Шынын айту керек, жұрттың жекешелендіру дегеннен жүрегі шайлығып қалған. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында алып кәсіпорындар, талай мықты мекемелер, колхоз-совхоздар тарап, жекеге айналып, жұмысын жүргізе алмай жоқ болып кетті емес пе? Тіпті түс көргендей боп қалды ғой бәрі…

Содан болар, елімізде өндіріс саласында кезекті жекешелендіру жүреді дегенде ел тағы тосырқап қалды. Әрине, бұл жекешелендірудің жөні бөлек. Бұл ұлттық экономиканың тиімділігін арттыру мен мемлекетік бюджет тапшылығын азайту үшін қолға алынған. Қазіргі уақытта үкіметтің қаулысымен бекітілген 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары 904 объектіні қамтиды. Соңғы екі жыл ішінде кешенді жоспардың 476 объектісі сауда-саттыққа шығарылып, 367-сі сатылды. Сату бағасы 164 млрд теңгеге жетті. Бұдан басқа, 255 объекті қайта ұйымдастырылу және таратылу сатысында. 2017 жылы сауда-саттыққа шығаруға 463 объекті жоспарланған. Жоспар 97 пайызға орындалды.

Ендігі бір мәселе: жекешелендіруден түскен қаржы Ұлттық қорға құйылуы керек. Бұл талап орындалып отыр ма? Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл сұраққа ауыз толтырып ештеңе айта алмады. «Иә, бұл қаржы Ұлттық қорға құйылуы тиіс. Бірақ ұлттық холдингтер мен компанияларда әлі де болса проблемалар бар…» деп күмілжіген қаржы министрінің айтқанынан түсінгеніміз, Ұлттық қорға жекешелендіруден түскен қаржылардың барлығы аударылып жатқан жоқ екен. Тіпті аз мөлшерде аударылып жатыр десе де болғандай…

Жалпы алғанда, 2017 жылы нысандарды сауда-саттыққа шығару көрсеткіші алдыңғы жылға қарағанда 15 пайызға өскен. Сондай-ақ жұрттың жекешелендіруге деген қызығушылығы да артыпты. Бұрын әр сауда-саттыққа орташа есеппен үш қатысушы қатысса, қазір 4-5 қатысушыға жеткен. Бірақ қаржы министрі айран сұрап келіп отырып, шелегін жасырып қала алмады. Яғни бұл салада әлі де жақсылап пысықтайтын жұмыстар көп.

Ең алдымен сауда-саттықтарды өткізу бойынша заңнама нормаларының мүлтіксіз сақталуы қамтамасыз етілмейді. Кейбір сатушылар арнайы заңмен бекітілген сауда-саттықтағы 20 күндік аралықты сақтау талабын құнттамайды екен. Мысалға, Маңғыстау облысындағы «Мангистауагросервис» ЖШС 2017 жылдың қазан-қараша айларында екі-ақ сауда өткізген. Арада 20 күн өткенде тағы үшінші сауданы өткізіп жіберуге мүмкіндіктері болған. Бұл жақсы нәтиже берер еді. Бірақ ол нысан жыл аяғына дейін саудаға шығарылмапты.

Тағы бір айтары, кейбір әкімдіктер жекешелендіру объектілерін саудаға қойған кезде мемлекеттік қатысу үлестерін негізсіз бөлшектейді. Бұл сауданың нәтижесіне кері әсер етеді. Негізі, жекешелендіру объектілерінде мемлекеттік қатысу үлестерін, акция пакеттерін негізсіз бөлшектеу стратегиялық инвесторларды тарту үшін тек «Самұрық-Қазына» активтеріне ғана рұқсат етілген.

Кейбір сатушылар жекешелендіру объектілеріне сату алдындағы дайындықты уақтылы және тиісінше өткізуді, сондай-ақ нысанның бағасын нақтылауды қамтамасыз етпейді. Осыдан барып жол картасында көрсетілген сауда-саттыққа шығару тәртібі бұзылып, амал жоқ, кейінге шегеріледі. Мысалға, Шығыс Қазақстан облысындағы «Қалқымалы өткел» ЖШС бағаны нақтылау жұмыстарын төрт ай бойы жүргізіпті. Дәл осылайша коммуналдық меншіктегі жеті және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бес нысанын сату алдындағы дайындық жұмыстары тым созылып кеткен.

Сондай-ақ 2016 жылы үкімет жетекшісі объектілерді тізбеден негізсіз алып тастау туралы өтініштерді қабылдамауға тапсырма берген болатын. Бірақ, соған қарамастан, мұндай өтініштердің қатары тіптен көбейіп кеткен.

Сосын үкімет жиындарында бірнеше рет таратуға жататын объектілер бойынша тиісті шешімдерді уақтылы қабылдау мәселесі көтерілген еді. Бірақ, өкінішке қарай, қаншама рет айтылса да, бұл кемшілік жойылған жоқ. Керісінше, көбейіп барады. Өткен жылы жеті нысан бойынша соңғы сауда-саттық наурыз бен қыркүйек айларында жүргізілсе де, тарату туралы шешім әлі қабылданбаған.

Үкімет жиынында осы мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов премьер-министрдің сұрақтарына жауап таппай шатасып, қосымша уақыт ішінде мәселені анықтайтынын жеткізді. Үкімет жетекшісі министрден: «Жекешелендірудің тізімінде жаңа компаниялар бар ма?» – деп сұраған болатын. Министр: «Бар, 168 жаңа компания қосылды», – деп жауап қатты.

– Онда инвентеризацияны неге жасадық? Біз бір қолымызбен қысқарттық, екінші қолымызбен қайтадан жаңасын құрдық. Біз жекешелендірілетін нысандарды инвентеризация жасап, тізбесін жасап қойдық емес пе? Енді жаңа қомпаниялар қайдан пайда болды? – деп ашуланды Бақытжан Сағынтаев.

Министр Тимур Сүлейменов үкімет жетекшісінің бұл сұрақтарына мардымды жауап бере алмай, қайта-қайта қолындағы қағаздарына шұқшиып, әбден шатасты. Айтқан сөздері үйлеспеді. Шынын айтқанда, министрдің өзі де мәселені дұрыс түсінбей тұрғандай болып көрінді. Ақырында Т.Сүлейменов мән-жайды нақты анықтау үшін қосымша уақыт сұрады.

– Сіз бүгін баяндама жасауға дайындалып келдіңіз. Осыдан барып қол астыңдағы қызметкерлеріңізден анықтама сұрағаннан гөрі осының бәрі басыңызда болуы керек еді ғой. Міне, сондықтан сізде жаңа компаниялар пайда болып отыр. Өйткені ешқандай бақылау жоқ. Ойына келгендерін істейді, – деп, Бақытжан Сағынтаев министрдің жұмысын сын тезіне алды.

Бір нәрсені ашып айту керек, қарапайым халықты жекешелендіру мәселесі толғандырмайды. Өйткені олар бұл сауда-саттыққа қатысып та жатқан жоқ, тіпті ереже-тәртіптерін де жақсы білмейді. Министрлердің өзі жаңылысып жатқанда қарапайым халық оның ұңғыл-шұңғылын қайдан жақсы білсін… Күн сайынғы нәпақасын әрең тауып жүрген жандарға екі қойың бір сом екені айдан анық. Ал мұндай тұрмысы орташа жандар біздің елде өте көп. Әрине, қатыстырмай жатқан жоқ. Бірақ қаражаты жоқ. Бәлкім, олардың арасындағы үгіт-насихат жұмыстары нашар шығар. Алайда ешқандай үлесі жоқ болғаннан кейін ел осы жекешелендіруден тұрмысымыз түзеліп кетеді дегенге онша сене бермейді. Осыдан кейін бұл жекешелендіру тек қалталы адамдардың арасындағы сауда-саттық, солардың  …. демеске лажың жоқ. Міне, жекешелендірудің проблемалары осындай…

Оралхан ДӘУІТ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.