Арзан ұпай жинаудың әлегі

1103

Әлемде халықаралық имиджіне ағыл-тегіл ақшаны аямай құйып жатқан екі ел болса, соның бірі Қазақстан екені белгілі. Бірде беделді халықаралық ұйымның төрағалығына сайланып, былайғы кезде жиналмайтын жұрттың басын саммитте қосып жатсақ, енді бірде бюджет пен зейнетақы қорының қаржысын жұмсап, халықаралық көрме өткіземіз. Арасында араздасып қалатын елдерді татуластыратын араағайындықты айтпағанда, соғыстан көз ашпай отырған елдің жағдайын түземекке ұмтылып, Астананы келіссөз алаңына айналдыратын бітімгершілік миссиямыз тағы бар. Кеше ғана мұхит асып, АҚШ президентімен кездескен Н.Назарбаевтың  Солтүстік Кореяның ядролық қаупінен құтқаруға қол ұшын бермек екенін Трамптың өзі айтты. Бұл аздай, айналдырған бір ай ғана төрағалық ететін БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде Ауғанстан мен Орталық Азия елдері бойынша пікірталас ұйымдастырып, көпшіліктің көзіне түсетіндей-ақ тірлік атқардық. Біздің ісімізді көзіне ілген бір адам болса, сол адам БҰҰ төрағасы шығар.  Қазақстанның Ауғанстан студенттерін оқыту үшін 50 миллион доллар бөлгенін сөз еткен БҰҰ төрағасы Антониу Гутерриш мұны Қазақстанның Ауғанстандағы тұрақтылық пен бейбітшіліктің сақталуына қосқан үлесі деп бағалайтынын жеткізді. Бірақ бүкіл әлемді тамсандыратындай-ақ істерді атқарудай атқарып жатсақ та, еңбегімізді елеудің орнына кемшілігімізді бетімізге салық қылып басатындар көбейді. Әнеукүні АҚШ-тың CNBC арнасы өз президенттері Орталық Азиядағы клептократиялық елдің автократ басшысын қабылдағанына назданса, Bloomberg агенттігі Дональд Трамптың компаниясына Қазақстаннан ақша құйылғанын қазбалап әлек. Мұны былай қойғанда, арғы-бергі тарихымызды ақтарып, Қазақстан жемқорлыққа белшеден батқан, адам құқықтарын аяқасты ететін ел деп бар жиған абыройымызды тәрк еткендер табылды. Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Трамптың авторитарлық елдің басшысын қабылдағаны анау айтқандай жаңалық емес, себебі «Авторитарлық басшыларға адам құқықтарын сақтау бойынша талап қоюдан гөрі оларды мақтауға және қонақ етуге бейім Трамптың өзі де ішкі және сыртқы саясатта босқындар, әйелдер денсаулығы, азаматтарды конфликт кезінде қорғауға залалын тигізетін бағытты ұстанады. Сондықтан оның Қазақстандағы адам құқықтарын сөз етпеуі таңғалатын жағдай емес» дейді ұйым. Ары  қарай Назарбаевтың «алдымен – экономика, сонан кейін – саясат» бағытын ұстануы Қазақстанды әділ сайлау өтпейтін, азаматтық белсенділерді қудалаудан көз ашпайтын, сөз бостандығына шектеу қоятын, кішігірім бейбіт наразылық шараларын ұйымдастырушылардың өзін түрмеге жабатын елге айналдырды дейді ұйым. Human Rights Watch есептеуінше, АҚШ-тың осындай елмен экономикалық және қауіпсіздік мақсаттарға бола тығыз қарым-қатынас ұстануға тырысуы таяздық. «Астанамен ұзақ мерзімді қарым-қатынасты Қазақстан адам құқықтары мен әлеуметтік тұрақтылықты, халықаралық міндеттерін қамтамасыз етсе ғана ұстануға болады».

Сондықтан ұйым Қазақстанның мұндай әрекеттеріне көзжұмбайлықпен қарау түбінде АҚШ-тың өзі үшін қауіпті екенін ескертеді.  Себебі Қазақстанда көптеген америкалық компаниялар жұмыс істейді, оларға кво-статусы емес, құқықтық айқындық қажет. Сондықтан бұл елде тәуелсіз саяси институттардың болуы ең алдымен АҚШ-ты алаңдатуы тиіс. Ертеңгі күні алда-жалда 77 жастағы президент биліктен кеткенде әлгі институттар тұрақтылық пен биліктің еркін жолмен ауысуын қамтамасыз етуі тиіс.

Мұның бәрі қанша жерден әлемнің көңілін аулап, сырт көзге жағымды болып көрінуге тырысып-тырмыссаң да, ішің шикі болса, шашқан ақша мен төккен тер зая кететін бос тірлікпен пара-пар екенін әйгілейді. Әсіресе ел ішінде жеті ай бойғы ереуілді елемей, айдың күні аманда өз азаматтарын құтқарып, қорғаудың орнына, керісінше, оқ ататын мемлекеттің әлемді Солтүстік Кореядан құтқаруға ұмтылуы не теңі… Қысқа қайырғанда, Қазақстан халықаралық мәселеге араласқанша, ел ішіндегі мәселесін түзеп алсын деген емеурін бұл.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын еске салған Human Rights Watch қазақ үкіметі осындай мәселелерді шешу үшін әрекет етіп жатқанын көрсететіндей белгі жоқ дейді. Осы ретте ұйым әлемдегі дамыған елдердің мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар Қазақстанмен қарым-қатынас орнатуда аса сақ екенін, орнатқан күннің өзінде, адам құқықтарын күн тәртібінен түсірмейтінін АҚШ-қа ескертеді. Мәселен, 2012 жылы Жаңаөзендегі оқиғаны зерттеуге шақырған Германия канцлері Ангела Меркер «Германияның сыртқы саясаты қай уақытта да демократиялық құндылықтарға негізделгенін, экономикалық мүдде туралы сөз қозғалған жерде адам құқықтары қоса айтылатынын» шегелеп айтқан. Трамп әкімшілігі әзірге Қазақстанды адам құқықтарын сақтауға шақыратындардың қатарынан емес екенін тәптіштеген ұйым Қазақстан мәселесінен хабардар болу Вашингтоннның өзіне қажет екенін баса айтады.

Назарбаевтың халық алдындағы еңбегі тізілген жерде президенттің биліктің айқын ауысу жолдарын айқындамауының салдары ауыр болуы мүмкін екені ескертіледі. Қазақ президентінің Нью-Йоркқа сапарына орай, ағылшын тіліндегі Forbes-та жарық көрген мақала-пікірде Назарбаев географиялық тұрғыдан күрделі аймақта орналасқан елдің басшысы ретінде Ресеймен де, Қытаймен де дұрыс қарым-қатынас орната алғанын, Қазақстан НАТО және Еуроодақтың көмегінсіз-ақ Қырым, Донбасс, Абхазия не Оңтүстік Осетияның кебін құшпағанын президенттің еңбегі ретінде атап өтеді. Бірақ АҚШ-тың ірі мұнай компанияларын елге тарта алған, Астананы Сирия мәселесі бойынша келіссөз алаңына айналдырып, қазақ мұнайын сату үшін Ресей құбырларын ақыға пайдалануға келісе алған президенттің жасы бүгінде 80-ге таяды. Ол кеткеннен кейін билік қандай жолмен ауысатынын ешкім білмейді. «Елде ислам күштері ақырындап белең алып жатыр. Номенклатура өкілдерінің өзі дін мен мафия етене араласып кеткен мешіттерде жүр. Жемқорлық бизнес пен демократияны әлсіретіп, көзі ашық адамдардың наразылығын тудыра бастады», – дейді мақала авторы. Мақала егер Назарбаев еңбегі құрдымға кетпесін десе, ең алдымен осы мәселелерді реттеуі керектігін меңзейді. Расында да, ел ішін реттеп алмайынша, өзге елдердің мәселесін шешіп беремін деу әлем алдында арзан ұпай жинаумен бірдей.

З.ЖЫЛҚЫБЕК

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.