Ақтөбе облысында 18 қаңтарда 52 адамның қазасына себеп болған автобустағы өрт оқиғасынан кейін аймақ әкімі Бердібек Сапарбаев «тұрақты негізде жолаушы тасымалдайтын көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеруді» және «жолдағы бақылауды күшейтуді» тапсырды деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі. Сапарбаев қарамағындағыларға облыс аумағы арқылы халықаралық көлік қатынасы өтетінін ескертіп, қайғылы оқиғаның қайталанбауы үшін күш-жігер жұмсауға шақырған.

«Мұндай оқиғалар қайталанбауы үшін болашақта көлік бақылау инспекциясы, жергілікті полиция қызметі көлік прокуратурасымен бірлесіп бұл бағытта жұмысты күшейтуі керек. Біздегі қалааралық және халықаралық бағыттарда тасымал қызметін көрсететін барлық автобустарды тексеру керек» деген әкім. Сонымен бірге ол осы аптада автобустағы өрт оқиғасына байланысты атқарған жұмыстары үшін жедел қызметтерге, дәрігерлер мен полицияға алғыс білдірген.

Қаңтардың 18-і күні таңертеңгі сағат 10:30 шамасында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент — Самара тасжолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының мәліметінше, Шымкенттен шығып Ресейдің Қазан қаласына бара жатқан автобуста болған 57 адамның 52-і қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Тірі қалған бес адам – үш қазақстандық және екі Өзбекстан азаматын санавиациямен Ақтөбе ауруханасына жеткізген, дәрігерлер олардың өміріне қауіп жоқ деп хабарлаған.

Биліктің хабарлауынша, қазақстандық тіркеу нөмері бар автобустың иесі көлікті міндетті техникалық бақылаудан мерзімінде өткізбеген және тұрақты жолаушы тасымалдауға рұқсат беретін лицензиясы болмаған.

Құрамына Қазақстанның бірнеше министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігі өкілдері кірген үкімет комиссиясы толық жанып кеткен автобустың ішінде мерт болғандардың қатты күйіп қалғандығы себепті оларды анықтау үшін геномдық сараптама жүргізу қажет екені туралы хабарлаған.

ВИДЕО: Автобустағы өрттен қаза болғандарды Ақтөбеге жеткізді

Ақтөбе облыстық әкімдігі 19 қаңтар күні кешке апат құрбандарының сүйектерін Өзбекстан төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы ұшағы Ташкентке алып кеткені туралы хабарлаған.

Жұма күні Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев қайғылы оқиға – «өртке салғырт қараудың» салдары деген негізгі болжам жасалып отырғаны туралы хабарлаған. Тергеушілердің жорамалы бойынша, аязды күні қозғалтқышы істемей қалған автобус салонын жылыту үшін дәнекерлеуші шам жағып пайдаланған. «Автобус ішінде төгілген жанармайдан тұтанған жалын лезде бүкіл салонды отқа орап, бас-аяғы бес минуттың ішінде көп адам мерт болған» деген вице-министр.

Дереккөз Aзаттық Радиосы

قالب وردپرس

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.