Өртенген автобустың техникалық байқау құжаты жалған ба?

401

Ақтөбе облысында өртке оранған автобусқа байланысты «екі жыл бойы техникалық байқаудан өткізілмеген» деген де мәліметтер пайда болды. Алайда бірнеше облысты кесіп өтіп, Ақтөбеге жеткен автобусты «жолда тоқтатып, тексерер жол сақшысы болмағаны ма?» деген күмәнді сауал туады осындайда.

«Біздің облыстың кіре беріс және шыға берісінде, яғни Жаңақорған мен Аралда тексеру пункті бар. Бұл автобус Арал ауданында тексеруден өткен. Көліктің барлық құжаттары болыпты. Тіркеу журналында да жазылған. Алайда техникалық байқаудың құжаты жалған болуы да мүмкін. Сондықтан қазір тексеріліп жатыр, барлығы толық зерттеліп болған соң ғана мәлім болады», — дейді Қызылорда ОІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Б.Ибраев.

Расында Қызылорданың өзінде техникалық байқауды жалған құжат жасаушылардан алатындар көбейіп кеткен. Мұны ОІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы А.Ахметов растап отыр. «Қазір көліктің техникалық байқауын бәсекелестік ортаға тапсырғалы көп болды. Осы күні қажет десеңіз, көліктің техникалық байқау құжатын көлік ішінде толтырып беретіндер де бар. Бәлкім, өртенген автобустың да құжаты осындай болған шығар», — дейді ол.

Техника дамып, заман ілгері жүргенмен қазақстандық жол сақшылары әлі күнге құжаттың жалған немесе шынайы екенін дер кезінде тексеріп, тап басып айта алмайды. Сол себепті, тоқтата қалса, бір жапырақ қағазды «уралап» алып шығатындар көбейген.

Еске сала кетейік, 18 қаңтарда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Самара — Шымкент тасжолының 1068 шақырымында Ikarus маркалы автобус өртенген. Салдарынан 52 адам қаза тауып, 5 адам тірі қалғаны жөнінде хабарлаған болатынбыз.

Дәулет ҚЫРДАН,

Қызылорда

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.