Қасымов полицейлерге планшет үлестіре бастады

281

Еліміздің жол сақшылары ғана емес учаскелік инспекторлар да планшетпен қарулана бастады. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов әрбір учаскелік полицейді жеке планшеттік компьютермен қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
Министрдің айтуынша, планшет асынған учаскелік инспекторлар ІІМ-нің орталықтандырылған ақпараттық базаларына оп-оңай кіріп, кез-келген адам туралы мәлімет ала алады. «Мәселен, заң бұзушылықтың жолын кесу кезінде учаскелік инспектор ешқайда бармай-ақ заң бұзған азаматтың есепте тұрған-тұрмағанын тексеріп, әкімшілік өндірістегі істі электронды түрде рәсімдей алады. Мәліметтер базасында қызмет көрсетілетін әкімшілік учаске туралы мағлұматтар үнемі жаңартылып отырады», — дейді Қ.Қасымов.
Сондай-ақ ол азаматтарға ыңғайлы болу үшін интернет-торап құрылатынын айтты. Бұл торап арқылы кез келген адам учаскелік инспекторға онлайн режимде мұңын шағып, жүгіне алады. Сонымен қатар, өз өтінішінің орындалған орындалмағанын бақылап, заң бұзушылықтар туралы дер хабарлап, ұсыныстарын енгізе алады-мыс.
Планшет демекші, осыдан тура жарты жыл бұрын еліміздің жол сақшылары осындай дәстүрді қолға алған болатын. Яғни өткен жылдың 15 шілдесінен бастап полицейлер айыппұлды ескі тәсіл қағаз түріндегі хаттама түрінде емес электронды түрде толтыруға көшкен-тын. Бас прокуратура, ІІМ және Астана әкімдігінің бірлескен бұл жобасы алдымен Астана қаласында қолға алынды. Жыл соңына дейін арнайы бағдарлама орнатылған мұндай ғажайып смартфондар Оңтүстік және Батыс Қазақстан, Қарағанды мен Павлодар облыстарына да жеткізіледі делінген болатын. Айтпақшы, Қасымов бастаған шенділер мұнымен қоймай «тәртіп бұзған адамды сол жерде тұрып-ақ айыппұл төлейтін жағдайға жеткіземіз. Ол үшін жақын аралықта айыппұлды бірден төлеуге мүмкіндік беретін арнайы пост-терминалдар сатып аламыз» деп ант-су ішкені тағы бар. Қыруар қаржы бөлінді. Алайда, нәтижесі не болғаны әлі белгісіз. Содан бері ештеңе өзгерген жоқ. Жүргізушілер жол полицейлері әлі күнге дейін көше қиылыстарын көліктерін қаңтарып қойып бума-бума хаттама толтырып, пытырлатып алатынын алып жатқандарын айтады.
Расында да жол полициясы соңғы кездері біршама жаңалық жасап көрді. Алайда расы керек, басым бөлігі аяқсыз қалып жатқанын айту керек. Мәселен, жемқорлықты жою үшін сақшыларын арнайы кеудеге орнатылған камераман қамтамасыз етті, хаттама тек тоқталылған көліктің қасында толтырылуы тиіс, жүргізуші полицейлердің қызметтік көлігіне немесе керісінше отыруға болмайды, тіптен сақшылардың қауіпсіздігі үшін полицей міндеттемесе тоқталылған жүргізуші көлік иесі машинасынан түсуге болмайды деген ережелер шықты. Алайда ешқайсысы іске асып жатқан жоқ. Планшет мәселесі де солай қалды. Тек ел бюджетіне үлкен салмақ салып кетті.
Айтпақшы, бұл жолғы жоба да арзан болмайын деп тұр. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын бұл жобаның жалпы құны – 2,7 млрд теңгені құрап отыр.
Бүркіт НҰРАСЫЛ

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.