«Қаңтар айы басталғалы бері облыста 123 оқушы қыз орамалын шешіп, мектеп формасын ұстануға келісім берді» деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. Билік балалары орамал тағып жүрген жергілікті тұрғындар арасында «ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын» айтады.

Қарашаның 20-сы күні әкімдікте өткен жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «үгіт-насихатты күшейте түсуді» тапсырған.

«Әңгімелесуді ата-аналар да, мектеп директорлары да жүргізулері тиіс. Бірақ, ақсақалдар, қоғам арасында, өз ауылында, ауданында, қаласында бедел мен сенімге ие кісілер де сырт қалмаулары аса маңызды», — деген әкім.

Биліктің мәліметі бойынша, оқу жылының басында Ақтөбе облысында 430 оқушы қыз мектепке орамал тартып келіп жүрген. Үшінші тоқсаннан бастап орамал таққан оқушыларды мектепке кіргізбей қойғаннан кейін кей ата-аналар мектеп талабына келіскен.

«Өз ұстанымын өзгертпей отырғандар да бар. Әлі де 307 оқушы мектеп формасын сақтамай отыр» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. «Орамал дауына» байланысты қыздары сабаққа кіре алмай жүрген ақтөбеліктер өткен аптада Ақтөбеде парламент депутаты Бақытбек Смағұлға шағымданып, биліктен балаларына арнайы мектеп-медресе ашып беруді сұраған. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев ата-аналардың «өздері жиналып, демеушілер іздеп, ондай жеке мектептер ашуына құқығы бар» деп мәлімдеген.

«Мұғалімдер балаларымыздың конституциялық құқығына қол сұғып отыр» деп санайтын ақтөбелік бірнеше тұрғын орамал таққаны үшін оқушы қыздарын сабаққа кіргізбеген мектеп директорларының үстінен сотқа шағым берген. «Орамал дауына» байланысты жаңа жылдағы алғашқы сот мәжілісі 22 қаңтарда Ақтөбе қалалық сотында өтпекші.

Дереккөз Aзаттық Радиосы

قالب وردپرس

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.