Бір арман бар қатар шапқан қалыспай…

                                  ***

Соңғы сапар жолдарынан кеп тұрмын,

Күнге сіңген қанаттарым, жарыққа ұш!

Енді сенің жолыңдамын, оттымын,

Қара жерден алып шықшы, алып күш!

Өлгендерді  тірілтетін даусым бар,

Құдайым бар, Ұмайым бар менің де!

Ал сіз мені тамашалап алыстан,

Ораласыз ойша өткен өмірге.

Суық түннен жұлдыз көріп тым суық,

Таңғалсаңыз…

Сол жұлдыздың аты – мен,

Түсіңізде сол өмірге ұмсынып,

Оянасыз менің ескі хатыммен!

                   

                          ***

Сөне жаздап қайта жанған отпын мен,

Өлім, сенің санатыңда жоқпын мен.

Бірге үрсе көп боп көзге көрінер,

Көп ит, сенен  көппін мен.

Алыстырған бір аңсау бар жабысқан,

Бір арман бар қатар шапқан қалыспай,

Қол созамын,  құздар, саған жете алмай,

Естімейсің. Өксимін тек алыстан.

Сені мен біз –

Тең емес ек о бастан,

Күн мен түнбіз,

Екі әлемдей алмасқан,

Біз бөтенбіз,

Бөтен болып қаламыз,

Көк пен жердей

Мәңгі алыстан  қарасқан…

            ***                                                                                    

Аппақ қар…

Қалбақтаған қара қарға,

Әнін шырқап ұшып жүр, дауа бар ма?

Осылай  тімсіңдейтін, тың тыңдайтын,

Адамның қарғалары қараларда. 

Сұңқар жоқ, жапалақ бар, арман бар ма?

Шырқап қал, достарың көп. Алаң бар ма?

Тау жаққа кеткім келіп тұрғанын-ай,

Мына қарға қалмайды, амал бар ма?

Таудай мұңмен, тау күшпен сілкілеген,

Алысар қасқырымен, түлкілермен,

Қарғасыз, бөденесіз, сауысқансыз,

Тауларға кеткім кеп тұр күркіреген.

Ақ қарда қалбақтама, қара қарға,

Ақ әлемді… жетеді жаралама.

                               

                  ***

Кеше ғана өле сүйген өмірім,

Бүгін сенен азар-безер жерідім,

Менен бе, әлде өздерінен ұятты,

Адам біткен қашып жүрген сияқты.

Жылымайтын беті қалың тас қала,

Пана таппай атажұрттан, масқара…

Қаңғып қалған қалың елдің ішінде,

Мына өмірім, өңім бе осы, түсім бе?

Менікі ме мына өмір, расымен,

Егестірген шындыққа қас ғасырмен,

Мен өзімнен қашып барам адасып,

Көз жаздырып кетті бәрі тау асып.

Тұман дала, бұлт астынан көшкім кеп,

Көзімді ашсам айналамда ешкім жоқ.

Атып тұрып айқай салсам деп едім,

«Жаныңдамын!» деді жалғыз өлеңім.

 

             Соңғы хат

                   I

Адастырған  тағдырыма  мендегі,

Сен де адасып келдің бе екен, білмеймін,

Жүрегімді құлап жатқан жердегі,

Көтеріп ап, кеудеңе әкеп  сүйедің…

Қуанарым, жұбанарым  белгісіз,

Құшағыңды аштың, кімсің, білмедім…

Ар-зарыммен шыдап  жаның көргісіз,

Құлай жаздап, тырмысып кеп сүйендім.

Бір денеге айналдық та біз сосын,

Саған сіңіп кете берді  жан-тәнім.

…Сенсіз қарсы аламын деп күз кешін,

Ол  көктемде ойламап ем, қайтейін.

                          II 

Буырқанып, алай-дүлей арбасқан, 

Толқындардың арасынан селдеткен, 

Адасып кеп еніп кеттің кенеттен,

Тайғанақтап…

Өміріме адасқан…

Саған ұқсас бір бейнені жолдардан,

Көзің шалып, күтіп тұрған көзімді,

Көре кеткің келді ме екен,

Армандар

Қаңғып жүрген мына әлемнен қалжырап,

Жұбатқың кеп мені және өзіңді?

Жұбандық па, жыладық па біз сосын,

Мен ол жағын айыра да алмадым.

Таң атқанда жаңбырлы түн жиды есін,

Кеш батқанда басып тұрды қою бұлт,

Талды өлкенің бұлтқа оранған тауларын…

Еңсере алмай  бірақ асау толқынды,

Қайта адасып кете бардың, жалғызым,

Қалдырғаның қара жаңбыр сол түнгі,

Жүрегімді  ойрандаған зарлы ізің…

Жел ішінде адастырған сені де,

Сел ішінде адастырған мені де,

Екі  жақтан адасып кеп табысып,

Екі жаққа  адастырып қайтадан,

Екі бөлген мен емеспін, «Өмір» де…

             ***

Өзгертем деп ем,

Өзімдей етіп қоғамды,

Жылдағы азап жылда өніп.

Жаратқан Алла аямаса өзі адамды,

Жұбатар дейсің кім келіп?

Ақсұңқар еді –

Құстардың  текті төресі,

Қолдашы қазақ даласы?

Таулар бар биік:

Өзеннен терең өресі,                                        

Жағаңда тұрмын, қарашы?

Әділет, сенің сергелдең құшып сертіңнен,

Адасып жүрген өмірі өксік өскін ем,

Қолымды босат,

Кетейін енді еркіммен,

Кешіргін мені. Кештім мен!

              

         М.Цветаевадан

Көкжиектің көз жетпейтін шегіне, 

Ұшты-күйлі сіңіп кеткен бәрі де.

Ғайып болар күнім келер менің де,

Мына әлемнен мәңгіге.

Көнереді күрескенім, кешкенім,

Алып таулар асқаным,

Барқыттайын кешкі үнім, есті әнім,

Алтын түстес шаштарым.

Ырыздық та, жоқшылық та мен қашқан,

Өмір болып қалады.

Аспан асты мендей адам ешқашан,

Болмағандай болады.

Жоқ нәрсеге бұртиып ап балаша,

Демде ұмытып кететін,

Ошақ оты күлге айналса алауша,

Жүзі жайнап кететін.

Қоңыраудай даусы  үзілген  немесе,

Салт аттыдай батып кеткен орманға,

Мені осындай  таңғажайып қалпымда,

Көресіңдер жер әлемнен сонда да.

Іздеп мәңгі махаббат пен сенімді,

Барлығыңа қайта оралам тағы бір.

Қарамаймын,

Жақынсың ба, жатсың ба,

Кімсің мейлі, бәрібір.

Шындық  үшін,

Өңіңде де, түсіңде,

Келе берем, келе берем бұл маңға,

Жаным жиі шер шеккені үшін де,

Бар болғаны жиырмамда!

Өкпелі өмір берілгені үшін де,

Оны амалсыз  кешіргенім үшін де,

Еркін мінез  нәзіктігім үшін де,

Тым тәкаппар көрінгенім үшін де.

Арынынан  қайтпайтұғын тулаған,

Шындық үшін,

Ойын үшін  мыңдаған…

Бір шындық бар тыңдаңдар!

Рухым ұшып жердің мынау үстінде,

Көресіңдер,

Сүйесіңдер мені әлі,

Өлетінім  үшін де!..

Ақсұңқар АҚЫНБАБА

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.