Ресей құрамындағы Бурятия республикасының астанасы Улан-Удэ қаласындағы мектепке жасалған шабуылға күдікті ретінде ұсталған 9-сынып оқушысы Антон есімді жасөспірім әскери отбасында өскен. Қаңтардың 19-ы күні таңертең мектепке шабуылдан соң өз-өзін өлтіруге әрекеттеніп, кейін ауруханаға жеткізілген оқушы жайлы әзірше мұнан өзге ақпарат жоқ.

Тергеушілер «адам өлтіруге әрекет жасау» және «салғырттық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ресейлік «Дождь» телеарнасы мектепке жасалған шабуыл салдарынан зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген жеті адамның екеуі ауыр халде деп хабарлады.

«Роскомнадзор» мекемесі мектептегі зорлық-зомбылыққа түрткі болатын әлеуметтік желідегі топтарды бұғаттау ниеті туралы мәлімдеген.

Әуелде мектепке шабуыл жасағандар саны үшеу деп хабарланған, бірақ кейін ол ақпарат расталмады.

Улан-Удэ қаласындағы шабуыл – соңғы бірнеше күнде Ресейде мектепке жасалған үшінші шабуыл оқиғасы болып отыр. 15 қаңтарда Пермь қаласындағы №127 мектепке кірген екі жасөспірім 4-сынып оқушылары мен мұғалімге пышақпен шабуылдаған. 15 адам жараланған бұл қылмысқа күдіктілер сот шешімімен екі айға қамалған. Тергеушілер «алдын ала сөз байласып, бірнеше адамды өлтіру үшін шабуыл жасау» деген бап бойынша қылмыстық іс ашқан.

17 қаңтар Челябинск облысындағы Смольное кентіндегі мектепте 9-сынып шәкірті өзге оқушыға пышақ жұмсаған.

Тергеу орындары Пермь, Челябинск облысы және Улан-Удэдегі шабуылдардың өзара байланысы бар-жоғын тексеріп жатыр деп хабарлайды «Интерфакс» агенттігі.

Дереккөз Aзаттық Радиосы

قالب وردپرس

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.