Тіршілік болған соң құран оқылады, жаназа шығарылады. Сондай кездері бес уақыт намазын қаза қылмайтын, «діннен хабары бар-ау» деген тақуа кісілерді немесе ауыл-аймақ білетін молданы шақыра қоятынымыз бар. «Соқыр тауыққа бәрі бидайға» салатын сол әрекетіміз дұрыс емес екен. Дінде де дилетанттардың қаптай бастағанының бір мысалы – Құран сүрелерінің өзі әр жерде әртүрлі оқытыла бастапты. Атырау облысы бойынша дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиевтен білгеніміз, енді жақын арада халық арасынан шыққан молдалар «Иманғали» орталық мешітінде оқытылып, аттестациядан өтпек. Одан бөлек, мұнайлы аймақтың мешіттерінде қызмет атқарып жатқан имамдардың жоғары арнайы білім алуы күн тәртібінде ұсталып отыр. Былтыр демеушілер көмегімен 13 млн теңге бөлініп, бұл қаражатқа 26 адам Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университетінде білім алуда. Білім алып жатқандардың ішінде теолог мамандығын игеріп жатқандар да бар. Соңғы жылдары әйелдер жамағатымен жұмыс істейтін діни қызметкердің қажеттігі байқала түскен. Бұл мәселе де шешімін тауып, бір қыз бала Уфа ислам университетіне оқуға түсіпті. Имамдарды оқыту мешіттердің діни-ағартушылық жұмысының сапасын жақсартады деп есептеліп отыр және ол алдағы уақытта жалғасын таба бермек. Білімді де білікті имамдарды даярлау ісіне елімізде өткен жылы құрылған «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры көп ықпалын тигізіп отыр екен.

Атырау облысындағы дін қызметкерлерінің жетіспеушілігі мәселесі былтырғы маусым айында аймақтық коммуникация қызметінде өткен брифингте арнайы талқыланған болатын. Онда дін істері басқармасының басшысы өңірде 21 наиб-имамның, 21 азаншының орны бос тұрғанын айта келіп,  «Облыстағы діни кадр жетіспеушілігі мәселесін кезең-кезеңмен шешуді жоспарлап отырмыз. Көп ұзамай Түркиядағы оқуларын тәмамдаған жергілікті жастар мен «Нұр-Мүбарак» университетін бітірген түлектер қызметке келеді» деп мәлімдеген-ді.

Аймақтағы діни ахуалға байланысты шешімін күткен тағы бір мәселе – мешіт тапшылығы. Оны байқау үшін жұма күнгі бесін намазының кезінде «Иманғали» орталық мешітінің жанынан жүріп өту жеткілікті. Намазхан ерлер үшін бесін намазын мешітте оқу – уәжіп, әйелдер үшін ол міндетті емес. «Иманғали» мешітінің наиб-имамы Мұрат Мұстафаевтың айтуынша, Атыраудағы бас мешіт 1500 адамға есептелген. Әр аптаның жұмасында келушілер саны екі есеге артып, намазға жығылғандар мешіт ауласынан асып, кейде жанындағы Исатай-Махамбет алаңы жаққа да шығып кетеді. Мұндай кезде имамның айтқан уағызы да жиналғандардың біріне естіліп, біріне естілмейді. Жаздың аптабы мен қыстың аязына қарамастан, мұсылмандық парызын далада өтеп жатқандарға қала тұрғындарының көзі үйренген. Білгеніміз, бұдан басқа, «Әт-Тахуа», «Құспан молда» мешіттерінде де сыртқа шығып кетпегенмен, мешіт іші жұма сайын лық толады. Айтқандай, бір кездері 200-ге тарта адам сыятын «Құспан молда» мешіті жақында күрделі жөндеуден өтіп, ұлғайтылып, 1200 кісіге есептеліп қайта ашылды.

Жасырып қайтеміз, елдің батысында қазіргі күні дін мәселесі өткір тұр. Дәстүрлі исламнан бөлек, теріс діни ағымдарды ұстанушылар саны сирегендей көрінсе де, мүлдем жойылып кеткен жоқ. Сонымен бірге мұсылмандыққа бет бұрғандар қарасы да қалың. Ал мұнайлы астананың намаз оқитын бар жамағатын қабылдауға жұмыс істеп тұрған Алла үйлерінің шамасы жетер емес. Осындай кезде қалада тағы да мешіттер салу жұртшылықтың арасында екіұдай пікір тудыруы бек мүмкін. Облыстық дін істері басқармасының мәліметінше, қалада вокзал маңы, «Балықшы» ықшамаудандары мен Еркінқала селолық округінен мешітке деген қажеттілік туындап отыр. Әйтсе де мешіт ашу оңай іс емес. Оған қойылатын стандарттық талаптардан басқа, бұл аумақтан 300 шаршы метрге дейінгі жерде ешқандай мемлекеттік мекеме, әскери бөлімше, мектеп-балабақша сынды әлеуметтік нысандар орналаспауы тиіс. Ине шаншар орны жоқ шаһардың ішінде мұндай орын табылуы қоюы екіталай.

Құралай ҚУАТОВА

Атырау облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу