптың,

Түк алман, ұрығын да жапырақтың!

Қолымда Алтын ғана болар менің,

Көздерін арбайтұғын ақымақтың!

Көрсетем соны…

Шыдай алмас бұлар,

Қолына ұстамаса, қанбас құмар?

Маған кел қырқыспаса бір-бірімен,

Алтынның буы үшін бұ албастылар!

Маған кел, көзге елестеп көр-түнегі,

Адамның азатыны сол түн еді.

Алысып алтын үшін бірін-бірі,

Бізсіз-ақ буындырып өлтіреді!

Олардан осылайша құтыласың,

Шайқалтып шаңырағын, құт-ұясын.

Сонан соң өздері-ақ та өлтірудің,

Табады неше түрлі құпиясын…

Қашан да хайуандық санада тұр,

Қолымда менің бүгін Заманақыр!

Көзінше күлмеу керек, сырт жағынан,

Мен құсап «Шоқ! Шоқ!» – деп қара да тұр!

ӘЗӘЗІЛ КЕЛГЕН КЕЗДЕ…

… Әзәзіл келген кезде қырқысуға,

Шарбақ та жоқ еді ғой үй тұсында.

…Жаһангер жиырмасыншы ғасыр біздің,

Жатқан-ды ғажайып бір ұйқысында.

Жер-Ана түнде мейлі, күндіз мейлі,

Бізбен сол гүл-дәуренін бірге іздейді.

Шекара, кеденімен қосылып ап,

Итеріп кеудемізден, кіргізбейді!

Бұл күнде күйдің де аты – «Елайырылған»,

Атасы, анасы бір, неге айырылған?!

«Ах-ылап!», адамзатқа ауа жетпей,

Қақырап ортасынан жер айырылған…

Алысып ақымағы ұлысымен,

Тіліне көнбей қойған ділі ішінен…

Быт-шыт боп бүйректейін бөлініп ап,

Бүлінген батысы тұр, шығысымен!

Адамның еті тәтті құс етіндей,

Қанын да уыстап ап ішетіндей.

Бір күні жерден Мәді шыға келіп,

Салбырап көктен Иса түсетіндей!

О, жүрек! Асау жүрек, бұлқын келіп,
Жұлының үзілердей жұлқын келіп!
Қияға қыран ұшса мағұмұрланып,
Жапалақ жалбаңдаса, күлкің келіп.

Құзғынның жайпап кеткен жұртын көріп,
О, жүрек, жұлқын келіп, бұлқын келіп;
…Дүниеге шыр-шыр етіп жылап кеп ем,
Дариға-ай! Кетіп барам күлкім келіп!

Әзәзіл күннен де асып, түнге түнеп,

Көлкілдеп шеменіне тұр көкірек.

Келбеті тіршіліктің сұп-сұр болып,

Жер беті – аштық… Соғыс… Түрме… Түнек…

ТҮС

… Мен өстіп бір түс көрдім…

Өмір мені,

Көп ойға көз жеткізіп көңілдегі.

Аспанға музаға ертіп алып кетіп,

Алапат сұмдық көрдім өңімдегі!

Түс түс қой… Сұмдықты айт өмірдегі,

Тажалды айт өңірдегі, көңілдегі.

Жер-ана – жатқан алып Хиросима!

Атом тұр аспаныңнан төгілгелі…

Жер-ана шерін әсте білгізбейді,

Бізбен сол гүл-дәуренін бірге іздейді.

Қаптаған қара темір қайда барсаң,

Итеріп кеудемізден… Кіргізбейді!

Қарасаң, қайран жүрек өртенеді,

Қан-жыннан қарғалар да жиіркенеді.

Лапылдап пеште күнде жанып жатыр,

Адамзат құс жастығы, көрпелері…

Жер бетін түр-түсі жат, қара қаны,

Сұм Сайтан сайран салып, аралады!

Шеруі зұлымдықтың қашан тоқтар,

Адам мен Хауа ананың балалары?!

Бүйректей бөлініп ап егескелі,

Көзіңе не пәлекет елестеді?

Жеріңнің бес құрлығы маңдайдағы,

Адамның бес жұлдызы емес пе еді?

Ауысып замандардан замандарың,

Сандалып, жерұйықты таба алмадың.

Адамзат неге іздейді, өлтірудің

Алуан алапат бір амалдарын?

Жауап бер, уа, адамзат, сұрағыма,

Бітпей ме қырғын қиқу, күнә мына?!

Алыстан қиқулаған, шиқылдаған,

Бір күлкі шалынады құлағыма!

Иығыңа сүйеніп шынар-жұртым,

Жүріп келем, қиқу да тынар бір күн.

Күллі әлемді дал қылған сол бір күлкі,

Әзәзілдің күлкісі шығар, мүмкін.

P.S. Социалистік реализмнің қара тастай қатып қалған қасаң қағидасымен жазылған бұл жырдың осы заманға лайықталып, біраз шумағы қысқартылып, мән-мазмұны ғана берілді.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.