Инклюзивті білім беру жүйесін дамытып, ерекше балаларға өзге оқушылармен қатар білім алатын жағдай жасау – 2011-20 жылдарға арналған білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыты. Инклюзивті білім беру ерекше сұранысы бар балаларды жабық интернаттарда оқытпай, қатарластары барып жүрген кәдімгі мектеп пен балабақшаларда оқытып, қоғамға бейімдеуді көздейді.

Елімізде мүгедек балаларды қоғамнан шеттетпеу, олардың құқықтарын қорғау бастамасы 1990  жылдардың соңынан бері айтылып келеді. Мәселен, дамуында кедергі немесе бір мүшесі кем, мүгедектігі бар балаларға қарапайым сыныпта қатарластарымен бірге білім беру  жүйесі жайлы 90-жылдары аз айтылған жоқ. 2000 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты жаңа білім беру саясаты қалыптаса бастады. Ал инклюзивті білім беру жүйесі 2010 жылы бекітіліп, білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына алғаш рет енгізілді.

Бүгінде ерекше сұранысы бар балалардың саны – 144 783 болса, олардың 96 555-і мектеп жасындағы, қалған 48 228-і мектепке жасына дейінгі балалар. Бүгінде олардың 33 пайызы инклюзивті білім берумен қамтылған. 2019 жылға дейін Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі тәрбие беретін ұйымдардың 30 пайызын инклюзивті білім беру бағдарламасына қосып, ерекше балаларды оқытуға жағдай жасамақ. Осы бағдарлама бойынша, мүгедек балаларға еркін жүріп-тұруға жағдай жасалған мектептер саны жалпы білім ошақтарының 70 пайызына жетуі керек. Бұдан бөлек министрлік психологиялық-педагогикалық коррекция және психологиялық-емдік-педагогикалық кеңес беретін кабинеттер санын арттырмақ.

Ал 2016-17 оқу жылында балабақшалардың 10 пайызында инклюзивті білім беру ендірілген. 3289 мектеп инклюзивті білім беру жүйесіне қосылған. Бұдан бөлек инклюзивті білім беру бойынша еліміздің әр түкпірінде 7 ресурстық орталық іске қосылған. Бұл орталықтар мұғалімдер мен ерекше балалары бар ата-аналарға кеңес берумен айналысады. Ал білім алуға ерекше сұранысы бар балаларға педагогикалық-коррекциялық қызмет көрсететін 13 оңалту орталығы, 149 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 58 психологиялық-емдік-педагогикалық кеңес беру кабинеті жұмыс істейді.

Мүмкіндігі шектеулі ерекше сұранысы бар балаларды оқыту оңай іс емес. Сол себепті мұндай балаларды оқытатын мамандарды даярлауға да көңіл бөлініп келеді. Бүгінде 178 колледж мұндай балаларды оқытатын мұғалімдерді даярлайды. Бұл оқу орындарында 3 мыңға жуық болашақ мұғалім біліп алып жүр. Ал жалпы үш жылдың ішінде 2771 мұғалім инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті өсіру курсынан өтті.

Мүмкіндігі шектеулі, білім алуға ерекше сұранысы бар балалардың бәрі бірдей оқу орындарына барып білім ала алмайтыны түсінікті. Сондықтан мұндай оқушылардың қажеттіліктері ескеріліп, оларға арналған қашықтықтан оқыту жүйесі, электронды оқыту қолға алынған. 2011 жылдан бері үйде білім алатын балалар осындай техникалық-бағдарламалық мүмкіндіктермен қамтылған. Мәселен, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар арнайы қозғалыс құралдары мен арнайы пернетақта, есту мүшесінің аурулары бар балалар есту аппараттары, микрофоны бар дыбыс зорайтқыш жүйесімен қамтылған. Бұдан бөлек мұндай балалар өзгелермен бірдей білім алу үшін принтерлер, оқитын машиналар мен үлкейекіш құралдар, электронды лупалар, экранды үлкейтетін мобильді құрылғылар беріледі. Министрлік мәліметінше, үйде оқитын 6 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала осындай компьютерлік техника және құралдармен қамтылған.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ерекше балаларға білім беріп, қажетті құралдармен қамтамасыз ету – оларды қатарға қосып дамытудың алғашқы қадамы ғана. Ал білім беру жүйесінен бөлек күнделікті өмірде де мұндай жандарды шектемей, оларға көмек көрсету, қоғамға бейімдеу жағы тағы бар.  Бұған енді білім беру жүйесі ғана емес, бүкіл қоғам жауапты. Ал әзірге Білім және ғылым министрлігінің қолынан келері – мұндай балаларға білім алуды қолжетімді етіп, жағдай тудыру.  Алысқа бармай-ақ,  Астанада инклюзиаті білім беру іске асып жатқан №65 мектеп-гимназиясын мысалға алсақ, онда 11 сыныпта инклюзивті білім беріледі. Мұнда есту, көру мүшесінің аурулары бар 20 бала білім алып жатыр. Өз кезегінде осындай мектептерде арнайы парта мен орындық тәрізді  материалдық-техникалық базадан бөлек медициналық көмек көрсететін арнайы құрылғылар орнатылған.

Ерекше балалардың қабылдау мүмкіндігі өзгешеленетіндіктен,  инклюзивті білім беру жүйесіне қосылған мектептерде оларға көбірек көңіл бөлінеді. Алайда бұл өзге балалардың оқу процесіне әсер етпейді. Себебі олардың оқу процесін қатардағы оқушылармен үйлестіру алдын ала есепке алынып, бағдарлама құрылады. Мұндай сыныптарда сабақ беретін мұғалімдер мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеудің жоспарын құрады. Бұдан бөлек мұндай оқушыарға педагогикалық, психологиялық қолдау көрсетіледі. Оқушыға моральдық, психологиялық тұрғыдан көмек көрсететін жетекші тағайындалады. Ондай жетекшілер мүмкіндігі шектеулі балалардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасайды.

Айта кететіні, Білім және ғылым министрлігі мүмкіндігі шектеулі балалардың болашақта қоғамға тезірек бейімделіп, өмірден өз орнын табуына барынша жол ашып жүр. Бұл мақсатта ерекше балаларды алғашқы кәсіби дайындықтан өткізетін арнайы дәрістер өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, жоғары сыныпта оқитын ерекше балаларға арнап шаштараз, маникюр ісі, ағаш өңдеу, безендіру тәрізді істерге баулитын семинар-тренингтер өткізіледі.

Білім және ғылым министрлігі инклюзивті білім беруді салыстырмалы түрде жақында ғана ендіргеніне қарамастан, оның жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мектептегі арнайы техникалық базаны былай қойғанның өзінде, оларға моральдық, писхологияық тұрғыдан көмек көрсете алатын мамандарды тьютор ретінде жұмысқа алу бұл саладағы жұмысты алға бастырды.

Алайда, жасыратыны жоқ, ерекше балаларға тиісті білім берілген күннің өзінде олардың қоғамға бірден сіңісіп кетуі қиын. Ерекше балалардың ата-аналары осы сүреңсіз сеңді бұзып, балаларын қатарға қосқысы келеді. Бірақ көп жағдайда олардың бұл бастамасын қоғам дұрыс түсінбей жатады. Мәселен, инклюзивті білім беретін мектептерде «дені сау балам  неге мүгедек баламен бірге оқуы тиіс» деп наразылық танытқандар да кездеседі. Бала дүниеге солай келгені үшін кінәлі еместігін көпшілік түсінуге талпынбайды. Яғни ерекше балаларды қоғамнан шеттетпеу үкімет пен олардың ата-аналарының ғана емес, жалпы Қазақстан тұрғындарының таным-түсінігіне байланысты. Бір қызығы, батыс ғалымдарының зерттеуінше, жастайынан мүгедек балалармен араласып өскен дені сау балалар мейлінше мейірімді, қамқор болады. Діни қағидаға салсақ та, ерекше балаға қамқорлықпен қарау имандылықтың белгісі емес пе?!

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.