Өткен аптаның басты жаңалығы – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапары болды. Түсінген жанға бұл сапар еліміздің қауіпсіздігі мен дамуы үшін сөзсіз қажетті дүние. Екі алпауыт держава – орыс аюы мен қытай айдаһарының арасында жойылып кетпеудің бірден-бір жолы – АҚШ-пен дұрыс қарым-қатынас орнату, әлемдік саясаттың субъектісі бола білу. Әзірге бұдан өзге оңған жолы да жоқ. Бүгіннің өзінде осы сапарды еліміздің дипломатиялық құрылымдарының орасан зор жетістігі деп бағалауға болады. Мәселе енді осы сапарды мүмкіндікке, тың саясатқа айналдыра білуде.

АҚШ сапары нені аңғартты?

Біріншіден, қалай десек те, Қазақстан – Орталық Азияның кілті мен қақпасы. Яғни Қазақстан әлемдік саясаттың бір бөлігі болуы үшін қашанда осы аймақтағы белсенді, есі дұрыс ойыншы бола білуі міндет. Ресми сапар барысында аймақтық мәселелердің көп талқылануы, ортаазиялық мемлекеттерді біріктіретін жаңа «5+1» форматының әңгіме болуы, Ауғанстандағы жағдайдың көп айтылуы да осы себепті. Жай ғана сыртқа мұнай мен газ тасымалдаушы мемлекет ретінде біздің төрткіл әлемге қажетіміз бар да шығар, бірақ онымыз үлкен ойында көзір бола алмайды.

Екіншіден, АҚШ, жалпы батыс елдері үшін Қазақстанның я Ресейдің, я Қытайдың ойыншығы, саттелиті болғаны тиімсіз. Батыс елдері Қазақстанның қатысуымен құрылған, іске асырылып жатқан форматтарды білгісі де, танығысы да келмейді. Сапар барысында Еуразиялық одақ та, Қытай ұсынып отырған «Бір жол – бір белдеу» саясаты да, Шанхай ынтымақтастық ұйымы да мүлдем айтылған жоқ. Іске асса асты, аспаса да ешкім ренжи қоймайтын сияқты. Батыс үшін Қазақстанның екі алпауыт елдің арасында өз орны мен болмысын жоймай-жоғалтпай, шалбарын шешіп, соңына түсіп шолақ белсенділік танытпағаны керек.

Бұнымыз, әрине, Ресей үшін ауыр соққы. Бұрынғы КСРО-ға кірген мемлекеттердің барлығы да біздің иелігіміз, біздің өмірлік кеңістігіміз деп қабылдайтын Ресей реті келсе өз имперлік саясатын қашанда жүргізе бермек. Қазақстанның тым белсенді әлемдік саясатқа араласуы, батыс елдерімен тікелей қарым-қатынас орнатуы Кремль үшін тұз жалап, шоқ жегенмен бірдей дүние. Назарбаевтың АҚШ сапарына қатысты орыс баспасөзіндегі, интернетіндегі мақалалар осыны айқын көрсетіп отыр. Керек десеңіздер, сол мақалалардың артында «ойындарың осылуы мүмкін, АҚШ-қа тым жақындасаңыз, ел ішінде проблемалар туындауы мүмкін» деген сес көрсету тұрғанын да байқадық. Бұдан қорқып-үркудің де қажеті жоқ, бірақ ескермеу-елемеу де қателік болар еді.

Үшіншіден, кейбір саяси белсенділер мен саяси топтар күткендей сапар барысында Қазақстандағы адам құқықтары мен демократия мәселесі мүлдем қозғалған жоқ. Біріккен коммюникеде мұның барлығы «адам капиталы» деген тақырыптың сыртында қалғанын көзімізбен көрдік. Жалпы алғанда, елдегі демократияны өз ішінен емес, сырттан іздеу ақымақтық. Егер қазақ қоғамы, қазақ жұрты осы тақырыптарды аса маңызды деп санамаса, сол үшін анық ерік-жігер танытып күреспесе, оны сырттан ешкім құрып бере алмайды. АҚШ-қа не Дональд Трамп мырзаға ренжіп-өкпелеудің еш реті мен лажы жоқ. Әрбір ел ең алдымен өз мүддесін қорғайды, ең алдымен өз есебін түгендейді. Ірі бизнес өкілі, миллиардер Трамптың есеп-қисапқа жақын болуы ешкімнің ыза-кегін тудырмаса керек. Тіпті қазақ әріптесімен келісіп, қол қойған келісімшарттарға баға бере келе, «Бұл келісімдер мыңдаған америкалыққа еңбек орнын береді» деп мақтана-шаттана сөз сөйлеуі де осыдан. Шынын айту керек, Америкамен жасалған сауда-саттық келісімдеріміздің басым көпшілігі сол елдің тауарлары мен өнімдерін сатып алуға негізделген. Ақша болса қалтаңда, АҚШ-та да талтаңда! Бұған ренжудің жөні жоқ, бұдан үйрене білгеніміз абзал.

Қысқа қайырсақ, Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың АҚШ сапарынан түйген негізгі үш ой – осы.

Енді не істемек керек?

Сапар аяқталды. Мақтаныш кернеген мақалалар мен фотосуреттердің легі тыйылды я тыйылуға жақын. «Тарихи сапар», «ынтымақтастықтың жаңа кезеңі» деп шаттануымыз әрі кетсе бір аптаға созылар. Мықты болғанымыз рас болатын болса, сөзден іске көшетін кез келген сияқты. Айтқан сөзіміз даңғаза-дақпырт емес, қолымыздан бірдеңе келеді, аймақтағы елдерге сөзіміз өтеді, көршілерімізбен қарым-қатынасымыз жақсы дегенді дәлелдеуіміз міндет. Ол үшін кемі бірнеше кезек күттірмейтін шаруаны қолға алуымыз шарт. Соған тоқталсақ.

Аймақты білу-түсіну

Егер Қазақстан Орталық Азия елдерінің көшбасшысы, аймақтағы жетекші елдердің бірі дегенді шын дәлелдегісі келсе, онда аймақты білу мен түсінуді мүлдем жаңа биіктікке шығаруы тиіс. Көп күттірмей қолға алатын үлкен шаруаның бірі – Орталық Азия аймағын зерттеу орталығын құру қажет. Қажет болса оған аймақтағы барша елден тілді, дәстүрді жақсы білетін, газеті мен сайттарын оқи алатын маман-сарапшы алдырып, жұмыс беруіміз керек. Бұл орталыққа еліміздегі түркі-парсы тілдерін жақсы білетін мамандарды тартып, аймақтың тыныс-тіршілігін, қоғамдық ойын мықтап зерттеп-зерделеп отыру парыз. Егер аймақты жақсы түсіне білсек, ұға білсек, ондағы саясатымыз да дұрыс жүре алады. Аймаққа қатысты барша саясаттың бағыты бойынша қазақ-орыс-ағылшын-түрік тілдерінде шығатын журнал мен сайт та ауадай қажет сияқты.

Сонымен қатар жақын арада Бішкек, Ташкент, Душанбе, Ашхабат және Кабул қалаларында қазақ баспасөзінің корреспонденттік бекеттері мен орталықтары ашылуы қажет. Онда істейтін азаматтардың қазақ болуы шарт емес. Әсіресе Ауғанстан сияқты елге ел азаматтарын жіберудің өзі қауіп. Дегенмен жергілікті жағдайды жақсы түсінетін, ерінбей ізденетін, белсенді азаматтарды әрбір елден табуға болады. Егер аймаққа көшбасшы боламыз дейтін болсақ, сол елдердегі жағдайдан хабар алу, ақпараттар легін еселеп көбейтуіміз керек. Ресейдегі бар жағдайды, әншілерінің омырауының есеп-қисабына дейін біле тұра, көршілес-еншілес елдердің жағдайынан бейхабар болу, ағайынды білмеу, туысқанды іздемеу – рухани кещелік, надандық, тұрпайылық. Ерназардың баласы Ер Төстіктің сегіз ағасын таба алмай жүрген бөспе өмірі. Егер қазақ қауымы көрші елдердегі жағдайдан хабары болса, ол жақтан күнделікті шынайы ақпарат келіп жатса, оның ағайыншылығы да, жауапкершілігі де артар еді деп санаймын.

Осы қатарда қолға алатын істің бірі – теледидар. Кабельді арналарымызда 88 Ресей телеарнасы бар. Солардың санын аз-маз қысқартып, сегіз ағайынның бір-бір мемлекеттік телеарнасын кабельдік арнаға кіргізуіміз керек. Арнайы ізденіп, еңбектеніп, жақын арада кемі бір-бірден қырғыз, өзбек, түрік, түрікпен, тәжік, әзірбайжан, ауған телеарнасын қосу ақпараттық тәуелсіздікке қол жеткізудің бірден-бір жолы. Бұған қоса, Моңғолияның Байөлкесіндегі, Қытайдың Шыңжаңындағы қазақ арналарын да қарап отырсақ артық болмас еді. Ресейсіз ғұмыр кешу мүлдем мүмкін емес десек, башқұрт, жақұт, татар, қарашай-шеркес, хақас ағайындардың телеарналарын көрейік.

Аймаққа экономикалық көмек

Алдағы уақытта Қазақстан Орталық Азия елдерінде белсенді саясат жүргізетін болса, онда бұл саясат қазақ қоғамының ішінде қолдауға ие болуы тиіс. Қазақ азаматтары «өзімізді жарытпай жатып жаман ауғанға, қырғызға көрсеткен көмегімізге жол болсын», «алдымен өзіңді жарылқа, қалғаны қырылып қалсын» деген эгоистік көзқарастардан ада болуы керек. Біздің аймақтың бір ерекшелігі – бір ел құрдымға кетсе, соғыс пен айқас алаңына айналса, ешқайсымыздың да тыныштығымыз болмайды. Бір өзеннің арнасында, бір жолдың бойында тұрған елдердің тыныс-тіршілігі бір-біріне қашанда тәуелді. Көршілеріміздің тасы өрге домаласа, есебі артса, бұл, айналып келгенде, бізге де айналма жолмен пайдасын тигізеді. Сондықтан да бірінші күресетін жауымыз – тарихи-мәдени-тілдік-діни туыстағы бар елдерге деген бойдағы үрей мен қызғаныш. Көршіге көрсетілген көмек – өзіміздің тыныштығымыз бен дамуымызға құйылған инвестиция деп қарастырылуы керек. Алайда бұл көмектің дұрыс таратылуы, жетімдерге жетуі, кәдеге жарауы назарда болуы тиіс. Бір жемқорлықты екінші жемқорлыққа қосқаннан ешкім ұтып көрген емес.

Осы бағытта іске асыратын шаруамыздың бірі – елде жұмыс істеп жүрген гастарбайтерлерге деген көзқарасымызды өзгерту. Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан келген азаматтар еріккеннен жүрген жоқ. Оларды табалап, қылмыс алаңына, көлеңкелі экономикаға итеру, айналып келгенде, өзімізге теріс әсерін тигізеді. Осыларды есепке алу, өркениетті еңбек нарқын қалыптастыру, тапқан табысынан ресми салық алу ең алдымен қазақ экономикасына тиімді. Осы бағытта да мықтап еңбектенуіміз ауадай қажет.

«Аспанда ұшқан қаздар» саясаты

Ұлттық эгоизм де керек дүние. Алайда жері кең, халқы аз мемлекет үшін мүлдем эгоизмге, менмендікке салыну  өлумен-өшумен пара-пар. Қазақстанның орнықты-тыңғылықты дамуы көрші елдердің дамуына әсерін тигізіп, олардың өсімін өз пайдасына жарата білуге негізделуі тиіс. Бұл үшін біз адам көрмей, біріне-бірі жылдап жоламайтын барыс емес, қатарда қоса ұшқан қаздар үйіріне айналуымыз шарт.

Өткен ғасырдың 30-жылдары  жапондық экономист Канаме Акамацу «аспанда ұшқан қаздар» стратегиясын ұсынған екен. Қаздар, тырналар неге сыналап ұшады? Себебі олар физика, аэродинамика заңдарын адамдардан жақсы түсінеді. Қаздардың ұшу тәртібі былай: ең басында ең мықты, ең күшті деген қаз сапты бастайды. Оның ұшуы артында ілесіп келе жатқан екі қаздың жұмысын жеңілдетіп, қарсы желдің күшін саябырсытып, самғауын жеңілдетеді. Тағысын тағы. Жапон экономистері де елдің даму стратегиясын жасақтаған кезде өз елдерінің көршілес-еншілес елдерге тәуелді болатынын айқын түсінген. Сол себепті де осы кезге дейінгі Оңтүстік-Шығыс Азия елдері де «қаздар» стратегиясын жақсы пайдаланып дамып келді. Мәселен, аймақта мануфактура шығаруды жапондар бірінші бастаған. Бара-бара мануфактура шығару қымбаттай бастаған кезде жапондар өз кәсіпорындарын Қытайға, Кореяға, Тайваньға ауыстырып, өздері теледидар мен радио шығару саласына ауысып кетті. Бұл салалардағы шарықтауға қол жеткізген кезде жапондар тағы да өнеркәсіптерді көрші елдерге апарды. Бұл елдер де өсіп-өркендеп, мануфактура, электроника шығаруда Жапониямен иық тірестірген жағдайға жетті. Енді олар да осы өнеркәсіптерді Камбоджаға, Вьетнамға, Лаосқа, Малайзияға ауыстырып, өздері жапондармен бәсеке болатын компьютерлік технология, робототехника, нанотехнология, биотехнология деген салаларға қаржы салып, бәсекеге түсіп жатыр. «Аспанда ұшқан қаздар» саясаты дегеніміз – осы. Ол үшін кемі бір мемлекет бір салада сөзсіз көшбасшылыққа жетіп, кемеліне жеткен соң сол өнеркәсіпті арзан еңбек күші бар көрші аймақтарға беріп, өзі бұдан да зор білім мен технологияны дамытатын салаларға ден қоюы.

Ал біздің аймақта осындай стратегияны іске асыру мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Бірақ ол үшін сенім қажет. Сенімді тудыру үшін әріптестікті ортақ проблемаларды бірге шешуден бастау қажет. Мысалы, су мәселесіне қатысты ортақ ұйым құрып, еңбектенуге болады. Немесе Арал мәселесін шешу барша елдердің мүддесіне сай. Ауғанстаннан шығатын есірткі трафигін бірігіп азайтуға, шектеуге толық мүмкіндік бар. Ол үшін ең алдымен күштік құрылымдар ішіндегі жемқорлықты тыю керек. Немесе гастарбайтерлер мәселесіне ортақ көзқарас қалыптастыру. Аймақта арзан еңбек күшінің болуы Қазақстан үшін тиімді дүние болуы керек. Бұл үшін олардың амандығы мен дұрыс еңбек етуін қамтамасыз ете білгеніміз абзал. Мысалы, кешегідей ел ішінде өзбек гастарбайтерлері автобуста өртеніп өлмеуін қамтамасыз ету бізге де аса тиімді. Немесе біздің аймақ үшін бес-алты ұлттық авиакомпания ұстағаннан аймаққа ортақ бірегей авиаоператорды құрған тиімдірек болады. Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстан бірігіп ортақ авиакомпания құра білсе, оның тиімділігі еселеп артар еді. Тағысын тағы… Айналып келгенде, барша елдердің экономистері, сарапшылары бірігіп, әр елдің мүмкіндіктерін, артықшылықтарын зерделейтін тұрақты алаңдар керек.

«5+1» саясатын кадрлық қамтамасыз ету

О баста осы форматты ұсынған елдің бірі Қазақстан болатын. Яғни Қазақстанның осы форматты сақтап қалуға, дамытуға деген ықыласы мен жауапкершілігі жоғары деген сөз.

Олай болатын болса, алдағы уақытта осы саясатты жүзеге асыру, форматты дамыту мақсатында біршама кадрлық және институционалдық шешімдерді қабылдағанымыз жөн болар еді. Мысалы, Орталық Азия елдерімен қарым-қатынас орнату Қазақстан СІМ-нің сөзсіз басымдығына айналуы тиіс. Бұл саланы арнайы министрдің орынбасары – президенттің арнайы өкілі басқаруы тиіс сияқты. Осы форматқа кіретін немесе жақын елдердің барлығындағы қазақ елшілері ірі тұлға болуы шарт. Орталық Азия елдеріне елші болуы дипломатиялық жаза немесе түрме емес, кадрлық-карьералық мүмкіндікке айналатын жағдай жасау қолдан келетін шаруа. Сыртқы істер министрлігінің құрамында осы бағытты қадағалап-зерттейтін бөлек департамент ашылуы парыз.

Осы форматты дамыту мақсатында ашық-жабық алаңдар, сарапшылар топтары құрылып, олардың дамуына жағдай жасалуы тиіс.

Түптің түбінде еліміздегі беделді бір оқу орнын Орталық Азия университеті қылғанымыз жөн. Онда аймаққа қажетті мамандықтар бойынша факультеттер ашып, гуманитарлық сала, адам капиталы, су мәселесі, денсаулық, ауыл шаруашылығы бойынша барша орталықазиялық елдердің студенттерін оқытуымыз бізге де тиімді болмақ.

Айдос Сарым

 арнайы «Жас Алаш» үшін

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.