Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек еліміздің өңірлеріндегі әуе тасымалын дамыту мақсатында 16 шағын әуежай салынатынын мәлім етті. «Жергілікті авиацияны дамыту мақсатында қолға алынған бұл жұмыстар былтыр басталған болатын. Нәтижесінде Үржар, Үшарал секілді қалаларда шағын әуежайлар ашылды. Жергілікті авиацияны қолдау үшін субсидия беріп отырмыз. Былтыр Үржарға субсидия берілген болатын. Биыл Үшаралға берілмек. Алдағы екі-үш жылдың ішінде басқа да әуежайлар салынады. Осы мақсатта алдағы уақытта аймақтық санаттағы 20 ұшақ сатып алынады», — дейді ол.
Ол сонымен қатар, болашақта ашылатын жаңа халықаралық бағыттарды атап өтті. «2017 жылдың басынан бері шетелдік және жергілікті әуе компаниялар Астанадан Делиге, Варшаваға, Хельсинкиге, Будапештке, Пекинге, Ереванға, Киевке, Батумиге, Минералды суларға, Сианьға 10 жаңа халықаралық әуе бағытын ашты. Биылғы жылы да Астанадан Түмен, Краснодар, Вильнюс, Томскі, Челябі, Сочи, Батуми және Душанбе қалаларына рейстер ашуды жоспарлап отыр» деп атап өткен ол Air Baltic, Emirates, Fly Dubai, Ангара, Аэрофлот секілді шетелдік компаниялар Рига – Алматы, Дубай – Алматы, Дубай – Ақтау, Краснояр – Алматы, Мәскеу – Қызылорда рейстерін ашуға ниеттеніп отырғанын мәлім етті.
Бүркіт НҰРАСЫЛ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.